АЛМАТЫ. 14 ақпан. Qyzdar Ýnıversıteti – 2019 жылғы 11-наурыз күні Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің 50 жылдығына орай «Аңызға айналған «Айгүл» атты өнер ұжымының шығармашылық кеші өтеді.

Кешке ансамблдің әр жылдардағы мүшелері, отандық эстрада жұлдыздары мен танымал мәдениет қайраткерлері қатысады деп күтілуде.

Кешке Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Түлектер ассоциациясы мен Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры қолдау көрсетті. Бас ақпараттық демеуші – «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы.

Өнер ұжымы өткен ғасырдың 60-жылдары құрылды. Ансамбль аз уақыт ішінде әсем әндерімен, музыкалық жоғары талғамымен өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Биыл 75 жылдық мерейтойына атап өткелі отырған, жақында ғана «Ұлттық» мәртебесін алған Қыздар педагогикалық университетінің студенттерінен құралған ансамбль жартығасырлық төл тарихында әлемнің көптеген мемлекеттерінде өнер көрсетті. Бұл – ұлт мәдениетінің танылуына және дамуына елеулі үлес қосқаны рас. 

Даралығымен, шынайы шеберлігімен танылған «Айгүл» аз уақыттың ішінде төл өнеріміздегі жағымды құбылысқа айналды. Әр қазақтың жүрегіне ұлт мәдениетіне деген сүйіспеншілікті оятты.

Қазақ өнерінің тарихында тек қана қыздардан құралған алғашқы вокалды-аспаптар ансамблі 1969 жылғы 8-наурызда Қазақ қыздар педагогикалық институтының жанынан құрылды. Қаймана қазақтың ыстық ықыласына бөленген ансамблге әр жылдары мәдениет майталмандары жетекшілік жасап, оның шығармашылығының өрістеуіне ұйытқы болды. «Айгүл» әлемнің 10-нан астам елінің үлкен сахналарында өнер көрсетіп, жаһан жұртшылығына музыканың құдіретін мойындатты. Қазақ атын танытты. Ұлт мәдениетін дамытты. Өнерпаздардың ерен еңбектері ескерусіз қалмады. Шоқтығы биік мемлекеттік сыйлықтармен марапатталып, «Халықтық шығармашыл ұжым» атағына ие болды. Бірнеше байқауларда «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шығып, үздік атанды. Жарты ғасыр бойы тыңдармандарын сырлы да әсем әндерімен қуантып келе жатқан ансамбль бүгінде де өз биігінен түспей, шығармашылық ізденіс үстінде.

75 жылдық тарихы бар білім мен ғылымның қарашаңырағы, ұлағат ұясы Қыздар университетінің ұлт руханиятының алтын қорына қосқан қомақты үлесінің бірі – осы «Айгүл» ансамблі.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

 

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.