АЛМАТЫ. 3 қыркүйек. Qyzdar Ýnıversıteti – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің биылғы 1-курс студенттеріне арналған «Бейімделу апталығының» екінші күні білімгерлер семинар-тренингтерге қатысып, оқу орнының көрнекі нысандарымен танысты.

Атап айтқанда, студенттер Қыздар университетінің «Жан шуағы» психологиялық орталығының қызметімен танысты. Бұл жерде мамандар бойжеткендерге ақыл-кеңестерін беріп, психологиялық бағыттағы жобаларды іске асырады. Жылына орталық орташа есеппен алғанда 5 мыңға жуық студентке қызмет көрсетеді. Сондай-ақ шара аясында Педагогика және психология факультетінің оқытушысы Ділдә Сақтағанова «Ұлттық генофонд сақтаушысы қыздар тәрбиесінің өзегі», «Оқытуға бейімділік» / «Құруға бейімділік» тақырыптарында семинар-тренинг өткізді.

Дәл осы күні студенттер сонымен қатар «Ақтұмар» тарихи-этнографиялық музейі мен «Art Дара» галереясындағы жәдігерлермен, өнер туындыларымен танысты.

«Ақтұмар» музейі 2002 жылғы қараша айында құрылған. Кешен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес дәстүрлі, мәдени-рухани құндылықтар арқылы студент жастарға елінің тарихын, тілін және көп ұлтты Қазақстанның тарихын құрметтеу қасиеттерін қалыптастыру мақсатында қызмет атқарады. Музей қорында оқу орнының құрылған уақтысынан бастап сыр шертетін жәдігерлер мен сирек фотосуреттер орналасқан. Олардың қатарында Қыздар университетінің қалыптасуы, дамуында еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ректорлардың еңбектері, білім ордасының даңқты түлектері туралы ақпарат бар. Сондай-ақ музей экспозициясында қазақ мемлекетінің қалыптасуындағы қазақ әйелінің рөлі – көне заманнан қазіргі заманға дейін тыныс-тіршілігі көрсетілген.

Музей «Аналар ұлағаты – елге аманат», «Университет тарихы», «Әйел әлемі» этно-коллекциясы», «Әйелдер шығармашылығы» және «Әйелдердің қоғамдағы рөлі» атты бөлімдерден тұрады. Мәдени кешенде экскурсиялар, студенттер мен түлектердің шығармашылық жұмыстарының көрмесі, танымдық сабақтар, дөңгелек үстелдер тұрақты түрде өтеді.

Ал өткен жылдың сәуір айында пайдалануға берілген «Art Дара» галереясы оқу орнының кәсіби қылқалам шеберлерінің еңбектерін кеңінен дәріптеуді мақсат тұтады. Галереяда Қыздар университетінің Кәсіптік білім кафедрасының профессор-оқытушылары мен студенттеріні картинасы қойылған. «Дара» атауына сәйкес, онда қойылған өнер туындылары ортақ идеяны қаузайды.  Ол –  еліміздегі тек қыздар білім алатын бірден-бір жоғары оқу орнының өзіндік ерекшелігі, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, этнотақырыптар және туған елдің табиғаты.

Еске сала кетейік, 2-5 қыркүйек күндері Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде биылғы 1-курс білім алушыларына арналған бейімдеу апталығы өтуде. Іс-шара аясында оқу орнының табалдырығын жаңадан аттаған студенттерге университеттің қызметі, материалдық-техникалық базасы кеңінен таныстырылмақ. Сонымен қатар апталық барысында университет басшылығымен кездесулер мен түрлі тақырыптағы семинар-тренингтер өткізу де жоспарланған. Оған құрылымдық бөлімдер мен факультеттер атсалысады.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

 

 

 

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.