АЛМАТЫ. 1 маусым. Media _Ortalyq –  Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асанның авторлық мақаласы.

Жетпіс бес жылдық тарихы бар Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті ұстаздардың ұстаханасы атанған оқу орны. Бәсекеге қабілетті, білімді һәм заманға сай бейімделген маман даярлау басты мақсаты болып табылатын қара шаңырақта көптеген игілікті істер атқарылып жатқаны көзі қарақты қауымға белгілі. Біз бүгін білім ордасындағы соңғы 9 айдағы 10 оң өзгерісті назарларыңызға ұсынып отырмыз.

ЛАТЫН ТІЛІН ҮЙРЕТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Қыздар Университетінде латын тілін үйрету орталығы ашылды. Білім беру мекемесінде оқу орнының профессор-оқытушылары мен студенттері латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиі бойынша оқып, жазуды меңгереді. Сонымен қатар, мұғалімдердің біліктілігін тереңдетуге және жетілдіруге бағытталған қосымша кәсіби білім беру бағдарламалары жүргізілмек. Бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейтін орталыққа білікті тіл мамандары жұмылдырылады. Орталықта оқу ордасының ғалымдары жаңа әліпбидің орфографиясы мен орфоэпиясын қалыптастыру бағытында арнайы сабақтар мен курстар өткізеді. Сондай-ақ, оқу-әдістемелік кешен жасалып, арнайы оқу құралдары да жарық көрмек. Қазіргі күнде арнайы тұжырымдама жасалып, негізгі басым бағыттары түзілді. Айта кетейік, қазақ тілін латын графикасына көшіруді Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі етіп бекіткен. Сәуір айында жарияланған осынау бағдарламалық мақаланы жүзеге асыру үшін қазіргі таңда бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Олардың қатарында латын әліпбиіне көшуге арналған ғылыми конференциялар мен пікірсайыстар да бар.

 

* * *

УНИВЕРСИТЕТ «ХАБАРШЫСЫ» ТАҢДАМАЛЫ ҒЫЛЫМИ БАСЫЛЫМДАР ТІЗІМІНЕ ЕНДІ

«Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Хабаршысы» Қазақстан Республикасының білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті тарапынан ғылыми зерттеулердің негізгі нәтижелерін жариялау үшін ұсынылған ғылыми басылымдар тізіміне енгізілді. Журнал 2006 жылдан бері жарық көріп келеді. Осы уақыт аралығында басылымның 70-тен астам саны шықты. Оқу орнының «Хабаршысы» «Педагогика және психология», «Жаратылыстану», «Физика, математика, информатика», «Тарих, экономика, құқық», «Филология», «Өнер және мәдениет» пәндері бойынша ғылыми және педагогикалық мазмұндағы қазақ, ағылшын және орыс тілдеріндегі мақалаларды жариялайды. Басылымның шығу жиілігі – жылына 4 рет.

 

* * *

АҚПАРАТТЫҚ НАСИХАТ – ОҢ ИМИДЖ КЕПІЛІ

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің қызметін ақпараттық-имидждік тұрғыда ілгерілету – Медиа департаментінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі жұмысының басым бағыттарының бірі. Осы орайда жыл басынан бері оқу орнында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар туралы халықаралық, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында 800-ге жуық материал жарық көрді. Оқу орнының ақпарат саласына жауапты бөлімі кешенді медиа-жоспар аясында білім ордасындағы атқарылып жатқан жұмыстарды ақпараттық тұрғыда насихаттауды басты назарда ұстайды. Бүгінде осы бағытта ақпараттық қолдау көрсететін 3 республикалық телеарна, 2 радио, 12 газет пен 25 интернет-порталды қамтитын БАҚ бойынша өзара іс-қимыл реттелген. Сондай-ақ, kazmkpu.kz ресми-интернет ресурсы мен оқу орнының әлеуметтік желідегі ресми парақшалары соңғы 7 ай белесінде күнделікті, үздіксіз қазақ және ағылшын тілдерінде ақпарат таратып келеді. Сонымен қатар, «Kazmkpu.kz» ресми интернет-ресурсы жаңарды. Мақсат – сайттың тиімділігін, азаматтарға қажетті ақпараттың қолжетімділік деңгейін арттыру және ресурсты заман талабына сай дамыту. «Qyzdar University TV» интернет телеарнасы да ашылып, YouTube бейнехостингі арқылы ақпарат таратуда. Университеттің Instagram, Facebook, Google+ және Вконтакте желілерінде ресми парақшалары ашылды. Желілерде университет жаңалықтары, хабарландырулар мен өзге де қызықты деректер күнделікті қазақ, ағылшын тілінде сапалы фотолармен жарияланып тұрады.

