АЛМАТЫ. 13 маусым. Media _Ortalyq – Алматы қаласының Алмалы ауданы бойынша ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің қызметкерлері жеңімпаз атанды.

Өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін таратуға, отбасы мәртебесін жоғарылатуға бағытталған сында Педагогика және психология факультетінің доценті, психология ғылымдарының кандидаты Ұлдар Ауталипова мен Медиа департаментінің қызметкері Ырғынбек Меденің отбасылары өз өнерлерімен өзгелерден озып шықты. Жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хатпен және сыйлықпен марапатталды.

Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы. Жарасымды жанұя мен ізгілікті қасиеттерге толы әулет қашан да көпке үлгі болуы тиіс. Осы мақсатта 2013 жылы Елбасы жарлығымен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жарияланған болатын.

Байқаудың мақсаты – отбасы инсти­тутын нығайту, балаларды тәрбиелеудегі ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды жаңғырту, оны кеңінен дәріптеу және қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау болып табылады.

Сайыс шарты бойынша әр аймақта алдымен іріктеу кезеңі өтеді. Мұнан соң қалалық немесе облыстық шарада өңір намысын қорғау үшін бір ғана үміткер республикалық ақтық мәреге жолдама алмақ.

– Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын бұл байқаудың маңызы ерекше. Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Ендеше әрбір жанұя мерейлі, мәртебесі биік болса, қазақ елінің де абыройы асқақ болары анық. ХХI ғасырдың ортасында отбасыларының басым көпшілігі тыныштық пен молшылықта өмір сүретін ел ғана ең дамыған мемлекет қатарында болады. Ұлағатты отбасы балаларды тәрбиелеп, оларға сапалы білім береді, аға буынға қамқорлық көрсетеді, саламатты өмір салтымен жүреді. Әрбір отбасының тарихы, бұл  – Қазақстан тұрмысының үлкен энциклопедиясы. Ең лайықты және құрметті отбасылар ғана байқау жеңімпазы болады, – дейді шара ұйымдастырушылары.

BASPASÓZ JÁNE QOǴAMMEN BAILANYS BÓLIMI

Tel.: 8 (727) 237-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

вконтакте: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.