АЛМАТЫ. 27 наурыз. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Балалар сөзі – даналық көзі» атты зияткерлік олимпиада өтті. Әлеуметтік-гуманитарлық факультеті мұрындық болған білім сайысына Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Іс-шараның мақсаты – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді іске асыру, Ұлы Даланың би-шешендерінің өмірі, қызметі, даналық сөздері негізінде қазақ халқының тарихы, дүниетанымы, философиясымен таныса отырып, ұлттық руханиятымызды насихаттау. Сондай-ақ, мәдени-тарихи тағылымға толы бабалар сөзі арқылы жастардың танымдық, шешендік және зияткерлік қабілетін арттыру.

Білім бәйгесін Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің деканы Жамал Әшірбекова ашып, тәуелсіз еліміздегі азаматтардың тарихи санасын қалыптастыра отырып, ұлттың бірегейлігін көрсететін өзіндік кодын айқындау мемлекеттік саясаттың басым бағытының негізгі көрсеткішіне айналғандығын атап өтті.

Олимпиада бес кезең бойынша жүргізілді. Қатысушылар «Таныстыру» айналымында өз командаларының ерекшеліктері жайында айтса, «Ұяшықтар құпиясы», «Тура биде туған жоқ», «Билер даналығы», «Әділ шешім», «Сөз тапқанға қолқа жоқ» және «Сөздің көркі мақал» атты екінші турда ұяшықтарда жасырылған тапсырмалардың мағынасын ашып, би-шешендердің дүниетанымы мен ой-толғамдарының ерекшеліктерін түсіндірді. «Бала би» атты айналымда белгілі бір тақырыпқа байланысты әр команда өз шешендіктерін танытты. Би-шешендердің даналық сөздерінің мағынасына қатысты үш деңгейлі тарихи, даналық сөздеріне анықтама беру «Алтын қақпа» айналымында сарапқа салынды. «Ой толғау» атты соңғы кезеңде қатысушылар арнайы жәшікке салынған құпия затқа қатысты мәлімет беріп, таным деңгейлерін көрсетті.

Сайыста өз мүмкіндіктерін сынаған болашақ мамандарға Қыздар Университетінің ғалымдары қазылық жасады.

– Білімді, білікті һәм зияткерлік әлеуеті биік маман – бұл қай уақытта да ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, шығармашылық қабілеті мол тұлға. Ол заманауи әдіс-тәсілдерді өмірге ендіруге дайын қоғамның ең озық бөлігінің бірі деп есептеледі. Және солай болуға тиіс. Жоғары оқу орнында білікті кадр даярлау үшін оқытушының да, студенттің де қажымас еңбегі қажет. Бұл тұрғыда осы тақілеттес білім бәйгелері болашақ мамандар даярлау жүйесінде басты элемент болып табылады және олардың кәсіби өсуін қамтамассыз етеді, – деп атап өтті қазылар алқасының мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Айжамал Құдайбергенова.

Қазылар алқасының шешімі және жинаған ұпай санының көрсеткіші бойынша жарыстың бас жүлдесін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттерінен құралған «Шамшырақ» командасы жеңіп алды. 1-орынға Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Жалын» командасы лайық деп танылса, 2-орынды Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің «Тұлпар» тобы еншіледі. Ал, 3-орынды әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Шайырлар» және С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің «Ибн Сина» командалары өзара бөлісті.

Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылғандар дипломдармен, Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY

Tel.: 8 (727) 279-38-17

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

вконтакте: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.