ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

 «ОҚУЛЫҚ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ

ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

 

ПРЕСС РЕЛИЗ

 

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетімен бірлесе отырып 2018 жылғы сәуірдің 27-28 күндері  Алматы қаласында «Білім беру ресурстарын жаңғырту: тәжірибе және болашағы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізеді.

Конференция мақсаты: білім беру мазмұнын жаңартудың өзекті мәселелерін талқылау, қазақстандық және шетелдік компаниялардың ақпараттық және білім беру ресурстарын әзірлеу мен модификациялаудағы жетістіктерімен таныстыру, оқулықтану және оқулық басып шығару саласы бойынша  тәжірибе алмасу, серіктестік байланыс орнату.

Конференция бағдарламасы аясында ғылыми баяндамалар, көрме-таныстырылымдар, дөңгелек үстелдер, стендтік баяндамалар, шеберлік сыныптары мен оқыту курстарын ұйымдастыру жоспарланған.

Конференция барысында жаңартылған мазмұн бойынша әзірленіп, 2018-2019 оқу жылында білім беру процесіне енгізілетін 3, 6, 8 сыныптардың оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерінің таныстырылымы өткізіледі.

Конференцияға қатысушылар АҚШ-тың, Англияның, Венгрияның, Ресейдің цифрлық білім беру ресурстарын дамытудағы, басылымдар мен оқу-кітабын жариялау саласында тәжірибе алмасып, әріптестік қарым-қатынастар орнататын қазақстандық басылымдар мен компаниялардың жетістіктерімен танысуға мүмкіндік алады. Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстанның жетекші сарапшылары өз елдерінің латын әліпбиін жүзеге асыру тәжірибесін ұсынады.

27 сәуір – Конференцияның бірінші күнінде пленарлық отырыс және секциялық мәжілістер өтеді.

Конференцияның  негізгі бағыттары (секциялары):

Білім беру ресурстарын әртараптандыру және оқу әдебиеттерін әзірлеу мен сапасын бағалаудың жаңа тәсілдемелері.

Білім беру ресурстарын цифрландыру – жаңа білім мен үздік білім беру тәжірибелерін меңгерудің даңғыл жолы.

Оқу әдебиеттерін латын әліпбиіне көшірудің әдістемелік мәселелері.

Үштілділікке көшу жағдайында оқу басылымдарын әзірлеу: тәжірибе және болашағы.

Заманауи білім беру ортасы және педагогикалық қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігін дамыту.

28 сәуір – Конференцияның екінші күнінде әдебиет авторлары брифинг өткізіп, қатысушыларды 2018-2019 оқу жылында енгізілген оқулықтар мен ОӘК мазмұны мен ерекшеліктерімен таныстырады. Түстен кейін мастер-кластар өткізіледі.

Конференция тілі: қазақ, орыс, ағылшын.

Конференцияның өткізілетін орны:  Алматы қаласы, Гоголь к-сі-114,  Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті

       Конференцияның басталуы: 27 сәуір, сағат 9.00-дан 10.00-ға дейін – оқу әдебиеттерінің көрмесі.

       Ұйымдастыру комитетінің байланыс телефондары:  87479041245 «Оқулық» РҒТО), 8(7272) 331832, 2331767 (ҚазМемҚызПУ).

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.