АЛМАТЫ. 11 ақпан. Qyzdar Ýnıversıteti – 9-ақпан – есімі қалың қазаққа кеңінен таныс ұлы ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Осыған орай Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің мұрындық болуымен «Есіңе мені алғайсың…» атты жыр алыбын еске алу кеші өтті.

Аспантаудың ақиық ақынының Алматыдағы ескерткішінің алдында ұйымдастырылған жиында Қыздар университетінің студенттері поэзия падишасының өміршең өлеңдерін орындап, жүрекжарды жырларын тебірене оқыды.

Дәстүрге айналған тағылымы мол, айтары зор шараға Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып, С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің басшысы, ақын Әділғазы Қайырбеков, Мұқағали Мақатаевтың ұлы Жұлдыз Мақатаев, келіні Бақытгүл Айдарова, әдебиет сүйер қауым және оқу орнының ұжымы мен студенттері қатысты.

Қазақ әдебиеті кафедрасы мен Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі департамент ұйытқы болған жиынның ресми бөлімінде ұлы ақынның ескерткішінің алдына гүл шоғы қойылып, кеш шымылдығын Бауыржан Жақып ашты. Ол жыр шайырының шығармаларын жастар арасында кеңінен дәріптеу тұрғысында қолға алынған игілікті істің мәні мен маңызы турасында ой қозғап, Мұқағали мұрасының мәңгілік екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ университет ұжымына шынайы ризашылығын жеткізді. Ал, Әділғазы Қайырбеков Мұқағали Мақатаевтың қазақтың қабырғалы қаламгерлерімен қарым-қатынасы жайында кеңінен әңгіме қозғады. Ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев пен келіні Бақытгүл Айдарованың әсерлі естеліктері жиын ажарын аша түсті.

Сонымен қатар поэзия кеші барысында Қазақ әдебиеті кафедрасының жанынан ашылған «Назқоңыр» үйірмесінің мүшелері Алатаудай асқар таланттың туындыларын орындап, сахналық қойылымды жұртшылық назарына ұсынды. Ақынның мәңгілік ғұмырға айналғанының тағы бір айқын дәлелі, жыл сайын туған күні қарсаңында еліміздің барлық аймағында Мұқағалиға арналған әдеби кештердің үздіксіз өткізілуі. Бұл үрдіс ешкімнің міндеттеуінсіз, жүрек қалауымен жүзеге асып жатқандығы таңданыс туғызатыны рас.

– Жыр дүлдүліне арналған мүшәйралар мен ән кештері жылдан жылға жалғасатыны сөзсіз. Ақын өзінің күнделігінде «Мен ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Одан кейінгі ұрпақтың да туысымын» деген екен. Келешекті болжап кеткендей болған ақын көре­гендігіне еріксіз таңданасың. Расымен де жаңа мыңжылдықтың ұрпақтары ақын­ның құрда­сына һәм сырласына айналған. Оған жыл сайын білім мен ғылымның қарашаңырағы Қыздар университетінде өтіп жүрген дәстүрлі «Мұқағали оқулары» атты жыр жиыны нақты дәлел бола алады, – дейді шара ұйымдастырушылары.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

 

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.