АЛМАТЫ. 15 тамыз. Qyzdar Ýnıversıteti – Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің құрылған күні. Оқу орны осыдан 75 жыл бұрын, яғни 1944 жылғы 15 тамызда ҚазССР Халық Комиссарлар Кеңесінің қазақ қыздарынан жоғары дәрежелі мамандар даярлау туралы №457 қаулысы негізінде институт болып ашылды.

Сол жылдың қыркүйек айында институтта Физика-математика, Тіл-әдебиет және Тарих факультеттері ашылып, 100 студент оқуға қабылданды. 1944 жылы институттың үш факультетінде қызмет еткен ең алғашқы 20 оқытушының бесеуі ғылым кандидаты, сегізі аға оқытушы және жетеуі оқытушы болды.

Еліміздің шалғай аудандарындағы қыз балаларын жоғары білім алуға тарту, оларды рухани биік, парасатты, білікті мамандар етіп тәрбиелеу арқылы әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатымен ашылған білім ұясының бұл кезеңі ел тарихының елеулі, қиын да сұрапыл екінші дүниежүзілік соғыс кезімен тұспа-тұс келді.

Қарашаңырақтың ашылуына Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Омаров, Жұмабай Шаяхметов, Нұртас Оңдасынов, Әлкей Марғұлан, Нығмет Сауранбаев, Қажым Жұмалиев, Ахмет Жұбанов сынды ұлтымыздың даңқты перзенттері үлкен қолдау көрсетіп, «Тәңір жазса бұл институт қазіргі және болашақтағы қазақ қыздарының үлкен шамшырағы болады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі ешқашан сөнбесін» деген ақжолтай тілегін білдірген.

75 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бүгінде еліміздің жоғары білім беру жүйесінде өзіндік дара орны, айрықша беделі бар. Оқу орны құрылған күнінен бастап-ақ отандық білім беру мен ғылымның жарқын үлгісі, кәсіби білікті ғылыми және педагогикалық мектептердің бастау көзі болды.

Қыздар университеті ғасырға жуық уақыт аралығында өзінің қалыптасуы мен дамуы жолынан өтті. Ұлт зиялылары қызмет атқарған ұлағат ұясында мыңдаған білікті маман даярланып, армандарын асқақтатып, қияға қанат қақты. Айтулы ғалымдарымыз түрлі ғылым салаларына қатысты іргелі зерттеу еңбектерін осы университет қабырғасында жазып, ел игілігіне айналдырды.

Еліміздің дамуына зор үлес қосып келе жатқан оқу орны бүгінде Қазақстанның жоғары білікті кадрлар даярлайтын негізгі орталығының біріне айналып отыр. Еліміздегі білікті мамандар мен талантты ғалымдардың, дарынды ұстаздардың үлкен тобы осы киелі шаңырақтан шыңдалып шығып, Отанымыздың өсіп-өркендеуі жолында жемісті еңбек етіп жатыр. Университеттің 75 жылдық төл тарихында оқу орнын 60 мыңнан астам түлек бітірді.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 2008 жылғы 22 қыркүйектегі №531 бұйрығы негізінде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына «Университет» мәртебесі берілсе, Қазақстан Республикасының  Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 25 желтоқсандағы Жарлығымен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне «Ұлттық» мәртебесі берілді. Бұл тарихы терең ұлағат ұясының әлемдік білім кеңістігінде өз орнын айқындауға бағытталған іргелі қадам болды. Елбасының сенімі оқу орнының әлеуетін көтеріп, бәсекеге қабілеттігін арттыруға серпін береді және ұжымға зор жауапкершілік жүктейді.

Нұрсұлтан Назарбаев университетке келген сапарында: «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» деп атап өткен болатын. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басты мақсаты – білікті, жоғары моральді және кәсіби қасиеттерді иеленген тұлғалар даярлау. Ордалы оқу орнының ұжымы бүгінде осы құндылықтарға сүйене отырып жұмыс жасауда.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.