АЛМАТЫ. 3 желтоқсан. Баспасөз қызметі – Қыздар университетінің студенттерін ғылыми жұмыспен айналысуға ынталандыратын және олардың сөйлеу мәдениетін дамытатын «Көкжиек» үйірмесінің ұйытқы болуымен «География ғылымының болашағы» атты семинар өтті.

Басқосуда ландшафттардың және оның құрамдас бөліктерінің табиғи-антропогендік өзгерісі, ресурстарды оңтайлы пайдалану, табиғи құбылыстар мен өзгерістерді үлгілеу және оларға мониторинг жасау, географиялық білім берудің қазіргі ахуалы және оны тиімді ұйымдастыру, аумақтарды дамытудың әлеуметтік-экономикалық жайы мен туристік-рекреациялық нысандарды дамыту сынды мәселелер қарастырылды.

Жаратылыстану факультетінің География және туризм кафедрасының ұйымдастыруымен өткен жиында «Көкжиек» үйірмесінің жұмысын одан әрмен ілгерілету де назарға алынды. Ұйым студенттерді пәндік олимпиадаларға дайындау, халықаралық және республикалық конференциялар мен ғылыми журналдарға мақала жазып, баяндама жасауға машықтандыру сияқты міндеттерді атқарады. Жиналғандар тарапынан нақты ұсыныстар айтылып, ұйым жұмысын дамыту жолдары көрсетілді.  Басқосуда үйірме жетекшісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Тәжіхан Әшімов сөз сөйлеп, студенттерді ғылыммен айналысуға шақырды.

Семинар барысында «География» мамандығының студенттері Айдана Нұртаза «7 жаңа туристік маршрут бойынша саяхат», Талшын Тұрсынғали «ГАЖ технологиясы – мүмкіндіктер технологиясы» және Айдана Мұхаммед «Аэроғарыштық географиялық әдіс – ең заманауи әдіс ретінде» тақырыптары бойынша баяндама жасап, өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарымен таныстырды. Сонымен қатар жиын қатысушылары география ғылымындағы өзекті мәселелер мен көкейкесті сұрақтарды талқылап, өз ұсыныстарын білдірді. Басқосу соңында бір топ білімгер «Көкжиек» үйірмесіне қабылданып, ант берді.

– Ғылыми семинарға кафедра студенттері өте белсене қатысып, өз зерттеу жұмыстарын кеңінен таныстыруға мүмкіндік алды және география ғылымының өзекті мәселелері төңірегінде терең білімдерінің бар екендігін көрсетті. Осы орайда айта кетейік, болашақ мамандардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруға серпін беретін осы тақілеттес шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ, – дейді География және туризм кафедрасының оқытушысы Жомарт Шыңғысов.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

twitter: qyzdar_yniver

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.