АЛМАТЫ. 6 мамыр. Qyzdar Ýnıversıteti – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова оқу орнының ұжымын Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.

Құрметті әріптестер!

Баршаңызды шебі бүтін, шекарасы берік қасиетті Қазақ елін қорғайтын Қарулы Күштеріміздің құрылған күнімен және Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын!

Біздің қайсар халқымыз отан қорғаушыларды өрлік пен ерліктің, намыс пен қайраттың, ұлтжандылық пен батылдықтың үлгісі деп санаған. Отандастарымыз ел басына күн туған қиын-қыстау замандарда өз бостандығы мен өмірін қиған қаһармандардың жанқиярлық ерлігін ешқашан да ұмытпайды. Өйткені, нағыз ердің есімі – елдің есінде қала бермек.

Халқымызда «Өткенін ұмытқан – өшкендіктің белгісі, өткенін еске алған – өскендіктің белгісі» деген сөз бар. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген Отан қорғаушылар күні – кешегі батыр бабалардың даңқты жолы мен Отанға адал қызмет ету дәстүрін тоғыстыратын мейрам.

Бұл мереке – болашағы баянды мемлекет құру жолындағы әскеріміздің айбынын асырып, сарбаздарымыз мен сардарларымыздың мерейін тасытатын күн.

Бұл дата – ерлік пен батылдықтың өлшеусіз үлгісін көрсеткен, елді қорғау жолында от пен оқтың арасынан өткен жауынгерлердің рухының алдында тағзым етіп, басымызды иетін күн.

Егемен мемлекетіміздің төл тарихында ерекше орын алатын маңызды мерекемен құттықтай отырып, баршаңыздың шаңырағыңызға баянды бақ пен береке, еңбектеріңізге толайым табыс тілеймін!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор

 

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.