АЛМАТЫ. 12 ақпан. Qyzdar Ýnıversıteti – «Jetistikke jetken jastar» медиа жобасының кезекті кейіпкері Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Өнер және мәдениет факультетінің 2-курс студенті Қырмызы Уәлиева.

Ол қандай жетістікке жетті? – Қырмызы Уәлиева «Менің Қазақстаным» атты Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындаудан Республикалық дарынды балалар мен жасөспірімдер байқауында «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша 1-орынға ие болды.

Байқаудың деңгейі қандай? – «Менің Қазақстаным» атты Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындаудан Республикалық дарынды балалар мен жасөспірімдер байқауына қатысуға еліміздің барлық аймағынан 100-ге жуық өтініш келіп түскен. Бірнеше кезең бойынша ұйымдастырылған өнер сайысында Қ. Уәлиева жоғары топта өнер көрсетіп, орындаған әні қазылар алқасы тарапынан жоғары баға алды. Ол байқауда Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Өмір – өзен» әнін орындады.

Қырмызы Уәлиева тағы қандай табысқа қол жеткізді? Ол Қостанай облысының Торғай қаласында дүниеге келген. Бүгінде Қыздар университетінде «Музыкалық білім» мамандығы бойынша оқиды және оқу орнының студенттерінен құралған «Ұлар» этно-фюжн ансамблінің мүшесі. Бойжеткен бұған дейін Халықаралық «Бозторғай» балалар шығармашылығының байқауына қатысып, лауреат атанған болатын.  

Оның қандай мақсаты бар? Өнер – менің өмірім. Білім мен ғылымның қарашаңырағы – Қыздар университетінің қабырғасында білімді де білікті ұстаздардан дәріс алып, еліміздің мәдениет саласының өркендеуіне тамшыдай болсын өзіндік үлесімді қосуды мақсат тұтамын, – дейді Қырмызы Уәлиева.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti