Sorry, this entry is only available in KZ and Russian. For the sake of viewer convenience, the content is shown below in this site default language. You may click one of the links to switch the site language to another available language.

АЛМАТЫ. 1 қараша. Qyzdar_Ýnıversıteti – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде көрнекті ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серғазы Қалиевтің 90 жылдығына арналған «Заманауи этнопедагогика: тенденциялары мен болашағы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Тоқсанның төріне шыққан ғалым Серғазы Қалиұлы күні бүгінге дейін ғылыми еңбектен, болашақ мамандарға дәріс беруден қол үзген емес. Ғұмыр жолы көпке үлгі профессор 1929 жылы Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында дүниеге келген. 1949 жылы Семей педагогикалық институтының Тіл және әдебиет факультетін бітіріп, еңбек жолын бұрынғы Аягөз ауданындағы орта мектепте мұғалім болып бастады. Әр жылдары мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің инспекторы, аудандық жастар одағының бірінші хатшысы, Аягөз аудандық атқару комитеті төрағасының оқу-ағарту, мәдениет, сауда және денсаулық сақтау саласы бойынша орынбасары, Қазақ темір жолы оқу бөлімінде мектеп инспекторы, республикалық мұғалімдер білімін жетілдіру институты директорының орынбасары, Қазақ білім академиясының Педагогика ғылыми-зерттеу орталығының директоры сынды қызметтерді абыроймен атқарды. Ғалым 2005 жылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Педагогика-психология факультетіне қызметке орналасып, күні бүгінге дейін білікті де білімді ғалым ретінде болашақ ұстаздарға өзінің бай тәлімінен дәріс беріп келеді.

Серғазы Қалиев қазақ этнопедагогикасы саласында іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, арнайы оқу бағдарламаларын құрастырған. Ол – 30 кітаптың, 250-ден астам мақаланың авторы. Соның ішінде профессор Қ. Жарықбаевпен бірге жазған «Қазақ тәлім-тәрбиесі» монографиясын,1996 жылы Ростов университетінің профессоры Кукушкинмен бірге жазған «Этнопедагогика» оқулығының шоқтығы биік. Оның ғылыми жетекшілігімен 2 докторлық, 24 кандидаттық диссертация қорғалды.

Ғалымның мерейтойына арналған алқалы басқосуды Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова құттықтау сөзбен ашып, ғалымның ғылым жолындағы қызметіне тоқталып өтті.

– Профессор Серғазы Қалиевтің тәрбиенің халықтық және ұлттық ерекшеліктерін зерттеуге арналған ғылыми еңбектері заманауи этнопедагогиканың дамуында ерекше орын алатыны сөзсіз. Оның парасат мектебіне айналған Қыздар университетінің ғылыми әлеуетінің дамуына, отандық этнопедагогика ғылымы саласының өркендеуіне қосқан үлесі мол. Профессордың ғылыми-педагогикалық зерттеулерінің нәтижелері жарияланған «Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясы» атты 12 томдық еңбегі жоғары оқу орындарында мағыналы дереккөз ретінде халқымыздың құнды байлығын, тарихи мұраларын, мәдениет пен әдебиетінің үздік жетістіктерін оқып-үйренуге бағыт-бағдар берді. Серғазы Қалиұлының ғылыми мұралары жастарды ұлттық тәлім тарихы мен ұлттық сезімнің ең қасиетті тұстарына баулып келеді, – деді Гаухар Алдамбергенова өз сөзінде.

Сондай-ақ ол ғалымның ұзақ жылғы қызметіне білім ордасының ұжымының атынан ризашылығын білдіріп, сый-сияпат көрсетті.

Ал Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаевтың мерейтой иесіне жолдаған құттықтауын оқу орнының бірінші проректоры Мақтағали Бектемісов оқып берді.

Жиын барысында Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Зарлыхан Алымбаева, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Сақыпжамал Ұзақбаева, EDTECH-KZ халықаралық білім орталығының бас директоры Ғани Бейсенбаев, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Құсайынов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Сәуле Иманбаева және тағы да басқа азаматтар сөз сөйлеп, ғалымның ғылым жолындағы еселі еңбегі төңірегінде сөз қозғады.

– Серғазы Қалиев еліміз егемендік алған кезде отандық білім беру жүйесін қалыптастыруға, жаңа білім беру мазмұнын жасауға көп үлес қосты. Оның тікелей араласуымен мектептерде оқытылатын пәндердің жаңа бағдарламалары, 6 жастағы балаларды мектепке даярлауға арналған оқу құралдар кешені жасалды. Біз халқын сүйген, ел келешегін ойлаған, жастарға мол тәлім-тәрбие беріп жүрген дана ғалымды өскелең ұрпаққа үлгі тұтамыз, – десті жиында сөз алғандар.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

twitter: qyzdar_yniver

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.