АЛМАТЫ. 9 қаңтар. Qyzdar Ýnıversıteti – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасына сұхбат берді.

Оқу орнының басшысы сұхбат барысында Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында қарастырылған жоғары білім беруге қатысты, педагог мәртебесі жайындағы сауалдарға жауап берді.

– Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы – жетістікке жету жолын табу үшін нендей жұмыстар істелуі қажеттігін айқындау жолындағы маңызды әрі айтулы қадам. Елбасы жариялаған басымдықтар мен міндеттер Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және технологиялық тұрғыда жаңғыртудың логикалық жалғасы іспеттес. Еліміз егемендік жылдарында үнемі жаһандық жаңа үрдістерді қолдап келеді. Мақсат – айқын. Халықтың әл-ауқаты мен тұрмыстық әлеуетін арттыру. Биылғы Жолдауды, әсіресе, еліміздегі ұстаздар қауымы зор қуанышпен қарсы алды, – деді Г. Алдамбергенова.

Сонымен қатар университет ректоры оқу орнына «Ұлттық» статусы берілуі турасында, білікті де бәсекеге қабілетті педагогтар дайындау тұрғысында білім ордасында атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде де атап өтті.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қыздар университетіне келген сапарында: «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» деп атап өтіп, оқу орны ұжымының алдына нақты міндеттер қойған болатын. Осы орайда тағылымды тәрбие мен өрісті білімнің іргелі ордасы атанған, көзіқарақты зиялы қауым «ізеттілік пен үлгі-өнеге отауы» деп ат қойып, айдар таққан білім мен ғылымның қарашаңырағы өз қызметінде қазақстандық патриотизмді, Елбасының «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын басты бағдар ретінде ұстайтынын атап өткен абзал. Бүгінде университет отандық жоғары оқу орындары арасында үлкен беделге ие болып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады, – деп атап өтті университет басшысы.

Сондай-ақ сұхбатқа Қазақстан жас педагог-ғалымдары Қауымдастығының мүшесі, Қыздар университетінің оқытушысы Шахислам Лайсханов та қатысты. Ол жас ғалымдар тарапынан қолға алынып жатқан жобалар жайында айтты.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.