АЛМАТЫ. 6 қараша. Qyzdar Ýnıversıteti – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ҚР Ұлттық ғы­лым академиясының академигі, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Рәбиға Сыздықтың 95 жылдық мерейтойы­на арналған «Ұлы дала тұлғалары: академик Рәбиға Сыздық және қазақ сөзінің құдіреті» атты халықаралық ғылыми-теориялық конферен­ция өтті. 

Алқалы жиынға АҚШ, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден 30-ға жуық ғалым, ғы­лы­­ми зерттеу институттарының ди­­­рек­­торлары мен жоғары оқу орын­да­рының ректорлары және Р. Сыздықтың шәкірттері қатысты.

Конференция жұмысы екі бағытта өрбіді: ресми құттық­тау­лар және мерейтой иесінің ғалымдық келбетін, ұстаздық ұс­танымын, адамдық болмысын айшықтайтын арнайы баяндамалар қатар өріліп отырды. Тілтаным ғылымында есімі ерекше аталатын ғұлама ғалымды құттықтағандар қа­тары өте көп болды. Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовтің, Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласы, Ақтөбе, Атырау, Маң­ғыстау облыстары әкім­дерінің, Халықаралық Түркі академиясының президентінің, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйы­мы бас­шысының құттықтау хаттары табыс етілді.

Жиында Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенованың қазақ лингвистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ғалымға арнаған құттықтау хаты да оқылды.

«Қазақта «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес. Өзгенің уақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау» деген ұлағатқа айналған ұғым бар. Расында да педагог – адам тәрбиешісі, кез келген жанның тағдыр талайына жазыла бермейтін ерекше мамандық. Ұстаз жолы – ғибратты жол. Ұстаздықтың ұлы жолында қажырлы қызмет қылған адам ғана биік белесті бағындыра алады. Бұл тұрғыда еңбегі – ерен, өмірі – өнеге Рәбиға Сәтіғалиқызы өскелең ұрпақты өресі жоғары азамат қылып тәрбиелеп, ізденіс пен талапқа негізделген мәртебелі мамандықтың абыройын арттыруға зор үлес қосып келеді. Мектеп мұғалімдігінен басталған еңбек жолыңыз бен бүгінгі жеткен биік белесіңіз, тіл білімі мен әдебиет салаларындағы іргелі зерттеулеріңіз әріптестеріңіз бен шәкірттеріңізге үлгі-өнеге, жастарға басты бағдар. Сізден тәлім мен тәрбие алған қаншама маман жас буынды ұстамдылыққа, ұлтжандылыққа үйретті. Педагог – қоғамның зияткерлік әлеуетін қалыптастырады. Білімді ұрпақ пен мықты мемлекеттің кепілі болатын өскелең жасқа сапалы білім, саналы тәрбие берудегі Сіздің қызметіңіздің маңызы һәм өміршеңдігі дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома екендігі белгілі. Сіздің ұлтымыздың оқу-ағарту саласына сіңірген еңбегіңіз бен кейінге қалдырған рухани мұраңыз талай жандар үшін шамшырақ болатынына кәміл сенімдімін. Жеке басыңызға тән адамгершілік пен ұзақ жылғы қажырлы қызмет Сізді бедел мен алғысқа бөлеп, мемлекет тарапынан өз бағасын алды», – делінген құттықтау хатта.

Конференцияда қазақ тіл ғы­лы­мының көрнекті өкілі Рәбиға Сәтіғалиқызының қазақ тіл білі­міне қосқан үлесі, зерттеу бағыт­тары мен ғалымдық тұлғасы жан-жақты сөз болды. Соғыс аяқталған жылы сонау Ақтөбе облысынан Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының 3-курсына бірден қабылданып, оны қызыл дипломмен тәмамдаған Рәбиға Сыздық табиғи туабітті дарыны барын ерте бастан көрсетіп, ғылым жолына түс­келі туған тілінің зерттеген сайын ашыла түсетін қазынасын түгесе алмай, тағдырына айнал­дыр­­­ғанын конференцияға қа­тысушылар әр қырынан әңгі­меледі. Ғылымда, жалпы қазақ ру­ханиятында өрелі биігі бар ғалым бүгінгі күні қанат жайып отырған «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» секілді мемлекеттік бағдарламалардың түп қазығын, негізін жарты ғасыр бұрын қолға алып, болашақ ұр­пақ­ты тәрбиелеу ісінде батыл бастама етіп көтере білді. Сон­дықтан тіл ғылымындағы маңызды жайттардың қай-қай­сысы да Рәбиға Сыздықтың есі­мімен тікелей байланысты.

 

Жиынның пленарлық мәжілісінде Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов, филология ғылымдарының докторы, академик Өмірзақ Айтбаев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева, филология ғылымдарының докторы, профессор Тыныштық Ермекова сөз сөйлеп, қайталанбас тұлғаның бірегей қасиеттері туралы кеңінен сөз қозғады.

Конференцияның секциялық мәжілісі Қыздар университетінде ашылған академик Рәбиға Сыздық атындағы дәрісханада жалғасын тапты. Басқосуды жиын модераторы, филология ғылымдарының докторы Айгүл Сатбекова ашып, шетелдік қонақтарды ғалымның түркі дүниесі мен қазақ тіл біліміне сіңірген еңбегімен таныстырды. Сонымен қатар басқосуда  Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессорлары Ш. Мажитаева, А. Әділова, Қ. Жұбанов атындағы  Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры Г. Садырова, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының профессорлары Ж. Манкеева, Қ. Күдеринова, Ресей Ғылым академиясының Солтүстік Сібір бөлігіне қарасты саны аз халықтар мәселесі және гуманитарлық зерттеулер институтының ғылыми қызметкерлері баяндама жасап, ұлттық тіл, оның дамуының көкейкесті мәселелері жөнінде қаузады.

Қазақ тіл білімінің темірқазығына айналған тұлғаның ұлт руханиятына сіңірген еңбегі де орасан зор. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі зат сақ­тайтын қоймаға айналды­рылып, атын атауға тыйым­ салған кезеңде Рәбиға Сыздық Ясауи­­тану ілімінің негізін қалап бер­­ді. Қадырғали Жалаириді тану, Ахметтану, Жұбановтану ілі­мін қалыптастырып берген де ана тілі­нің әйгілі абыз анасы. Бұ­дан өзге де іргелі тақырыптар төңі­регінде іздене жүріп, көптеген соны зерттеулерге із тастап, алғышарт жасап бергенін мерейтой иесін құттықтаушылар ашып көрсетті. Абай тілін зерттеп, түркітану мұраларымен айна­лысып, қазақ тілі мен әдебиетін біртұтас ғылым ретінде қарастырып, екі маңызды саланың арасында алтын көпір міндетін арқалаған еңбегі айырықша.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

twitter: qyzdar_yniver

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.