АЛМАТЫ. 14 қаңтар. Qyzdar Ýnıversıteti – 2019 жылғы маусым айының 13-15 күндері аралығында Әзірбайжанның Баку Еуразия университетінде Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумы өтеді.

Алтыншы рет ұйымдастырылып отырған алқалы жиынға Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Башқұртстаннан ғалымдар, жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің мамандары қатысады деп күтілуде.

Симпозиумның басты мақсаты –  әлемдегі ғылым, білім саласында түркі әлеміне қатысты зерттеу жасап жүрген ғалымдардың басын қосып, ғылыми бағытта пікір алмасуды қамтамасыз ету, жаңа ғылыми зерттеулерге жол ашып, түркі әлемі әдебиеті мен мәдениетінің кеңеюіне ықпал жасау.

– Басқосуда ғалымдар педагогика, тіл, әдебиет, тарих, мәдениет, өнер, халықаралық қатынастар, экономика, философия, әлеуметтану, гендерлік т.б. мәселелер және жаратылыстану ғылымдары саласында пікір алмасып, болашақта түркі әлемінде ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру турасында уағдаласпақ. Симпозиум түбі бір түркі халықтарының бір-бірімен бас қосуына, қарым-қатынастарының нығаюына сеп болып, әлемде бейбітшілік пен тыныштықтың қамтамасыз етілуін мақсат етеді, – дейді шара ұйымдастырушылары.

Симпозиум «Тіл, әдебиет тарих», «Аймақтық мәселелер, халықаралық қатынастар», Білім, мәдениет, өнер, байланыс» және «Бизнес, экономика» бағыттары бойынша өткізілмек. Симпозиумның ресми тілдері  түркі тілдері.

Симпозиум аясында жарық көретін ғылыми журналға мақалалар 2019 жылғы 19-сәуірге дейін қабылданады. Қабылданған мақалаларды ақпараттық хабарлау мерзімі 2019 жылғы 3-мамырға дейін. Тіркеудің соңғы күні – 2019 жылғы 10-мамыр. Мақаланың толық мәтінін жіберу Симпозиумның www.utudas.org ресми сайты арқылы жүзеге асады.

Айта кетейік, Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Баку Еуразия университеті және М. Акмулла Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің қолдауымен ұйымдастырылатын Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумы алғаш рет 2014 жылғы 18-21 наурыз күндері аралығында өткен болатын. Сонымен қатар шара аясында аталған жоғары оқу орындарының студенттерінің ұйытқы болуымен «Түбіміз бір Түрікпіз» фестивалі да тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

 

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.