АЛМАТЫ. 11 маусым. Qyzdar Ýnıversıteti – Маусым айының 13-15 күндері Әзірбайжан астанасы Баку қаласында Халықаралық Түркі әлемі зерттеулері симпозиумы өтеді.

Алтыншы рет ұйымдастырылатын алқалы жиын бұл жолы Баку Еуразия университетінің мұрындық болуымен өтпек. Дәстүрлі шараның ресми бөлімі 13-маусым күні Баку қаласындағы «Caspian Business Hotel» қонақ үйінің конференц залында ашылады.

Қыздар университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асанның айтуынша, басқосуға Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан мен Башқұртстаннан 400-ге жуық ғалым, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатыспақ. Оның ішінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінен 30-дан астам ғалым мен қызметкер бар.

– Әлемдегі ғылым, білім саласында түркі әлеміне қатысты зерттеу жасап жүрген ғалымдардың басын қосып, ғылыми бағытта пікір алмасуды қамтамасыз ету, жаңа ғылыми зерттеулерге жол ашып, түркі әлемі әдебиеті мен мәдениетінің кеңеюіне ықпал жасау Симпозиумның басты мақсаты, – деп атап өтті Жандар Асан.

Басқосуда ғалымдар педагогика, тіл, әдебиет, тарих, мәдениет, өнер, халықаралық қатынастар, экономика, философия, әлеуметтану, гендерлік т.б. мәселелер жайында және жаратылыстану ғылымдары саласында пікір алмасып, болашақта түркі әлемінде ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру турасында уағдаласпақ. Симпозиум түбі бір түркі халықтарының өзара ынтымақтастығының нығаюын, әлемде бейбітшілік пен тыныштықтың қамтамасыз етілуін көздейді.

Симпозиум «Жаһандық бәсекеге қабілетті филолог маман даярлаудың қазақстандық және әлемдік тәжірибесі», «Рухани жаңғыру: әдебиет арқылы ұлттық сананы кемелдендіру», «Жаһандық білім беру жүйесі: әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді жаңаша оқыту әдістемесі», «Латын графикасы: тарихы, теориясы және оқыту әдістемесі», «Түркі қауымы: тарихы мен мәдениеті», «Қазіргі замандағы білім беру үрдісінің ұлттық және халықаралық даму тенденциясы» және «Түркі тілдес мемлекеттердегі гендерлік білім берудің өзекті мәселелері» бағыттары бойынша өткізілмек. Симпозиумның ресми тілдері  түркі тілдері.

Айта кетейік, Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Баку Еуразия университеті және М. Акмулла Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің ұйытқы болуымен Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумы алғаш рет Түркияның Өмер Халисдемир университетінде 2014 жылдың 18-21 наурыз күндері аралығында өткен болатын. Сонымен қатар, шара аясында аталған жоғары оқу орындарының студенттерінің қатысуымен «Түбіміз бір Түрікпіз» фестивалі да тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.