 

* * *

«QYZDAR ÝNIVERSITETI» ГАЗЕТІ МЕН «ҚЫЗ ҒҰМЫР» ЖУРНАЛЫ ЖАҢА ФОРМАТТА ЖАРЫҚ КӨРДІ

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Qyzdar Ýnıversıteti» газеті биылғы жылдың қаңтар айынан бастап форматтық, дизайндық және мазмұндық өзгерістермен жарық көрді. Заманауи қоғамда қандай да бір белгінің яки брендтің имиджін көтеру мақсатында ребрендинг әдісі қолданылады. Осыған орай оқу орнының «көзі, құлағы һәм тілі» болып отырған газетке деген көпшіліктің жаңа көзқарасын қалыптастыру үшін арнайы логотипі де жасалды. Басты ұстаным – оқу орнының арнайы брендін қалыптастыру, жаңалықтарды беру барысында жылдамдық пен шынайылық таныту. Басылымның жаңа үлгісі А минус 2 немесе көптеген шетелдік жетекші газеттердің пішіміне сай D 2 деп аталады. Бұл осы уақытқа дейін шығып келген «Қыздар Университетінің» форматынан үлкендеу. Оқуға ыңғайлы. Кәсіби мамандар арасында «еуроформат» аталған бұл үлгіде Ұлыбританияның «Financial Times», «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері шығады. Сонымен қатар, бұған дейін «Алашшыл жас» атауымен жарық көріп келген журнал наурыз айынан бастап «Қыз ғұмыр» атауымен шықты. Журналдың мазмұны да түбегейлі өзгерді.

 

* * *

«ДАРА» АРТ-ГАЛЕРЕЯСЫ – ӨНЕР ОРДАСЫ

Қыздар Университетінде «Дара» арт-галереясы ашылды. Шара Қазақстан жас ғалым-педагогтарының I республикалық Слетінің қарсаңында пайдалануға берілді. Арт-галереяның ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова, отандық жоғары оқу орындарының ректорлары мен жас ғалымдар қатысты. Мақсат – оқу орнының кәсіби қылқалам шеберлерінің еңбектерін кеңінен дәріптеу. Арт-галереяда Қыздар Университетінің Кәсіптік білім кафедрасының профессор-оқытушылары мен студенттерінің 20-дан астам картинасы қойылған. «Дара» атауына сәйкес, галереяға қойылған өнер туындылары ортақ идеяға бағынып, бір тақырыпты қаузайды.  Ол –  еліміздегі тек қыздар білім алатын бірден-бір жоғары оқу орнының өзіндік ерекшелігі, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, этнотақырыптар және туған елдің табиғаты.

 

* * *

ҚАЗАҚСТАН ЖАС ҒАЛЫМ-ПЕДАГОГТАРЫНЫҢ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ҚҰРЫЛДЫ

Қазақстан жас ғалым-педагогтары бірінші республикалық Слеті қарсаңында отандық жас ғалымдардың Қауымдастығы құрылды. Ұйымды құру Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арнаған Жолдауын іске асыру мақсатында жүзеге асырылып отыр. Қауымдастықтың құрылтайшысы – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті. Қауымдастықты құрудағы басты мақсат – мемлекет пен қоғам дамуына белсенді қызмет ететін, жаңаша тұрғыда ойлай алатын жас педагог-ғалымдарды біріктіру, олардың диалог алаңын құру. Сонымен қатар, білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелер бойынша жас педагогтардың жүйеленген пікірлерін мүдделі тараптарға жеткізу, оқыту мен тәрбиелеудің тиімді технологияларымен алмасу, ғылыми-зерттеулер жүргізу және шетелдік жоғары оқу орындары, колледж, мектептердің жас педагог-ғалымдар Халықаралық Қауымдастықтар, одақтар, кеңестермен байланыс орнату да қарастырылған. Қауымдастыққа мүше ретінде 35 жасқа дейінгі жоғары білім беру жүйесінде қызмет ететін, педагогика саласында ғылыми зерттеу тәжірибесі бар оқытушылар тіркеле алады.

