АЛМАТЫ. 14 мамыр. Media _Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын талқылауға арналған жиын өтті.

Басқосуға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының ұжымы мен студенттері қатысты. Атап айтқанда, шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филолог-ғалым, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы Асылы Осман, М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясының «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің бас менеджері Айгүл Сәрсенбаева, Қазақ спорт және туризм академиясының Жастар бөлімінің жетекшісі Әли Сұлтанғали, Д. Қонаев мұражай-үйінің директоры Болысбек Батталханов қатысып, Елбасының еңбегі турасында ойларымен бөлісті.

Тарихи публицистика жанрында жазылып, қазақ және орыс тілдерінде басылған Елбасының бұл кітабында еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы тарихы мен оның болашағына деген автордың көзқарасы кеңінен қамтылған. Еңбекте қазақстандық даму үлгісінің ерекшеліктері, басты ұстанымдары және қозғаушы күші де сараланған. Сондай-ақ, бірінші және екінші жаңғырту аясында тоталитарлық жүйеден түбегейлі ажырап, нарықтық экономиканы құру және бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына қосылу міндеті мерзімінен бұрын орындалғаны айрықша атап өтіледі. Бұған қоса елімізді әлемдегі өркениетті 30 мемлекеттің қатарына қосу міндетін жүзеге асыру жолдары да көрсетілген.

– Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» деп аталатын жаңа кі­табы – бұл, әрине мемлекеттілікті қалыптастыруда іргелі өзгерістер орын алған егемендіктің 26 жылына деген авторлық көзқарас. Елбасымыздың жүрек төріндегі толғаныстарынан шыққан бұл кітапты бәріміздің қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасының негізін қалаған Тұңғыш Президентіміздің өз қолымен жазылған Тәуелсіздік энциклопедиясы деп атауға толық негіз бар. Шындығында тарихи маңызы зор бұл кітаптың ел танытушы құрал ретінде халқымызға берері мол, – деп атап өтті Асылы Осман.

Кітап еліміздің жаңа тарихын тұтас қамтыған, мазмұны аса бай 4 бөлімнен тұрады. Нақтырақ айтқанда, «Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы (1991-1995 жылдар)», «Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуы (1996-1999 жылдар)», «Қияға құлаш сермеу. Қазақстанның екінші жаңғыруы (2000-2010 жылдар)», «Қалыптасқан мемлекет. Қазақстанның үшінші жаңғыруы (2010-шы жылдар)» бөлімдері оқырман назарына ұсынылып отыр. Кітапта әр бөлімнің өзі бірнеше бөліктерге бөлінген. Олардың да атауларына зор мән беріліп, жаңа тарихымыз бен қазақстандық құндылықтардың дәуірлік оқиғалары нақты әрі дәл суреттелген. Атап айтқанда, «Тарихи әділеттілік салтанаты», «Тұғыры берік мемлекеттік құрылым», «Басты құндылығымыз – бейбітшілікті қастерлей білдік», «Жаңалықтың жылы лебі және қайта түлеген дәстүр», «Сыртқы саясат: тыңға түрен салғандай…», «Қияға көз тіккен Қазақстан барысы», «Баянды болсын Бас қала!», «Саяси тұрақтылықтың жемісі», «Тәуелсіздік рухымызды шыңдады», «Біз әлемдік дағдарыс сынағына төтеп бердік», «Бұрын-соңды болмаған зияткерлік өрлеу» және тағы басқа бөлімдерде еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі жарқын сәттері толыққанды баяндалған.

Жиын соңында Қыздар Университетінің студенттері де Елбасының еңбегі жайында баяндамалар жасап, өзіндік пайым-пікірлерін білдірді.

MEDIA DEPARTAMENTI

BASPASÓZ JÁNE QOǴAMMEN BAILANYS BÓLIMI

Tel.: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

вконтакте: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.