АЛМАТЫ. 6 қыркүйек. Qyzdar Ýnıversıteti – «Мемлекеттік тілдің жаңа белесі». Осындай атаумен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде тіл апталығы басталды. Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының ұйытқы болуымен қолға алынған іс-шара 10 қыркүйекке дейін жалғасады.

Апталық шеңберінде кафедра оқытушылары Қыздар университетінің магистранттары мен докторанттарына «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің жаңа белесі» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Басқосуда ғалымдар білімгерлерге латын әліпбиіне көшу мәселесі, емле ережелері туралы толық мәлімет беріп, жаңа әліпбимен жазуға машықтандырды. Қазақ алфавитін латын графикасына көшіру жөніндегі орталықта ұйымдастырылған шарада жиналғандар латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы жайында пайымды пікірлерімен де бөлісті.

Сондай-ақ ұлт қайраткері, ақын, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай оқытушылар мен студенттер ұлт ұстазының музей-үйіне барып, ғалымның өмірімен, ғылыми мұрасымен етене танысты. Тіл білімінің негізін салған тұлғаның Алматы қаласындағы үйі 1993 жылы ұйымдастырылған. Музей-үй 1 жарым қабатты, төрт бөлме және бір бөлмелі жертөледен тұрады. Үшеуі – көрме залы, бір бөлме – ахметтану дәрісханасы. Жертөле – музей мен қоғамдық қор қызметкерлерінің кеңсесі. Музей үйдің қорында ғалым өмірі мен шығармашылығына қатысты 500-ге жуық деректі ресми құжат, 300-і мемлекеттік мұрағаттан алынған телнұсқалық құжат, 12 жеке суреті мен 27 ұжымдық деректі суреті бар.

– Былтырға дейін еліміздегі Тілдер мерекесі 22 қыркүйекте тойланатын. Осыдан 30 жыл бұрын, яғни 1989 жылғы 22 қыркүйекте Қазақстанда «Тілдер туралы» заң қабылданған болатын. Ол заңда сол кездегі Қазақ КСР-нің мемлекеттік тілі – қазақ тілі, ал орыс тілі – ұлтаралық тіл деп бекітілді. Ал 1998 жылдың 20 қаңтарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 22 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып жарияланды. Бүгінде атаулы дата 5 қыркүйекке ауыстырылды. Оның өзіндік себебі бар. Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні, – дейді Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Тыныштық Ермекова.

Оның айтуынша, мереке қарсаңында қолға алынған апталық аясында белгілі ғалымдар студенттерге дәріс оқиды. Олардың қатарында А. Байтұрсынұлы музей-үйінің директоры Райхан Имаханбет, алаштанушы ғалым Айгүл Ісмақова сынды майталман мамандар бар. Бір бұл ғана емес. Оқу орнының білімгерлері арасында «Туған тілім – тірлігімнің тірегі» тақырыбында шығармашылық байқау да ұйымдастырылмақ.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

twitter: qyzdar_yniver

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.