 

* * *

ДИССЕРТАЦИЯЛЫҚ КЕҢЕС АШЫЛДЫ

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Филология» мамандықтары бойынша диссертациялық кеңес құрылды. Кеңес Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының «Жоғары оқу орындарында философия (PhD) докторы, бейіні бойынша докторы ғылыми дәреже беру бойынша докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестер ашу туралы»  бұйрығына сәйкес құрылып отыр.  Кеңес төрайымы болып Қыздар Университетінің Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жарқынбике Сүлейменова тағайындалды. Ғылыми органның құрамы 13 адамнан тұрады. Олардың қатарында белгілі ғалымдар мен тіл мамандары бар. Бұл оқу орнының ғана емес, еліміздегі филология ғылымының дамуына ашылған жол. Себебі диссертациялық кеңес – ғылыми зерттеу жолына түскен болашақ ғалымдардың еңбегін саралап, жіті ғылыми сүзгіден өткізетін ғалымдар кеңесі.

 

* * *

«ДАРА» КОРРЕКЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛАДЫ

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Дара» коррекциялық орталығы ашылады. Педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті «Дара» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен жоғары оқу орнының базасынан алғаш рет пайдалануға берілмек. Бұл орталық мүмкіндігі шектеулі балалардың адамгершілік, еңбексүйгіштік қасиеттерін қалыптастырып, олардың өмірге деген құштарлық сезімдерін ояту, ой-өрістері мен ойлау қабілеттерін жетілдіріп, толыққанды азамат дәрежесіне жеткізу мақсатында жұмыс жасамақ.

 

* * *

ҚЫЗДАР УНИВЕРСИТЕТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК 20 ЖОО ҚАТАРЫНА ЕНДІ

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті Қазақстанның 2018 жылғы үздік 20 жоғары оқу орындарының рейтингісінде 7-орынға ие болды. АРТА ұлттық рейтингісіне қатысуға еліміздің 75 жоғары оқу орыны өтініш берді, алайда 17 білім беру ұйымы өтінішті дұрыс толтырмағаны үшін рейтингтен шеттетілді. Қазақстан Республикасының 2018 жылғы жалпы рейтингісіне 58 жоғары оқу орны, оның 6 ұлттық, 21 мемлекеттік, 7 акционерлік және 24 жеке меншік білім беру ұйымдары кірді. Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің ұлттық рейтингі қазақстандық жоғары оқу орындарына өздерінің ұстанымдарын айқындауға, білім беру қызметтерінің бәсекеге қабілеттілік деңгейін бағалауға, жоғары оқу орындарының жоғары сапалы жұмысына жәрдемдесуге және ең бастысы – білім алушыларды көптеп тартуға және жұмыс берушілер үшін тартымдылықты кеңейтуге мүмкіндік береді.

 

* * *

БІЗДІҢ СТУДЕНТТЕР – ЖҮЗДЕН – ЖҮЙРІК, МЫҢНАН – ТҰЛПАР

2017-2018 оқу жылында Қыздар Университетінің студенттері 20-ға жуық халықаралық, республикалық және аймақтық білім олимпиадаларында жүлделі орындарға ие болып, оқу орнының мерейін тасытты. Сонымен қатар, білімгерлер елімізде өткен түрлі ғылыми жобалар байқауы мен зияткерлік ойындарда жеңіс тұғырына көтерілді. Университет даңқы тек қана білім сайыстарында ғана емес спорттық додаларда да жиі шығып жүр. Атап айтқанда, университет спортшылары Қазақстан Республикасының IX Жазғы Универсиадасына спорттың 23 түрінен қатысып, 54 жоғары оқу орнының ішінде жалпыкомандалық есепте 7-орынға табан тіреді. Аталған байрақты бәсекеде университет қоржынына жалпы саны 69 медаль түсті. Оның 17-сі алтын, 14-ы күміс, 37-і қола. Бір бұл ғана емес. Арулар оқу орнындағы 20-дан астам спорт секцияларына қатысып, денсаулығын шыңдап қана қоймай көптеген байрақты бәсекелерде өзгелерден оқ бойы озық тұр.

Жандар АСАН,

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы

MEDIA DEPARTAMENTI

BASPASÓZ JÁNE QOǴAMMEN BAILANYS BÓLIMI

Tel.: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

вконтакте: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.