АЛМАТЫ. 10 қазан. Qyzdar Ýnıversıteti – Ертең Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Nur Otan партиясының «Ардагерлерді ардақтайық!» атты әлеуметтік жобасы аясында қайырымдылық шарасы өтеді.

Соңғы уақытта Қыздар университеті қарттарға көңіл бөліп, олардың әлеуметтік жағдайына жете мән беруде өзгелерге үлгі көрсетіп келеді. Ардагерлерді ардақтау және оларға нақты көмек көрсету мақсатында оқу орнының белсенді студенттері мен университет ұжымының бастамасымен түрлі жобалар мен шаралар іске асырылуда. «Қарттар үйіндегі» қамкөңіл қарияларға арналған «Ардагерлер балы» да осы игілікті істің жалғасы іспеттес.

Тұңғыш рет ұйымдыстырылып отырған шараның мақсаты – өскелең ұрпақты халқымыздың асыл құндылықтарын әспеттеуге дағдыландыру, оларды үлкенді сыйлай білуге, инабаттылыққа және мейірімділікке тәрбиелеу.

Тағылымды шара барысында университеттің «Ұлпан» асханасында қарттарға арнайы дастархан жайылып, танымал эстрада жұлдыздары мен өнер ұжымдары концерт ұйымдастырмақ.

– «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деп дана халқымыз айтқандай, қариясы бар жанұя – шынында да, қазыналы һәм берекелі жанұя. Десе де бүгінде қараусыз қалып һәм қарттар үйін мекендеген ата-әжелер қарасының артқаны ащы да болсын шындық. Өмірдің соңы осылай аянышты аяқталмау үшін өскелең ұрпақтың тәрбиесіне жете мән бере отырып, оларды имандылыққа, адамгершілікке баулу қажет.  Тек сонда ғана өз ата-анасын сыртқа тепкен балалар азайып, ибалы, инабатты келіндер көбейер еді. Тағылымды тәрбие мен өрісті білімнің іргелі ордасы – Қыздар университетінің ұйытқы болуымен қолға алынып жатқан бұл игілікті істің көздеген басты мақсаты да осы. Ұрпақтар сабақтастығын сақтау, көңіл мен көмекке мұқтаж қарияларға қол ұшын созу, – дейді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

twitter: qyzdar_yniver

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.