АЛМАТЫ. 5 шілде. Media _Ortalyq – Биылғы оқу жылында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Өнер және мәдениет факультетін 64 студент пен 5 магистр бітірді. Түлектердің 23-і үздік диплом иегері.

Өнер мен мәдениет – халықтың жаны, ұлттық болмыстың өзегі. Елдің рухани жаңғыруына негіз болатын бірден-бір салалардың бірі һәм бірегейі. Тарихқа алтын арқау, салтқа сүйеу, дәстүрге діңгек болар төл мәдениетіміздің болашақ шырақшыларын дайындайтын білім ордасы кезекті түлектеріне үлкен өмірге жолдама берді.

Педагогикалық университеттің профессор-оқытушылары мен студенттері және ата-аналар қатысқан салтанатты жиында факультет деканы Гүлнұр Өмірбаева түлектерге сәт-сапар тілеп, диплом табыстады. Жұртшылық алдында барлық бітірушілер атынан оқуда озат, қоғамдық жұмыста белсенділік көрсеткен студенттер оқу ордасының ұжымына алғысын жеткізді.

– Бүгін аяулы ұстаздарымызбен қоштасып, студенттік кездегі достарымызбен биікке қанат қағып барамыз. Барлығымыздың да алға қойған үлкен мақсатымыз бар. Сол үкілеген армандарымызды орындауға ұмтылудамыз. Бізді білім әлемінде өз таңадаған болашақ кәсібімізге сай маман болып қалыптасуға жол салған барша азаматтарға алғысымыз шексіз. Университет қабырғасында өткен төрт жыл көлемінде олар біздің қамқоршымыз, тілекшіміз бола білді, – деп жүректен шыққан ізгі ниетімен бөлісті жас түлектер.

Айта кетейік, бүгінде Өнер және мәдениет факультетінде есімі елге белгілі өнер қайраткерлері мен мәдениет майталмандары қызмет атқарады. Қазіргі күнде факультетте 4 ғылым докторы мен профессор, 16 ғылым кандидаты мен доценті, 4 Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек сіңірген қайраткерлері және 15 ғылым магистрі қызмет атқарады. Факультет студенттері жыл сайын халықаралық, республикалық өнер, спорт сайыстарында «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шығып, жеңімпаз атанып келеді. Болашақ педагог кадрларды дайындауда факультет ұстаздары оқу үрдісінде әлемдік білім беру стандарттарына сай жаңа инновациялық технологиялар мен интерактивті оқыту әдістерін қолдана отыра, білім беру сапасын, студенттердің ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстарын дамытуда.

BASPASÓZ JÁNE QOǴAMMEN BAILANYS BÓLIMI

Tel.: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

вконтакте: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.