АЛМАТЫ. 11 ақпан. Qyzdar Ýnıversıteti – Ғылыми жұмыстың сапасын қалай арттыруға болады? Science Direct платформасының қандай мүмкіндігі бар? Scopusтегі  индекстелетін мақалалар туралы деректердің нақтылығы мен өзектілігі неде? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде «Elsevier» компаниясының Қазақстандағы өкілі Сания Өмірзақова Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессор-оқытушыларына семинар-тренинг өткізді.

С. Өмірзақова «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері. Ол аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша АҚШ-тың Урбана-Шампейндегі Иллинойс университетін «Экономика» мамандығы бойынша бітірген. Бүгінде Нархоз университетінің Ғылым бөлімінің бас маманы болып істейді.

Тренингте Scopusтегі  индекстелетін мақалалар туралы деректердің өзектілігі мен нақтылығы, жоғары Хирш индексі бар мақалалар және оларды сілтеме ретінде пайдалану жолдары, Science Direct платформасының мүмкіндігі, ғылыми, техникалық және медициналық журналдар мен кітаптардың толық мәтінді жиналымдарына қол жеткізу туралы тың мәліметтер айтылды. Сонымен қатар Mendeley, Refworks, Endnote анықтамалық басқару жүйелеріне деректерді экспорттау есебінен зерттеудің маңызы мен Google Scholarда іздеу тиімділігі де қаузалды. Жиын аясында Қыздар университетінің оқытушылары мен докторанттарына Scopus базасында қажетті ресурстарды іздеудің жолдары да көрсетілді.

– Ғылым жолын жаңа бастаған ғалым үшін ғылыми жұмыстың басты мақсаты жаңа білім беру немесе табиғатта, қоғамда және адамдық ойлауда белгілі бір ғылыми құбылыстардың жаңа заңдылықтарын, қасиеттерін, өзара тәуелділігін анықтау деп ұғуы мүмкін. Десе де бұл ізденушіге аздық етеді. Ол өз саласы бойынша жарық көрген классикалық еңбектермен жете танысып, зерттеулердің жаңа нәтижелерін зерделеп, өз тақырыбына терең және жан-жақты кіріскені абзал. «Жазу үшін оқу керек» деген пайым ғылым төңірегінде жүрген мамандар үшін де, ғалымдар үшін де әрдайым үлкен маңызға ие. Сондықтан да ғалымдардың кәсіби дағдыларын жақсарту және олардың ғылыми деңгейін арттыру үшін осы сияқты жиындардың маңызы ерекше, – дейді шара ұйымдастырушылары.

«Ғылыми бейсенбі» жобасы аясында ұйымдастырылған тренинг соңында қатысушылар лекторға тақырып төңірегінде сауалдар қойып, тың мәліметтер алды.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti