АЛМАТЫ. 11 сәуір. Qyzdar Ýnıversıteti – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Физика және «Төртінші индустриялық революция» тақырыбында қалалық пікірсайыс ойындары өтті.

Жаңа мыңжылдықтағы жаңашылдықтар қаузалған шараға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Алтын сапа», Нархоз университетінің «Таңдаулы экономистер одағы», Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Зиялы қазақ», Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Парасатты Нағыз Лидерлер Одағы» пікірсайыс топтары мен Алматы техникалық университетінің студенттері қатысты.

Физика кафедрасының меңгерушісі Гүлбану Қаптағайдың айтуынша, зияткерлік сайыс британдық парламент форматында жүргізілді.

– «Рухани жаңғыру» жобасының басты мақсатының бірі – бәсекеге қабілеттілік. Ал цифрлы қоғамда бәсекеге қабілетті азамат болу үшін ең алдымен, жаңа сандық технологияларды еркін меңгерген адам болуың шарт. 3D принтермен түрлі жабдықтарды шығару, өндірісте роботтарды кеңінен қолдану, жаңа материалдарды қолданысқа енгізу бүгінгі күнде кеңінен тарап келеді. «Өндірістегі «роботтар тек алып өндірістерде жұмыс жасайды. Мысалы, автозауыттарда» деген қисынсыз пікірді теріске шығарып, саналы «темір адамдарды» барлық салада кеңінен қолдану мүмкіндігін жете ұғынуға тиіспіз. Физика кафедрасының ұйымдастыруымен алғаш рет өтіп отырған сайыста жастар осы тақырыпты талқылап, өздерінің пайымды ойларымен бөлісті, – деп атап өтті Гүлбану Қаптағай.

Пікірсайыста Төртінші индустриялық революцияның мақсаты мен болашағы турасында мол мәлімет берілді. Шарада оның адамзатқа тигізер зардабы мен пайдасы жайында да айтылды.

Сонымен қатар аталған кафедраның бастамасымен «Физика «Төртінші индустриялық революция» ұйытқысы» атты робототехника көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Құрал-жабдықтарды «Smart Physics» үйірмесінің мүшелері құрастырған.  

– Адамзат баласы төртінші индустриялық революция заманына көшкелі бері компьютерлік технологиялардың да даму қарқыны арта түсті. Ал қазіргі уақыт деңгейінде компьютерлердің биік дәрежеге көтерілуі мен адам санасын алмастыратын роботтардың пайда болуы бәсекелестікті тың бағытқа бастады. Біз бүгін баршамыздың өмірімізді де, жұмысымызды да, күнделікті қарым-қатынасымызды да түбегейлі өзгертетін алапат индустриялық революцияның бастауында тұрмыз, – деп өз ойымен бөлісті физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Ажмұқан Жамалов.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.