НҰР-СҰЛТАН. 15 тамыз. Qyzdar Ýnıversıteti – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова «Қазконтент» медиахолдингіне қарасты «Kaztube.kz» бейне-порталына сұхбат берді.

Қазақстандық білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі Тамыз конференциясы қарсаңында өткен сұхбат барысында оқу орнының басшысы Білім және ғылым министрлігінің бастамалары, педагог кадрларды даярлаудағы жаңашылдықтар мен қыздар тәрбиесі жайында кеңінен әңгімеледі.

– Жақында Асхат Қанатұлы алматылық жас ғалымдармен жүздесті. Жиынға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жанынан құрылған Қазақстан жас педагог-ғалымдары Қауымдастығының мүшелері де қатысып, өздерінің қолға алып жатқан жобалары туралы айтты. Осы орайда айта кетейін, өткен жылдың сәуір айында Қыздар университетінің бастамасымен құрылған ұйым бүгінде бірқатар ілкімді істерге, жаңашыл бастамаларға ұйытқы болып келеді. Қазіргі таңда Білім және ғылым министрлігі ашық саясат жүргізіп келеді. Оған баршамыз куәгерміз. Ведомство жас ғалымдардың басын біріктіріп, Жас ғалымдар кеңесін құруды ұйғарып отыр. Оған 40 жасқа дейінгі танымал ғылым өкілдері мүше бола алады. Бұл кеңестің айтарлықтай салмақты өкілеттігі болады. Осы орайда айта кетейін, министрлік 2025 жылға дейінгі білім беру мен ғылымды дамыту жөніндегі бағдарламаны әзірлеп жатыр. Бұл жұмыстарға көптеген жастар мен мұғалімдер шақырылып, өздерінің ұсыныстарын айтуда. Жалпы алғанда, бұл орган ғылымды дамытуға белсенді көмектеседі деп ойлаймыз, – деді Гаухар Алдамбергенова.

Қыздар университетінің ректоры білім беру саласындағы жемқорлықпен күрес ерекше қарқын алғанын да атап өтті.

– Министрліктің ұйытқы болуымен жоғары оқу орындарында Жобалық кеңсе мен «Адалдық алаңы» сияқты жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мақсат –  білім саласында жемқорлықпен күресті күшейтіп, жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру. Осы орайда айта кетейін, жақында алматылық білім беру саласының қызметкерлері Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылығымен кездесті. Басқосу барысында отандастарымыздың жемқорлыққа қарсы дүниетамын арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясатты қолдауға һәм дамытуға Қыздар университетінің профессор-оқытушылары мен қызметкерлерінің және білім алушыларының қосып отырған үлесі, оқу орнында қолға алынған іс-шаралар кеңінен сөз болды. Атап айтқанда, кеңесте бірінші курс студенттеріне арналған бейімдеу апталығы аясында олардың жемқорлыққа төзбеушілікке үндейтін арнайы кешенді жұмыстар жүргізілуі қажеттілігі айтылды. Бұл ұсынысымыз агенттік төрағасы Алик Шпекбаев тарапынан қолдауға ие болды. Бұл үшін ол кісіге ризашылық білдіреміз. Бір бұл ғана емес. Жуырда университет жанынан ситуациялық-мониторингтік орталық ашылды. Бұл бастама оқу орнындағы жемқорлықпен күреске ерекше серпін береді. Тағы бір ерекше атап өтетін нәрсе, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің тәрбие, оқу және ғылым үдерісінде әдептілік қағидаларын сақтау басты назарға алынған. Бұл тұрғыда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» атты пән оқу бағдарламасына енгізілді. Аталған пән студенттердің саналы түрде және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастырады, – деді өз сөзінде университет басшысы.

Гаухар Алдамбергенова Қыздар университетінің оқу үдерісіне енгізілген «Қазақ аруы» курсының ерекшелігін баяндап, қыз бала тәрбиесі төңірегіндегі пайымды ойларымен де бөлісті.

– Университетте «Қазақ аруы» атты курс оқу үдерісіне енгізілген. Ұлт болашағын тәрбиелеуге сүбелі үлес қосатын болашақ мұғалімдердің сан қырлы болуына, олардың қоғамдағы әлеуметтік және отбасындағы этноәлеуметтік рөлдерді мүлтіксіз атқаруына себепкер болуына «Қазақ аруы» курсының тигізер септігі зор деп ойлаймыз. Бүгінгі күннің талабына сай тұлғаны қалыптастырудың өлшемдері басқаша. Құндылықтар да өзгеріп барады. Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Қыз бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қараған ләзім. Бүгінгі қазақ бойжеткендері ертеңгі еріне адал жар, перзенттерінің салиқалы анасы. Олардың бойында тағылымды тәрбие болғанын қалайтынымыз белгілі. Ұлт болашағын тәрбиелеуге сүбелі үлес қосатын болашақ мұғалімдердің сан қырлы болуына, олардың қоғамдағы әлеуметтік және отбасындағы этноәлеуметтік рөлдерді мүлтіксіз атқаруына себепкер болуына «Қазақ аруы» курсының тигізер септігі зор деп ойлаймын. Ордалы оқу орнының студенттері болашақ ұстаз, отбасының ұйытқысы. Қазақтың «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең – қызыңды тәрбиеле» деген сөзінің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Қыз – болашақ ана, қыз – отбасының ұйытқысы, қыз – асыл жар. Бүгінде ұрпақ тәрбиешісі ретінде әспеттелер болашақ мұғалімдерді ата-анасынан алған тәрбиесін оқу ордасындағы тәрбиемен шебер сабақтастыра білу кез келген білім ордасынан кездестіре білмейсіз. Ұжым өз қызметінде ғұлама ғалым әл-Фарабидің: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген дана сөзін басты ұстаным ретінде пайдаланады, – дейді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры.

Гаухар Алдамбергенованың айтуынша, бүгінгі күні жоғары оқу орындары бәсекеге сай білім беру бағдарламаларын дайындауда. Осы орайда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде бакалавриат бойынша 50 білім беру бағдарламасы жаңартылған мазмұн бойынша даярланған.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

 

 

 

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.