АЛМАТЫ. 3 желтоқсан. Баспасөз қызметі – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері «Зёрна» адамгершілік педагогикасының Халықаралық фестиваліне қатысты. Екі күнге созылған шараға алыс және жақын шетелдерден 1000-ға жуық қонақ келген.

«Жандану әлемі» қоғамдық Қоры мен Халықаралық адамгершілік педагогика орталығы ұйымдастырған фестивальдің басты идеясы – әрбір бала шексіз мүмкіндіктерге ие, тұлғаны тәрбиелеу мен дамыту өзара қарым-қатынас негізінде жүзеге асады және кез келген ересек адамның тамаша ата-ана мен педагог болуға мүмкіндігі бар.

Еліміздің білім беру саласындағы айтулы жиында психология ғылымдарының докторы, Ресей білім академиясының академигі Шалва Амонашвили, Халықаралық адамгершілік педагогика орталығының президенті Паата Амонашвили, «Айб» білім беру қорының негізін қалаушы Арам Пахчанян, «Razum Life» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марина Таргакова мен «Бөбек» Ұлттық орталығының педагог-ғалымдары мұғалімдерге шеберлік сыныптарын, ата-аналар үшін ашық кеңестер, балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы бағдарламалар өткізді.

Фестиваль аясында алғаш рет гуманитарлық ғылымдар негізіндегі қазақстандық білім беру-дамыту платформасының t-EACH жобасы таныстырылды. Аталған жобаның басты мақсаты – толық және үйлесімді өмір сүру үшін жарасымды дағдыларды қалыптастыру арқылы балаларға адамгершілік, төзімділік және жаһандық құндылықтарды дамыту мен оларды тәрбиелеу.

Сондай-ақ шара шеңберінде «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығы да таныстырылды.

Фестиваль барысында ғалымдар «Өзімізге деген сенімді және балалардың шексіз мүмкіндіктерін дамытамыз», «Қиын сауалға қарапайым жауап», «Балалар мен гаджеттер – дос па, әлде қас па?»,  «Балаларды жауапкершілік пен өзін-өзі дамыту сынды қасиеттерге қалай ынталандырамыз?», «Балалар мен ақша. Ақшаны қалай табуға болады және оны игілікті іске жұмсаудың жолы қандай?», «Махаббат сыйлау бақыт», «Бақытты бала – бақытты қоғам», «Қыздарды тәрбиелеудің құпиясы» тақырыптары бойынша шеберлік сыныптарын жүргізді.

– Педагогтар мен балабақша тәрбиешілеріне және ата-аналарға арналған адамгершілік педагогика фестивалінде болашақ ұстаздар үшін қажетті әрі қызықты мәліметтер айтылды. Шеберлік сыныптары барысында айтылған жайттарды біз практика жүзінде іске асырамыз. Осыған орай Қыздар университетінің басшылығына айтулы шараға қатысуға мүмкіндік бергені үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз, – дейді оқу орнының студенттері.

Айта кетейік, Шалва Амонашвили еңбектері мен оның негізгі идеясы жаңа мыңжылдықтағы үлкен классикалық педагогиканың негізі болып саналады. Ол – Ресей білім беру академиясыныӊ академигі, Мәскеу, Санкт-Петербург, Түмен, Сургут және тағы да басқа қалаларда эксперименталды мектептердіӊ ғылыми жетекшісі. «Здравствуйте, дети!», «Как живете, дети?», «Единство цели» трилогиясыныӊ авторы. Бұл хрестоматияға арналған кітаптар, әлемніӊ көптеген тілдеріне аударылған.

– Әрбір бала – ғажайып рухани күш иесі. Кез келген педагог әр балаға рухани күш иесі ретінде қарау керек. Ұстаздың осындай көзқарасы баланың белсенділігін арттырып қана қоймай, білімге деген құштарлығын оятады. Жеткіншекке үлкен сеніммен қарау баланы қуаттандыра түседі. Мұғалім мен ата-ананың басты мақсаты – баланың ішкі жан дүниесіне қуаныш нұрын себу, – дейді ғалым.

Аңызға айналған ғалым елімізде «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының жүзеге асуына ықпал еткен. Авторы Сара Назарбаева болып табылатын инновациялық жоба еліміздің жоғары оқу орындарының ішінде тұңғыш рет Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің оқу үрдісіне енгізілген болатын.

 

Фестивальға педагогикалық оқу орнының ректоры Гаухар Алдамбергенова да қатысып, ғалыммен пікір алмасты.

– Бүгінгі күннің басты мәселесі – сан ғасырлар бойы қалыптасып, бабадан балаға мұра болып жеткен рухани-адамгершілік білімді қайта жаңғырту.  Бұл – басты рухани өзек, негізгі діңгек. Мұны жүзеге асыруда педагог мамандары үлкен рөл атқарады. Сүйіспеншілік пен ізгілікті, мейірімділік пен адамгершілікті басты мұрат тұтқан бағдарламаның қазақ қыздарының парасат мектебіне айналған Қыздар университетінде алғаш рет жүзеге асуының өзінің мәні мен маңызы бар. Өйткені, ұстаздар ұстаханасына айналған ұлағат ұясы ұстаз мамандарын даярлайды. Қарашаңырақ қабырғасында болашақтың мұғалімдері оқиды. Біз үшін олардың бойында аталған қасиеттер болуы үлкен маңызға ие,  – дейді университет ректоры Гаухар Алдамбергенова.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

twitter: qyzdar_yniver

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.