АЛМАТЫ. 11 сәуір. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттерінен құралған «Тек қана қыздар» жайдарман тобы республикалық КТА ойындарында үш кубок иеленіп, жарыстың келесі кезеңіне және Астана қаласының 25 жылдығына орай ұйымдастырылатын «Арнайы жоба» атты сайысқа  қатысуға жолдама алды.

1-10 сәуір күндері Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған маусымдық ойынға 30 команда қатысып, бақтары мен баптарын сынады. Соның ішінде үздік ойын өрнегін көрсеткен 16 топ телевизиялық жобаға қатыспақ.

– Тобымыздың құрылғанына биыл 7 жыл толды. Одан бері команда құрамы өзгерді. Қатарымызға өзіндік ойлары мен тың идеялары бар студенттер қосылды. Біз осы уақытқа дейін республикалық, аймақтық ойындарда көптеген жеңістерге жеттік. Бұл – еселі еңбекпен келген табыс. Алға қойған негізгі мақсатымыз да осы болатын. Қазір алдағы ойындарға қызу дайындық үстіндеміз. Болашақта бұдан да биік белестерді бағындыратынымызға кәміл сенімдіміз. Осы орайда ойынға қатысуға қолдау көрсеткен Қыздар Университетінің ректоры Гаухар Төремұратқызы Алдамбергеноваға алғыс білдіреміз, – дейді команда жетекшісі Мереке Қалбаева.

КТА ойындарына белгілі өнер қайраткерлері мен журналистер қазылық жасады.

– «Жайдарман» ойындарының жастардың тұлға ретінде дамуына, тапқырлығы мен талантын ашуға септігі зор. Осы ретте студенттердің құлшынысын қолдап, көптің көзайымына айналған игілікті істі ары қарай дамыта беру маңызды екені белгілі. Қоғамда болып жатқан көптеген оқиғаларды сын арқылы, әзіл арқылы жеткізу – «Жайдарманның» негізгі мақсаты. Оның ішінде, ең біріншіден, шығармашыл жастарға қолдау көрсете отырып, олардың тұлға ретінде дамуына үлес қосатын бірден-бір жобалардың бірі, – деп атап өтті шара ұйымдастырушылары.

«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY

Tel.: 8 (727) 279-38-17

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

вконтакте: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.