АЛМАТЫ. 7 маусым. Media _Ortalyq – 8-маусым күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Дара» психологиялық-педагогикалық түзету орталығы ашылады.

Орталықтың ашылу рәсіміне ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, жоғары оқу орындарының басшылары мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысады.

Жоба Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті мен «Дара» жеке Қайырымдылық Қоры және Алматы қаласы білім беру басқармасы арасындағы өзара келісімшарт негізінде жүзеге асырылып отыр.

Мақсат – инклюзивті білім беру ұстанымдарын іске асыру, Қазақстандағы арнайы білім беруді қолдау, мүмкіндігі шектеулі балаларды білім беру ресурстарымен қамтамасыз ету және болашақ педагог мамандарға практикаға бағдарланған білім беруді дамыту.

Орталықта жарымжан және мүгедек сәбилер мен жеткіншектер емделіп, емдік-сауықтыру шаралары жүргізіледі. Бұл қызметтердің барлығы да тегін көрсетіледі. Балаларға тифлопедагог, логопед, дефектолог, психолог, дене шынықтыру мамандары тегін қызмет жасайды. Орталықта педагогтармен қатар студенттер де жасөспірімдердің тұрмыстық-әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға көмектесіп қана қоймай, оларды балабақша мен мектепке дайындайды.

– Қыздар Университетінің базасында ашылған «Дара» педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті мүмкіндігі шектеулі балалардың бойында адами қасиеттерді қалыптастырып, олардың өмірге деген құштарлық сезімдерін ояту, ой-өрістері мен ойлау қабілеттерін жетілдіріп, толыққанды азамат дәрежесіне жеткізу мақсатында жұмыс жасамақ. Әлеуметтік әділдік, теңдік, өзара сыйластық пен қамқорлық туралы ниетті тек қана мемлекет емес, азаматтық ортаның өзінің көтеруі – қоғамымыздың кемелденгенін, жаңғырғанын көрсетеді, – дейді оқу орнының Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан.

BASPASÓZ JÁNE QOǴAMMEN BAILANYS BÓLIMI

Tel.: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

вконтакте: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.