АЛМАТЫ. 8 мамыр. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Университет  аруы – 2018» байқауы өтті. Дәстүрлі сұлулар сайысына 6 қыз қатысты. Арулардың барлығы да оқу орнының студенттері.

Шамамен 30 қатысушы қатысқан жобаның кастингінде қазылар байқаудың финалына ең сұлу қыздарды таңдады. Жарыстың финалына Педагогика және психология факультетінің 2-курс студенті Ақерке Болат, Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің 3-курс студенті Лаура Қожантай, Жаратылыстану факультетінің 1-курс студенті Индира Абдрахимова, Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің 1-курс студенті Бірлес Ырысалды, Физика-математика факультетінің 2-курс студенті Лиза Аблеким, Өнер және мәдениет факультетінің 2-курс студенті Айкерім Нұрмәулен шығып, өз өнерлері мен сұлулықтарын көрсете білді.

Байқау өзін-өзі таныстыру, ортақ би, дарындар байқауы және қалыңдық көйлегін киіп, сахнада жүру сияқты 4 кезең бойынша ұйымдастырылды.  Сайыста қыздар өздерін таныстырып, өресінің биіктігін танытуға ұмтылды. Артынша шығармашылық шеберліктерін сынатты. Әркімнің қабілеті әртүрлі. Таңдаған салалары да әр алуан. Десе де шама-шарқынша өз өнерлерін паш етті. Үшінші кезеңде ой ұшқырлығы сыналып, білім деңгейлері тексерілді. Қыздарға қойылған сауалдарға жан-жақты, дәлірек айтқанда сауатты жауап талап етілді. Сәнқойлық сынаққа да өріс ашылды. Бұл кезеңде отандық дизайнерлердің қолынан шыққан сән көйлегі үлгілері дәріптелді. Сыртқы сымбат сыналып, сахнадағы жүріс-тұрысқа да мән берілетін тур осы. 

Жинаған ұпай қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен «Университет аруы – 2018» байқауында Педагогика және психология факультетінің студенті Ақерке Болат өзгелерден оқ бойы озып шығып, үздік деп танылды.

Жеңімпазға арнайы диплом мен ауыспалы тәжді «Университет аруы – 2017» байқауының жеңімпазы Ақтоты Төлеуғалиева салтанатты жағдайда табыстады.

–  Сұлулар сайысына қатысушылардың барлығы да үлкен дайындықпен келгендігі көрініп тұр. Бәрі де бас жүлдеден үмітті еді. Шетінен сұлу, өнерлі. Қазылар алқасы шын мықтыны анықтау мақсатында әрбір үміткерді жан-жақты талдап барып, нақты шешім қабылдады, – дейді шара ұйымдастырушылары.

MEDIA DEPARTAMENTI

BASPASÓZ JÁNE QOǴAMMEN BAILANYS BÓLIMI

Tel.: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

вконтакте: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.