АЛМАТЫ. 11 сәуір. Media_Ortalyq – «Түркітілдес журналистер қоры» Қоғамдық қорының ұйытқы болуымен Түркияның Стамбул және Измир қалаларында қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған семинар-тренинг өтті. Шараға Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Медиа департаментінің қызметкерлері де қатысып, өзара тәжірибе алмасты.

Жиынның алғашқы күні журналистер Измир қаласындағы MODEKO-2018 Халықаралық жиһаз көрмесі шеңберінде ұйымдастырылған семинарға қатысты. Басқосуда Түркияның беделді телеарналары мен газеттерінің шығармашылық жұмысы таныстырылып, белгілі компаниялардың жетекшілері тренинг жүргізді. Шара соңында қатысушыларға арнайы сертификат табысталды.

Ал, семинардың екінші күні Стамбул қаласындағы әлем бойынша ақпарат таратудан үздік ондыққа кіретін «Анадолы» агенттігінің жұмысымен танысты. Кездесу барысында қос тарап заманауи ақпарат тарату тәсілдері турасында пікірлесіп, агенттіктің өзіндік ерекшеліктері жайында әңгіме өрбітті. «Анадолы» 1920 жылдың 5 сәуір күні құрылған. Мұстафа Кемал Ататүрік сынды тұлғаның бастамасымен ашылған агенттік бүгінде дүниежүзінің 85 еліне 11 тілде ақпарат таратады. Сондай-ақ, Түркияның медиа кеңістігінің 63 пайызы орталық еншісінде. Тәулігіне 2000-ға жуық жаңалық жарық көретін агенттікте 3000-нан астам адам қызмет атқарады.

Сонымен қатар, семинар барысында отандық БАҚ өкілдері Түркияның танымал «FOX TV» телеарнасының «Жаңалықтар» бөлімінде болды. Ақпарат-сараптамалық қызметтің жетекшісі Сердар Ертұғырылдың айтуынша, қазіргі күнде арна жаңалықтарының басым бөлігі экономикалық, қоғамдық-саяси бағытқа негізделген. Рейтингі өзге телеарналармен салыстырғанда едәуір жоғары. Қазақстандық журналистер телеарнаның ақпарат тарату тәсілдері турасында сауалдарын қойып, ток-шоулар мен музыкалық және қоғамдық-танымдық бағдарламалардың түсірілім барысымен танысты.

Сондай-ақ, журналистер Түркия Радио Теледидар (TRT) мекемесінде де болды. TRT құрамында 14 телеарна мен 14 радио бар. 9 мыңға жуық адам қызмет атқарады. Қазіргі күнде алып медиа ұйым 17 түрлі серіктен 41 тілде ақпарат таратады. 1968 жылдың 31 қаңтар күні құрылған телерадиокорпорация білім беру, мәдениет, деректі фильм, драма, спорт және  ойын-сауық транслацияларымен әртүрлі жастағы миллиондаған аудиторияны қамтып отыр.

– TRT – дұрыс әрі түсінікті ақпарат беруді, халықтың рухани дамуына үлес қосуды, көңіл көтере отырып үйретуді және мәдени бүтіндікті сақтауды мақсат етеді. Түркияның бай мәдениеті, салт-дәстүрі, тамыры тереңде жатқан тарихы, сондай-ақ туризм саласына қатысты телеөнімдерді көрермен назарына ұсынады. Оның үстіне арна контентін жасауда негізгі басымдық тарихи-мәдени құндылықтарға, өнер мен мәдениет салаларындағы түркиялық арнайы брендті жандандыру үшін танымдық жобаларға бағытталған, – деп атап өтті арна қызметкерлері.

Түркия сапары аясында Стамбулдағы қандас бауырлармен жүздесу де ұйымдастырылды. Екі мемлекет ынтымақтастығына дәнекер болып жүрген ағайындар атқарып отырған істері жайында баяндап, ізгі ниеттерін жеткізді. Стамбул қаласындағы Түркия қазақтарының диаспорасының «Қазақ» орталығында өткен басқосуға тарих ғылымдарының докторы, Минан Синар атындағы Өнер университетінің профессоры Абдуақап Қара, белгілі әнші Бешир Ахмет Косе және өзге де азаматтар қатысты.

– Қазақтар Түркияға 1950-1955 жылдары жаппай қоныстанды. Олардың басым бөлігі Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданының Алтай округінен көшіп барған. Сонымен қатар, өткен ғасырдың 80-ші жылдары Ауғанстан мен Ираннан босқын ретінде қоныс аударған қазақтардан да тұрады. Стамбул консулдық округінде 4190 қазақ отбасы қоныстанған. Бұл ауданды көпшілік қауым «Қазақкент» деп атайды. Стамбулда қазақтар Зейтинбурну, Кучук Чекмеджи, Сафра-кой, Орнектепе аудандарында да көп шоғырланған. Бүгінде Түркияда 12-15 мың қандасымыз мекендейді. Осыны ескере отырып және өзара бірлігімізді нығайту мақсатында арнайы орталық аштық. Бұл жерде ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтау мақсатында көптеген іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып, қазақ тілін үйретуге бағытталған курстар жүргізіледі, – дейді Абдуақап Қара.

Жиын соңы түркиялық қандастар дайындаған мерекелік концертке ұласты.

«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY

Tel.: 8 (727) 279-38-17

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

вконтакте: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.