АЛМАТЫ. 6 қыркүйек. Qyzdar Ýnıversıteti – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 1-курс студенттеріне арналған «бейімделу апталығы» аяқталды. Шараның соңғы күні «Ғылыми бейсенбі» жобасы туралы танымдық жиын мен «Ақылы оқу бойынша нені білу керек?» тақырыбында кездесу өтті. Сонымен қатар студенттердің кәсіподақ ұйымы құрылып, жастардың қатысуымен зияткерлік, ойын-сауықтық байқаулар мен жарыстар ұйымдастырылды.

Апталық аясында оқу орнының Академиялық мәселелер жөніндегі департаментінің мамандары «Ақылы оқу бойынша нені білу керек?» тақырыбында жиын өткізді. Басқосуға ақылы бөлімде оқитын студенттер қатысты. Олар тақырып төңірегіндегі сауалдарын қойып, толық әрі нақты жауап алды.

Ал Ғылым бөлімінің қызметкерлері білімгерлерге дәстүрлі «Жастар және ғылым: бүгіні мен болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы, «Startup-Tomiris» инновациялық жобалар конкурсы, студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының республикалық конкурсы сияқты ғылыми іс-шаралар туралы кеңінен әңгімеледі. Сондай-ақ пәндік олимпиадалар, ғылыми байқаулар мен Қыздар университетінің Жас ғалымдар кеңесінің қызметі туралы баяндады.

«Ғылыми бейсенбі» жобасы аясында ұйымдастырылған кездесуде шағын топтар форматындағы интерактивті сессия жүргізілді. Сессия барысында студенттер креативті әлеуетін дамытып, кампуста өмір сүруді жақсартуға және жаңашыл жобаларды дамыту бойынша идеяларды іске асыруға ниетті екендіктерін паш етті.

«Бейімделу апталығы» студенттердің Алматы қаласының көрікті жерлеріне саяхат жасауымен тәмәмдалды. Олар тимбилдингте зияткерлік, ойын-сауықтық байқаулар мен жарыстарға қатысып, білімдерін паш етті.

Еске сала кетейік, «Бейімделу апталығы» 2-5 қыркүйек күндері аралығында өтіп, оның шеңберінде 20-дан астам шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, оқу орнының табалдырығын жаңадан аттаған студенттерге университеттің қызметі, материалдық-техникалық базасы кеңінен таныстырылып, білім ордасының басшылығымен кездесулер мен түрлі тақырыптағы семинар-тренингтер өтті. Оған құрылымдық бөлімдер және факультеттер ат салысты.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

twitter: qyzdar_yniver

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.