АЛМАТЫ. 4 қыркүйек. Qyzdar Ýnıversıteti – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 1-курс студенттеріне арналған «бейімделу апталығы» жалғасуда. Іс-шараның үшінші күні қосдипломды білім беру мен академиялық ұтқырлық бағдарламалары туралы, кредиттік жүйе бойынша оқу үдерісінің ерекшелігі жайында жиындар мен  «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес», «Әдептілік» және «Академиялық адалдық» тақырыптарындағы кездесулер өтті.

Алғашқы курс білімгерлеріне Қыздар университетінің Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің мамандары қосдипломды білім беру мен академиялық ұтқырлық бағдарламаларын егжей-тегжейлі түсіндірді.

– Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде халықаралық ынтымақтастық аясында академиялық ұтқырлық бағдарламасы сәтті іске асырылуда. Бұл бағдарлама білім алушылардың  шетелдік серіктес жоғары оқу орындарында білім алуға және ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысуға мүмкіндік береді. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бір академиялық мерзімге арналады, яғни бір семестр немесе бір академиялық жыл. Қазақстандық жоғары оқу орындарының білім сапасын әлемдік стандарттарға сәйкестігін  қамтамасыз ету, бәсекеге қабілеттілігін арттыру бұл бағдарламаның басты мақсаты, – деп атап өтті Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Рая Әміржанова.

Жиын барысында сондай-ақ қосдипломды білім беру бағдарламасы жайында да айтылды. Бүгінде Қыздар университеті АҚШ-тың Миссисипи алқабы мемлекеттік университетімен және Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университетімен аталған бағдарлама бойынша өзара келісімшартқа отырған. Шетелдік серіктес оқу орындарының пәндері қазақстандық білім беру стандартының пәндерімен үйлестіріліп, университеттің студенттеріне шетелдік білім ордаларында бакалавриаттың 4-курсында немесе магистратураның 2-курсында білім алуына мүмкіндік береді. Қосдипломды білім беру бағдарламасын сәтті аяқтаған білімгерлер қазақстандық және шетелдік серіктес жоғары оқу орындарының дипломын ала алады.

Кездесуде кредиттік жүйе бойынша оқу үдерісінің ерекшелігі де қаузалды. Оны университеттің Тіркеуші-кеңсесінің басшысы Дариға Жарықбаева жете түсіндірді.

Сонымен қатар апталықтың жоспарына сәйкес студенттермен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес», «Әдептілік» және «Академиялық адалдық» тақырыптарында кездесу ұйымдастырылды.

Осы орайда айта кеткен ләзім, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің тәрбие, оқу және ғылым үдерісінде әдептілік қағидаларын сақтау басты назарға алынған. Бұл тұрғыда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» атты пән оқу бағдарламасына енгізілді. Аталған пән студенттердің саналы түрде және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастырады. Басқосу барысында жұртшылықтың жемқорлыққа қарсы дүниетамын арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясатты қолдауға һәм дамытуға Қыздар университетінің профессор-оқытушылары мен қызметкерлерінің және білім алушыларының қосып отырған үлесі, оқу орнында қолға алынған іс-шаралар кеңінен сөз болды.

– Отандық жоғары білім берудің қарашаңырағы – Қыздар педагогикалық университетінің басты мақсаты – білікті, жоғары моральді және кәсіби қасиеттерді иеленген тұлғалар даярлау. Біз осы құндылықтарға сүйене отырып жұмыс жасаймыз, – деді жиын ұйымдастырушылары.

Апталық шеңберінде студенттерге оқу орнының Ғылыми кітапханасының қызметі де таныстырылды. Кітапхана директоры Бақытжамал Бағашарова кітапхана ережесі туралы кеңінен сөз қозғап, кітапқа тапсырыс қалай орындалатынын түсіндірді және оқу залдары мен электронды қорды пайдалану ережелері туралы нақты ақпараттар берді. Оның айтуынша, кітапханаға келген әрбір оқырманға кез келген ақпаратты және білім алуға қажетті материалды жылдам тауып беру, жастарды кітап оқуға дағдыландыруға үндеу ұжымның басты міндеті.

Өз кезегінде студенттер кітапхана қызметкерлеріне өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, ұйымдастырылатын іс-шараларға белсене атсалысуға дайын екендіктерін жеткізді.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.