АЛМАТЫ. 3 қыркүйек. Qyzdar Ýnıversıteti – «Бейімделу апталығы» аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова оқу орнының табалдырығын жаңадан аттаған 1-курс студенттерімен кездесті.

Басқосу барысында университет басшысы жиналғандарға бірегей білім ордасының қызметімен жан-жақты таныстырып, атқарылып жатқан іс-шараларды баяндады.

– Ең біріншіден, баршаңызға әлемдегі бірден-бір тек қыздар ғана оқитын қарашаңырақ оқу орны – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін таңдағандарыңыз үшін алғысымды білдіремін! 75 жылдық тарихы бар білім мен ғылым ордасы талай жастың талабын шыңдады. Бүгінде «ұстаз» деген ұлы атты абыроймен алып жүрген қаншама мұғалімге алғашқы баспалдақ болды. Еліміздегі педагог кадрларды даярлайтын іргелі білім ошағының бірі һәм бірегейі болып саналатын Қыздар университеті болашақта ұстаз боламын деген жастарға есігін тағы да ашты. Бұл оқу орнында осы уақыт аралығында 60 мыңнан астам түлек бітірді. Олардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткерлері, елге тұтқа, ұлтқа ұйытқы болған әжелеріміз бен апаларымыз бар. Міне, Сіздер де сол көшті жалғастырып, аға буынның ізбасары атанып отырсыздар. Біздің оқу орны педагогтарды даярлайды. Түсіне білгенге ұстаз – ұлы мамандық! Еш уақытта өшпейтін, маңызы кетпейтін екі мамандық болса, соның бірі – мұғалімдік. Бүгінде елімізде педагог мамандығының мәртебесін арттыру бағытында үлкен істер қолға алынып жатыр. Бұл – барлығымыз үшін үлкен қуаныш. Себебі, бұл игіліктер – елдің келешегі, мемлекеттің болашағы Сіздердің қолдарыңызда екендігін айғақтайды. Ұлағат ұясы – Қыздар университетінің қабырғасында Сіздер үшін өмірдің жаңа парақтары ашылғалы отыр. Оқу орнында алған білімдеріңізді мемлекетіміздің дамуы жолында жұмсап, зерек те зейінді, білгір де білікті болатындарыңызға сенімдімін! Сол үкілеген сенімді ақтаңыздар, – деді Гаухар Алдамбергенова.

Сонымен қатар ол университеттің білім беру қызметін жаңа сапалы деңгейге көтеру бағытында атқарылатын істер турасында әңгімеледі. Студенттердің әлеуметтік-материалдық жағдайы, оқу процесі, тәрбие жұмысы, ғылыммен айналысуы, академиялық ұтқырлық мәселесінің шешілуі, спортпен, өнермен шұғылдануы және тағы басқа мәселелер де жан-жақты сөз болды, кездесуде.

Жиында студенттер негізінен жатақхана мәселесіне, академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысты сауалдар қойды. Жастар тарапынан жолданған сұрақтарға ректор Гаухар Алдамбергенова, оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор Еркін Жұманқұлова, Стратегиялық даму және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Лаззат Бөлебаева, Әкімшілік-шаруашылық мәселелері жөніндегі проректор Эрик Қалданов толыққанды жауап беріп, ұсыныстардың өз дәрежесінде ескерілетінін жеткізді.

– Қыздар университеті құрылған күннен бастап ұлттық мәнге ие болған салиқалы білім ордасы. Шынайы өнегелі орта, игілікті істердің ұйытқысы, білім мен ғылымның қарашаңырағы атанған құтты мекен. Тек қана қыздар тәлім алатын ұлағат ұясында мыңдаған нәзікжанды білім алып, біліктілігін шыңдайды. Қазақ қыз баласына ерекше көңіл бөлген. Қызды ұрпақ тәрбиешісі, ұлттың келбеті мен абыройы деп санаған. Бала тәрбиесінде әйел рөлінің маңыздылығы киіз туырлықты қазақ халқы үшін арнайы бір ғылым іспеттес, философиялық мәні терең мәңгілік механизм. Сондықтан да баршамызға жүктелген осынау жауапкершілікті абыроймен алып жүру үлкен сын. Алдағы уақытта да кәсіптік-педагогикалық имиджі қалыптасқан зиялы тұлға тәрбиелеу университеттің басты бағдары болмақ, – деп атап өтті университет ректоры кездесу соңында.

Сондай-ақ ол болашақта осы тақілеттес жиындар дәстүрлі түрде өткізіліп тұратынын жеткізді.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

 

 

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.