АЛМАТЫ. 5 шілде. Media _Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ең байырғы білім ошақтарының бірі – Жаратылыстану факультетінің түлектері үлкен өмірге жолдама алды. Биыл факультетті 173 студент пен 27 магистр тәмәмдап отыр. Олардың 41-і үздік диплом иегері.

Салтанатты жиында факультет деканы Қажымұқан Кішібаев «ұстаздар ұстаханасы» атанған университеттің 74-ші түлектерінің асқақ армандарының орындалуына тілектестігін білдіріп, ізгі ниетін жеткізді. 

– Әр жоғары оқу орнының жұмысының көрсеткіші – түлектері. Түлектерінің еңбек жолындағы табыстары – оқу орны үшін зор мақтаныш. Осы орайда Қыздар Университетінің бітірушілері қоғамның барлық саласында белсенді еселі еңбек етіп, алдыңғы қатардан көрініп келеді. Өз ісінің шебері атанып, туған білім ордасының дәрежесін көтеріп жүрген барша түлектерімізге үлкен алғысымызды жеткіземіз. Сіздер де алдыңғы буын сияқты еліміздің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлестеріңізді қосатындарыңызға сеніміміз кәміл. Жолдарыңыз болсын! – деді ол өз сөзінде.

Факультеттің биылғы түлектерінің қатарында «Химия» мамандығы бойынша VIII республикалық пәндік олимпиаданың 3-орын иегері Айман Өмірзақ, «География» мамандығы бойынша республикалық пәндік олимпиаданың 1-орын иегері Арайлым Жапекова, «Жыл студенті – 2015» номинациясының иегері Гаухар Алайдарова сияқты бітірушілер бар.

Айта кетейік, бүгінде Жаратылыстану факультетінің 3 кафедрасы 8 бакалавриат, 4 магистратура және 2 PhD докторантура мамандығы бойынша ұстаздар даярлайды.

BASPASÓZ JÁNE QOǴAMMEN BAILANYS BÓLIMI

Tel.: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

вконтакте: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.