АЛМАТЫ. 6 шілде. Media _Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Физика кафедрасының оқытушысы Айжан Байсапарова мен Кешенді химия-биологиялық ғылыми-зерттеу орталығының инженері Ақбота Қуандықова «Ғылыми-зерттеу жобаларын басқарудың және коммерцияландырудың өзекті мәселелері» атты Жазғы пәнаралық мектепке қатысты.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры мен  Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік медицина академиясының қолдауымен ұйымдастырылған шараға еліміздің әр аймағынан келген 40 адам қатысты. Олардың қатарында әлеуметтанушылар, дәрігерлер, философтар және физиктер бар.

Жас ізденушілерге маркетологтар, экономистер мен еліміздің бизнес-жаттықтырушылары бес күні инвесторларды қалай тарту керек екендігі туралы шеберлік сыныптарын жүргізіп, табысты жобалардың құпияларымен бөлісті.

Іс-шара жас зерттеушілер арасындағы өзара іс-қимылды дамытудың бірегей алаңы болып табылады. Қазақстанның барлық өңірлерінен келген қатысушылар Түркістан облысының, Төле би ауданында орналасқан Қасқасу демалыс аймағына жиналып, танымдық саяхат өткізілді. Одан кейін қатысушылар арнайы жоспарға сәйкес бекітілген сабақтарға кірісті.

– Бес күннің ішінде зерттеушілер сәтті жобаны қалай құру керек екендігі, өз идеясын сауатты ұсыну, инвесторлар тарту және табыс табу туралы әңгімеледі. Кәсіби бизнес-жаттықтырушылар, социологтар, экономистер, химиктер, ІТ-мамандары және журналистер Жазғы мектептің оқушыларымен табыстарының құпияларымен бөлісті, – дейді Қыздар Университетінің оқытушысы Айжан Байсапарова.

Оның айтуынша, Жазғы пәнаралық мектептің жас ғалымдары ғылыми трендтерді талқылап қана қойған жоқ, олардың құпияларымен де бөлісті. Мектеп барысында фокус-топтық сауалнама өткізіліп, қатысушылармен сұхбат жүргізілді. Бұл қазақстандық ғылымның проблемаларын анықтауға және қазақстандық ғылымның сұранысқа ие саласын белгілеуге, ғылыми қызметкерлерді ынталандыруға ықпал етеді.

Шара барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қорының өкілдері жастарға арналған бағдарламалардың тұсаукесерін өткізді.

– Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында бәсекеге қабілеттілік және елімізде  білімге басымдық берудің маңыздылығы ерекше айқындалған. Білім саласында ғаламдық бәсекелестікке бейімделген кадрлар даярлау бойынша нақты міндеттер қойылған. Сондықтан Тұңғыш Президент Қорының жанындағы Ғылым жөніндегі кеңес жас ғалымдарға арналған осындай жазғы мектепті ұйымдастыру бойынша бастама жасады. Бұл жерде қатысушылар әлеуметтік-экономикалық ғылымдардағы пәнаралық зерттеулердің әдістері және технологияларымен танысады. Сонымен қатар, жетекші сарапшылармен ғылыми жобаларды және ғылыми-зерттеу қызметіндегі коммерцияландыруды басқарудың түрлі әдістерін талқылайды, – дейді Жас ғалымдарға арналған Жазғы пәнаралық мектептің басшысы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының жанындағы Ғылым жөніндегі кеңестің төрағасының орынбасары Сухраб Жапаров.

BASPASÓZ JÁNE QOǴAMMEN BAILANYS BÓLIMI

Tel.: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

вконтакте: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.