АЛМАТЫ. 15 сәуір. Media_Ortalyq – «Қызым саған айтамын…» Осындай атаумен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде көрнекті қаламгер, ұлттық салт-дәстүрді насихаттаушы, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметовамен кездесу өтті.

Тағылымды тәрбие мен өрісті білімнің іргелі ордасы атанған, көзіқарақты зиялы қауым «ізеттілік пен үлгі-өнеге отауы» деп ат қойып, айдар таққан  Қыздар Университетіндегі тағылымға толы жүздесуде Зейнеп Ахметова отбасылық құндылықтар, қазақ дәстүрінің заман ағымына сай жаңғыртылуы, адамгершілік, ізгілік сынды мәселелер төңірегінде ой қозғады.

– «Үлкеннен – үлгi, ағадан – өнеге, атадан – ақыл» деген бабадан қалған ұлғатты сөз бар. Менiң де азды-көптi айтып жүргендерiм – ақ сақалды аталар мен ақ шашты әжелерден естiгендерiм мен көзбен көрiп, көкейге түйгендерiм. Не десек те, бүгінгі жастарға қарағанда, бiздiң балалық шағымыз, тәрбие алған ортамыз өзгешелеу болды. Өз басым басқа ұлт араласпаған түкпiрдегi таза қазақ ауылында өстiм. Ол кезде тумысынан көкiрек көзi ашық ақылгөй аталар мен әдеп-инабаттың кенiндей тектi әжелер көп секiлдi едi. Халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары үкiсi қисаймай, күнделiктi тiршiлiкте табиғи түрде өз жөнiмен өтiп жататын. Бұл күнде өзiмнен кейiнгi жасы кiшi жас ұрпаққа алдымда өтiп кеткен шежiре қариялардың үлгi-өнегесiн, тiршiлiк тұжырымдарын, дүниетанымын айта жүрудi өзiме мiндет санаймын, – деді Зейнеп Ахметова.

Сондай-ақ, жиын барысында ол Бауыржан Момышұлы жайлы қызықты да тартымды әңгіме өрбітті.

– Жас кезімізде атаның кітаптарын оқып, ол кісі туралы аңызға бергісіз әңгімелерді естіп өстік. Отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын баяғының батыры сияқты елестетінбіз. Алпыс үшінші жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы университеттің Филология факультетінде үшінші курста оқып жүрген кезімізде атамен кездесу болды. Бірінші рет сол кезде көрдім ол кісіні. Сонда: «Бұл кісі де біз сияқты адам екен-ау», – деп ойлағаным есімде. Ал, енді бірінші рет келін ретінде атамен қалай кездескенім туралы «Шуақты күндер» атты естелік кітабымда толығырақ жазылған, – деп атап өтті ол.

Кездесуде қыз бала тәрбиесі туралы да әңгіме қаузалды.

– Қазақ халқы қыз баланы қатты қадірлеген. Бойжеткенді аз күнгі қонақ, ертеңгі күні басқа үйдің табалдырығын аттайды ғой деп алақанына салып аялап өсірген. Сонымен қатар, қызға беруге қажетті тәлім-тәрбиені бойына сіңіруге тырысқан. Бар тәттіні аузына тосып, бар жақсыны қызына кидірген. Қазақтың қыздары басына кәмшат бөрік, үкілі тақия, моншақты сораба киген. Мен қазақтың қыздары мен келіндеріне бір ғана нәрсе айтамын. Ары, намысы үшін жанын құрбан еткен ата-әжелер мен аналардың сарқыншағы болып, солардай арлы болса екен, солардай ізетті болса екен деймін. Сонда ғана оның ұрпағы өсіп өнеді, өзінің басы да сыйлы болады. Ізетті қыздарымыз, бесік тербететін ибалы келіндеріміз көп болсын деймін. Сонда ғана халқымыздың көсегесі көгереді, – деді өз сөзінде Зейнеп Ахметова.

Іс-шара аясында Қыздар Университетінің Әлеуметтік және тәрбие департаментінің директоры Жаңагүл Сұлтан жазушыға оқу орнының ұжымы мен студенттері атынан ізгі лебізін білдіріп, сый-сияпат көрсетті.

Кездесу соңы Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің студенттері дайындаған концертке ұласты.

 «QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY

Tel.: 8 (727) 279-38-17

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

вконтакте: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.