АҚШ

АЛМАТЫ. 12 қыркүйек. Qyzdar Ýnıversıteti – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің оқытушылары мен студенттеріне АҚШ-тың Мичиган мемлекеттік университетінің профессоры Дуглас Хартман дәріс оқыды.

Жиын Қыздар университетінің Халықаралық ынтымақтастық бөлімі мен Біліктілікті жетілдіру орталығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.

Кездесуде шетелдік ғалым бүгінде білім беру саласында үлкен маңызға ие болып отырған «Оқу сауаттылығы және оның педагогикалық аспектілері» мен «Сандық технологияларды білім беруде интеграциялау» мәселелері бойынша презентация жасап, аталған тақырыптар төңірегінде тың ойларымен бөлісті.

– Білім беру бағдарламалары бойынша Құрама Штаттарда ширек ғасыр бойы үздіксіз бірінші орынды иеленіп келе жатқан іргелі жоғары оқу орнының өкілімен кездесу барысында университет ұжымы мен студенттері көптеген мәліметтерге қанықты деп ойлаймыз. Жиында көтерілген мәселелерді талқыға салу педагогикалық оқу орны үшін үлкен маңызға ие әрі тәжірибе болды деп сеніммен айта аламыз, – дейді Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің мамандары.

Басқосу соңында қос білім ордасы арасындағы болашақтағы ұзақ мерзімді серіктестік жайы да талқыланып, ынтымақтастықты нығайту мәселесі назарға алынды.

Айта кетейік, Мичиган мемлекеттік университетінің іргетасы 1855 жылы қаланған. Оқу орнында 200-ге жуық академиялық білім беру бағдарламасы бар. Соның ішінде ядролық физика, инженерлік жұмыс, саясаттану, бизнес, журналистика және остеопатия бойынша бағдарламалар АҚШ-тағы ең үздік бағдарламалардың бірі.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

twitter: qyzdar_yniver

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.