Sorry, this entry is only available in KZ and Russian. For the sake of viewer convenience, the content is shown below in this site default language. You may click one of the links to switch the site language to another available language.

АЛМАТЫ. 29 қараша. Баспасөз қызметі – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Қазіргі заманғы Қазақстан. Елбасының көшбасшылық сабақтары» тақырыбында шеберлік оқулары өтті.

Жиында болашақ педагогтарға медицина ғылымдарының докторы, профессор, Бейбітшілік пен рухани келісім президенттік сыйлығының иегері Нина Каюпова мен мемлекет және қоғам қайраткері, педагог Зинаида Федотова Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды құру жолындағы қажырлы қызметі туралы кеңінен әңгімеледі. Басқосуды Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова ашып, жиналғандары маңызды мерекемен құттықтады.

– Бүгінде жасампаз Қазақ елінің жаңғыруынан бастап, мемлекеттік дамудың жолындағы табыстардың барлығын өз отандастарымыз ғана емес, барша əлем жұртшылығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстырады. Тұңғыш Президенттің мызғымас мемлекеттің жарқын үлгісі – «Мəңгілік Ел» құрудағы өлшеусіз тарихи еңбегі халықтың шынайы құрметі мен шексіз сенімінің өнегесіне айналды. Сондықтан да бұл мереке – тəуелсіздік шежіресіндегі ең маңызды даталардың бірі. Бұл – қазақ қазақ болғалы Тұңғыш Президентін бүкіл халық болып, дербес түрде сайлаған қуанышты күні. Бұл – егемен еліміздің жаңа тарихындағы айтулы мейрам. Бұл – бүгінде Елбасының биік саяси абыройы мен зор тарихи тұлғасын ұлтпен ажырамас егіз ұғымға айналғандығының көрінісі. Тәуелсіздігін жариялап, азаттығын алған ширек ғасырдан астам уақыт ішінде елімізді күллі жаһан жұртшылығы танып, мойындады. Әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси реформалар табысты жүзеге асты. Баянды болашақ, кемел келешекке деген үкілі үміт жалпыхалықтық сенімге ұласты. Қазіргі күнде кең-байтақ елімізде Елбасының бастамасымен атқарылып жатқан игілікті істер тәуелсіз Қазақстанды бұдан да биік шыңдарға көтереріне біздің сеніміміз мол, – деді өз сөзінде Гаухар Алдамбергенова.

Дәріс барысында Нина Каюпова Елбасының егемендік жылдарының түрлі кезеңдерінде қабылдаған шешімдеріне талдау жасап, көшбасшыға тән басты қасиеттерді атады.

– Бойындағы туа біткен табиғи қасиеті мен өмірлік бай тәжірибесі бар Елбасы бүкіл отандастарымызды өзінің айналасына топтастыра алатын көреген саясаткер екендігін көрсетті. Отыз жылға жуық ел ағасы болған Тұңғыш Президентіміз осы уақыт аралығында ғасырға бергісіз істерді еңсерді. Жаңа астананы салды, әлеуметтің әлеуетінің артуына сеп болатын мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды табысты жүзеге асырды, шетелдегі қандастарымыздың атажұртқа оралуына ықпал етті, «Болашақ» бағдарламасымен қазақ жастарының шетелде оқуына мүмкіндік берді. Ең бастысы – халықтың әл-ауқаты артты, Қазақстан әлемнің дамыған елдерінің сапына ілесті, – деді Нина Каюпова.

Ал Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері Зинаида Федотова елорданы көшіру кезіндегі оқиғаларды еске алды.

– Расын айту керек, Назарбаевтың астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешімін құптамағандардың қарасы көп болды. Десе оның дұрыс қадам болғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Аз ғана уақыттың ішінде көркі мен келбеті келіскен әсем шаһар бой көтерді, – деп атап өтті Зинаида Федотова.

Жиын соңында Қыздар университетінің студенттері арасында ұйымдастырылған «Елбасы жолы» атты эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды. Қазылар алқасының шешімі бойынша Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің 2-курс студенті Айнұр Жәнібекова мен Физика-математика факультетінің 3-курс студенті Зухра Ердалиеваның шығармасы үздік деп танылды.

Айта кетейік, Тұңғыш Президент күні қарсаңында елімізде «Қазіргі заманғы Қазақстан. Елбасының көшбасшылық сабақтары» тақырыбында  жалпыреспубликалық шара бастау алған болатын. Мақсат – Елбасының Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін қалыптастырудағы маңызды рөлін ашып көрсету, жастардың сөйлеу, ойлау қабілетін дамыту, ой-өрісін кеңейту және оларды ұлтжандылыққа тәрбиелеу.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

twitter: qyzdar_yniver

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.