АЛМАТЫ. 3 желтоқсан. Баспасөз қызметі – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Елбасы – ел тірегі» тақырыбында басқосу өтті.

Жиынның ерекшелігі сол, мұнда оқу орнының студенттері Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет құрудағы рөлін таразылап, тың ойларымен бөлісті. Өзіндік дара қолтаңбасын айшықтады. Сонымен қатар басқосуда тарих ғылымдарының кандидаты Ердәулет Берлібаев пен саяси ғылымдар докторы Бибігүл Иманбекова Елбасының атқарған ісіне кәсіби тұрғыдан баға берді.

Университетінің Ғылыми кітапханасында өткен жиында студенттер егемендіктің елең-алаң кезінде, яғни 1991-1993 жылдары жасалынған жұмыстар, ұлттық валютаның айналымға енуі, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысында», «Бейбітшілік кіндігі», «Егемендіктің 5 жылы», «Жүз жылға татитын он жыл» еңбектері жайында айтты. Сондай-ақ жастар елдің жаңа астанасының қалыптасуы, Елбасының Қазақстан халқына Жолдаулары, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала мен «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы турасында тілге тиек етті.

– Елбасы ұлттық салт-дәстүрді, қазақ халқының тілін, ділін, тарихын, мәдениетін жетік меңгерген тұлға ретінде көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Бұл қасиеттер нағыз көшбасшыға тән деп ойлаймын, – дейді Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің студенті Несібелі Қаппарова.

Ал Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің студенті Гүлзадиям Мұртизаева Назарбаевтың саяси қайраткерлігі турасында айтты.

– Қазақстанның Тұңғыш Президентінің өндіріс, экономика, білім және ғылым салаларынан толықтай хабардар болуы, халықпен тез тіл табыса алуы, еңбекқұмарлығы, жан-жақты білімділігі, табандылығы сияқты қасиеттері жастар үшін үлгі деп білемін, – деп атап өтті ол.

Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы – Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының жемісі деген пікірде бір топ студенттер.

– Биыл қазақ жерін 40 жылдай қасірет шектірген Семей полигонының жабылғанына 28 жыл толып отыр. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін басталған ядролық қаруды иелену салдарынан әлем жұртшылығы айтарлықтай зардап шекті, еліміз сынақ алаңына айналды. Семей ядролық полигонының орталығы болған Курчатов қаласы Кеңес үкіметі кезінде құпия әрі жабық қала болатын. Тіпті ол картада да көрсетілмеген. Ядролық зерттеу полигонын құру туралы шешім 1947 жылы қабылданды. Екі жылда дайындық жұмыстары аяқталып, 1949 жылы 9 тамызда алғашқы сынақ өткізілді. Деректерге сүйенер болсақ, біздің еліміздің аумағында 500-ге тарта атмосфералық, жерүсті және жерасты «бейбіт» деп аталып келген әскери сынақтар жасалды. Бұл ядролық қару пайда болғалы бергі әлемде жасалған сынақтардың тең жарымына тең. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы – түпкілікті егемендік пен тәуелсіздікке қарай жасаған шешуші қадам болды. Қазақстан халқы үшін ядролық қару мен радиация соншалықты түсініксіз теория емес еді. Бұл қырық жылдан астам уақыт бойы біздің Жер анамызды тітіркенткен қатал да қайталанбас зұлмат болатын. Ядролық сынақ аймағында тұрған 1 жарым миллионнан астам отандасымыздың тағдырын жарымжан етіп, денсаулықтарына зиянын тигізді. Оның зардабы әлі күнге сезіліп келеді. Адамзат үшін тажал болып саналатын осы қауіпті қарудан бас тарту – әлемдегі бейбітшілікті сақтауға деген нақты қадам болғаны белгілі, – деді өз сөзінде Қыздар университетінің білімгерлері.

Жиын шеңберінде «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» тақырыбында кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Онда көпшілік назарына Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбектері мен Тұңғыш Президент туралы жазылған кітаптар ұсынылды.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

twitter: qyzdar_yniver

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.