АЛМАТЫ. 13 сәуір. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Эрудит – 2018» интеллектуалды студенттер сайысы өтті.

Білім жарысына Педагогика және психология факультетінің студенттері қатысты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қарастырылған басым бағыттарын жүзеге асыру, педагогикалық мамандықтарда білім алып жатқан студенттерге психология ғылымын меңгерту, кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған сайыс төрт кезең бойынша жүргізілді.

Қатысушылар алғашқы турда «Жалпы психология» пәні бойынша жасырылған сұрақтарға жауап берсе, екінші кезеңде зертханалық жұмыс жасап, біліктіліктерін көрсетті. Ал үшінші айналымда көркем фильмдердегі эпизодтардағы психологиялық тұрғыда психоанализ жасау қарастырылған. «Кім жылдам?» атты соңғы турда викториналық сұрақтар қойылды.

Жарыс барысында «Дефектология» мамандығының 2-курс студенті Гүлсезім Күзембаева, «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығының 2-курс студенті Айдана Тәжмахан, «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының 2-курс студенті Ұлболсын Тұрғынбек және «Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту» мамандығының 2-курс студенті Құндызай Басыбек өздерінің білімдерін дәлелдей білді.

– Білімді, білікті һәм зияткерлік әлеуеті биік маман – бұл қай уақытта да ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, шығармашылық қабілеті мол тұлға. Ол заманауи әдіс-тәсілдерді өмірге ендіруге дайын қоғамның ең озық бөлігінің бірі деп есептеледі. Және солай болуға тиіс. Жоғары оқу орнында білікті кадр даярлау үшін оқытушының да, студенттің де қажымас еңбегі қажет. Бұл тұрғыда осы тақілеттес білім бәйгелері болашақ мамандар даярлау жүйесінде маңызды болып табылады және олардың кәсіби өсуін қамтамассыз етеді, – дейді Теориялық және практикалық психология кафедрасының меңгерушісі Лаура Ермекбаева.

Қазылар алқасының шешімі және жинаған ұпай санының көрсеткіші бойынша бірінші орынға Айдана Тәжмахан лайық деп танылды. Екінші орынға Құндызай Басыбек ие болса, үшінші орын Гүлсезім Күзембаеваға бұйырды. Ал, Ұлболсын Тұрғынбек «Ізденімпаз, шығармашыл және зерделі» номинациясымен марапатталды.

 «QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY

Tel.: 8 (727) 279-38-17

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

вконтакте: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.