АЛМАТЫ. 5 қыркүйек. Qyzdar Ýnıversıteti – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің оқытушылары мен білім алушыларының зерттеу дағдыларын дамытуға арналған бірегей жоба бастау алды.

Жоба жыл бойы жалғасын таппақ. Ол оқу орнының ғылыми-педагогикалық қызметкерлерге, ғылыми-зерттеу жұмысқа бейім докторанттар мен магистранттарға және студенттерге бағытталған. Іс-шара аясында Қыздар университетінің Ғылыми жұмыс және инновациялар жөніндегі департаменті бірқатар бастамаларды қолға алды.

Атап айтқанда, дәстүрлі «Ғылыми бейсенбі» сессиясы аясында «Магистрлік диссертацияны дайындау» тақырыбында тренинг өтті. Жиынға Педагогика және психология факультетінің 2-курс магистранттары қатысты. Тренингте Ғылым бөлімінің жетекшісі Юлия Ефремова диссертациялық жұмысты даярлау мен оны алдын-ала қорғау кезеңдері және жұмысты рәсімдеу ережелері туралы арнайы презентацияны көпшілік назарына ұсынды.

Ал педагогика ғылымдарының докторы, Жалпы педагогика кафедрасының профессоры Күлзада Құдайбергенова өзінің көп жылғы тәжірибесімен бөлісіп, магистранттармен сұхбаттасу форматында әңгіме өткізді. Өз кезегінде жиналғандар «Сіздер үшін магистр дәрежесі деген не?», «Магистратурада оқуды не үшін таңдадыңыз? Ол сізге қандай мүмкіндіктер береді?» және «Айына, жылына орташа есеппен неше кітап оқисыз?» деген сауалдарға жауап берді.

Сонымен қатар Күлзада Құдайбергенова диссертациялық жұмыстың құрылымы турасында кеңінен әңгіме қозғады. Жұмыста нақты мәселе, оның өзектілігі мен маңызы, сілтемелер мен пайдаланылған әдебиеттер болуы қажеттігін атап өтті.

Тренинг соңында kahoot.it онлайн-ресурсын қолдану арқылы тестілеу өткізілді. Блиц-сауалнама қорытындысы көрсеткендей, жиынға қатысушылар ақпараттарға толық қаныққан.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы тақілеттес тренингтер алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілмек.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.