АЛМАТЫ. 27 наурыз. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Әжімұқан Жамалов пен физика ғылымдарының магистрі Мұрат Күнелбаев микрогидроэлектр станциясын жасады.

Бұл шағын қондырғы арқылы судан электр өндіруге болады. Жоба авторларының айтуынша, шағын су электр станциясын еліміздің кез келген аймағында қолдануға болады. Құрылғы жұмысының ерекшелігі оны жасауға шығын аз жұмсалады әрі генератордың бироторлы жұмыс істеуі принципіне байланысты судың қысымы аз кетеді.

– Бұның салмағы мен пішіні пайдалануға өте қолайлы. Қондырғыны төрт адам көшіріп, орната алады. Қос қалақшасын бір-біріне қарама-қарсы бағытта айналдыра алатын жаңа генераторы бар. Қарсы айналу барысында жиілік еселене түседі. Ал «қарсы айналу» деп аталатын ол жиілік барысында, қалақша екпінімен тасқыны артқан су белгілі бір мөлшерде электр энергиясын береді, – дейді М. Күнелбаев.

Станция электр энергиясын өндіру үшін су бір жарым-екі метр биіктіктен құлауы керек. Қарама-қарсы айналған қалақшалардың әсерінен микроГЭС-тің пайдалы әсер коэффиценті 20-30%-ға артады. Біріншіден, бұл қондырғының жарамдылық мерзімін екі есе ұзартса, екіншіден, барынша қуатты генератор қойған жағдайда электр энергиясын да мол өндіруге мүмкіндігі бар.

– Біз бұған ротор қостық. Қалақшалар бір-біріне қарама-қарсы біркелкі айналады. Осының әсерінен старторда электромагниттік өріс пайда болады. Ол орауыш шарыққа өтіп, сол жерде тоқ пайда болады. Станция электр жоқ болса да, ағын суы бар жерде жарай береді. Қондырғы аграрлық салаға, шалғайдағы аймаққа таптырмайтын құрылғы, – деп атап өтті жобаның ғылыми жетекшісі Әжімұқан Жамалов.

Тіпті атаулы микрогидроэлектр станциясымен әскери бөлімдерді де жарақтандыруға болады. Тәулігіне 1,5 киловатт энергия өндіретін қондырғының бағасы – 700 мың теңге.

– Бұны арзан деп те, қымбат деп те айтуға болады. Мәселен, осы тақілеттес қондырғылар ТМД елдерінде, АҚШ, Ресей мен Қытайда жасалынады. Алайда біздің құрылғы бағасы мен сапасы тұрғысынан анағұрлым қолжетімді, – дейді ғалымдар.

Шағын станциямен тұтас бір ықшамауданға жарық беруге болады. Мәселен қуатты генераторы бар 500 келілік ГЭС 15-20 киловатт өндіреді. Ол үш қабатты 2-3 үйді электр қуатымен қамтамасыз етуге қауқарлы. Сондай-ақ, өнертапқыштар қондырғыға жел турбинасын орнатуды жоспарлап отыр. Энергияның бір көзінен екіншісіне ауысу технологиясы үшін де патент алынған. Ғалымдар өнер табысты халықаралық конференцияда таныстырып, нәтижесінде бірқатар шетелдік инвесторлар әріптестік орнатуға ниетті екендіктерін жеткізді. Өйткені, қазақстандық қондырғы аналогтарына қарағанда барынша пайдалы. Пайдалану мерзімі ұзақ, пайдалы әсер коэффиценті жоғары.

«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY

Tel.: 8 (727) 279-38-17

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

вконтакте: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.