АЛМАТЫ. 12 сәуір. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гаухар Төремұратқызы Алдамбергенованың авторлық мақаласы.

Бүгінгідей жаһандану жағдайында мемлекет пен адам озық, бәсекеге сай болуы үшін, ең бірінші білім мен ғылым өркендеуі қажет. Баршамызға белгілі ғылым мен техникалық прогресс күн өткен сайын әлемге өзіндік жаңашылдығымен, инновациялық жаңа жобаларымен, заманауи технологиялық өзгерістерді алып келуімен ерекшеленуде. Кез келген технологиялық өзгеріс қай мемлекеттің болмасын экономикалық дамуында белгілі бір деңгейде серпіліс алып келері сөзсіз. Ал ғылыми жаңашылдыққа ілесе алмаған мемлекет экономикалық дамуында қандай да бір қиыншылықтарға тап болатындығын әлемдік тәжірибе жиі көрсетуде. Мемлекетіміздің ғылыми жаңашылдыққа ұмтылуына серпін берер күш – жастарымыз. Санасы сергек, жаңа технологияларды меңгерген өскелең ұрпақ Қазақстанның бәсекеге қабілетті елдерінің сапына қосуға үлес қосатындығына сенімдіміз.

Бұл орайда жастарды жақсылық пен ізгілікке, білімділік пен білгірлікке тәрбиелейтін педагог еңбегінің маңызы ауқымды. Заңғар қаламгеріміз Мұхтар Әуезов: «Ұстаздық – ұлы нәрсе» деген сөзі қай уақытта да ұстаз қызметіне берілген әділ де үздік баға болып қала бермек.

Тұңғыш Президентіміз негізін қалап, болашақ мақсаты мен мұратын нықтап берген Тәуелсіз мемлекетіміздің стратегиялық жоспарларын жүзеге асыруда, еліміздің одан арғы әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуын жалғастыруда ұстаз қауымы атқарар міндет пен парыз орасан зор.

Елбасы: «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады», – деп атап өтіп, әлем елдерінің алдыңғы сапында жүру үшін бәсекеге қабілеттіліктің бірінші кезектегі мәселе болатынын айтты. Ал бәсекеге қабілеттілікті қалыптастырып, оны ұдайы арттырып отыру үшін білімнің атқаратын рөлі айрықша зор екені белгілі. Осы орайда отандық жоғары оқу орындары тек білім берумен ғана шектелмей, олар – білім мен ғылымды ка­пи­­та­ли­зациялаудағы негізгі локомотив рөлін атқаруы тиіс.

Ресми деректерге сүйенер болсақ, бүгінде еліміздегі жас ғалымдар саны 60 пайызға артты. Жастарымыз болашақтың кілті сапалы білім мен ғылым екенін айқын түсініп келеді. Өркениет көшіне бет бұрған қыруар істің алтын арқауы болып есептелетін ғылыми-техникалық және экономикалық прогрестің негізгі қозғаушы күші – білім. Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үрдісі бір сәтке де толастамайды. Көрнекті ғалым, академик Қаныш Сәтбаев: «Ғалымға азық берер қайнар көзі кітап бетімен, лаборатория аумағымен ғана шектелмейді, өмірді танумен, еңбек адамының жасампаз ісін танумен кең өрісін табады»  деген сөзі бүгінде өз өміршеңдігін айқын дәлелдеп келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Әлем жаһандану, инновациялар мен технологиялардың жедел даму дәуіріне аяқ басты. «Білім экономикасына» өту адамзат дамуының жаңа кезеңі болып табылады. Және Қазақстан бұл үдерістердің шетінде, әлемдік дамудың шалғайында қалмауы тиіс. Біз Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену ұлттық стратегиясын жүзеге асыруға кірістік және алдымызға сапалық тұрғыдан жаңа экономика мен адам өмірінің стандарттарын қалыптастыру міндетін қойдық. Ол бәрімізден аса зор күш-жігер мен білімді талап етеді. Біз болашағынан үміт күттіретін ғалымдарды дайындауға ерекше назар аударатын боламыз» деп, әлемдік экономикалық даму тенденциясы қазақстандық ғалымдардың алдына инновация түріндегі экономиканы қалыптастыру міндетін жеткізген болатын.

Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында нарық талаптары өзгере бастады. Баршаңызға белгілі, бүгінде әлемдік және отандық жоғары оқу орындары дәстүрлі форматтағы оқу курстарының материалдарын интернетте жариялап, қолжетімділік деңгейін арттыруда. Атап айтқанда, «academia.kz», «kitap.kz», «100kitap.kz» сияқты білім беру порталдарының бастамалары орта білім беру мекемелері, колледжер мен университеттер үшін маңызы зор. Аталған жобаларды Қыздар Университетінің профессор-оқытушылары өздерінің интеллектуалды жұмыстарын коммерцияландыру, отандық педагогтарды қоғам арасында таныту және жалпы білім базасын кеңейту мүмкіндігі ретінде бағалап отыр.

Тәуелсіздік жылдарында Елбасы білім беру саласына ұдайы назар аударып келеді. Мемлекет басшысы биылғы жылғы Жолдауында да білім берудің сапасын жаңа деңгейге көтеру талабын алға қойды. Бүгінгі заманда білімнің адами капиталдың арттырудың алғышарты екеніне басымдық берген Президент білім беру жүйесін жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажеттігіне назар аударды.

70-жылдан астам уақыт аралығында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті үздіксіз педагог маман даярлаудың негізгі орталығына айналды. Бүгінде білікті кадрлардың санын арттыру мақсатында оқу орнында бірқатар тың жобалар қолға алынуда.  Олардың қатарында профессор-оқытушылар мен студенттердің тілдік біліктілігін арттыруға арналған «Полиглот» орталығын, Педагогикалық-психологиялық түзету кабинетін, Латын әліпбиін үйрету орталығын, Co-working практикалық-бағыттағы оқыту алаңын жасауды қамтамасыз ететін «Ақ жол» балабақшасын атап өтуге болады. Мұның барлығы да ойы мен танымы дамыған, талантты, зерделі кадр даярлауға септігін тигізеді деп ойлаймыз.

Жаңа мыңжылдықта білімі мен білігі үйлескен мамандардың бәсі басым болмақ. Бұны уақыттың өзі айқындап отыр. Отандық жоғары оқу орындарының алдында ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Осынау ауқымды жауапкершілікті абыроймен атқару педагогтарға жүктелген мәртебелі міндет. Дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпағымен кеңеймек. Өскелең жасты  еліміздің тұтқасы, қатарының көшбасшысы етіп тәрбиелеу – ғасырға жуық үздіксіз кадр даярлап келе жатқан Қыздар Университетінің басты бағдары.

«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY

Tel.: 8 (727) 279-38-17

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

вконтакте: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.