АЛМАТЫ. 7 шілде. Media _Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Медиа департаментінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің соңғы 7 айдағы атқарған жұмысы.

Медиа департаментінің құрамынан Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің құрылғанына 7 ай өтті. Бұл – динамикалық әрі қызықты оқиғаларға толы уақыт болды. Осы мерзім аралығында білім мен ғылымның қара шаңырағы Қыздар Университетінде ауқымды жұмыстар мен игілікті шаралар ұйымдастырылды. Елеулі істер еңсерілді. Сіздермен әрдайым тұрақты байланыс біздің жұмысымызды бәсеңдетуге мүмкіндік бермеді, есесіне одан әрмен ынталандыра түсті. Осы аз уақыт аралығында университеттің медиа саласында қандай өзгерістер болды? Оқу орнының оң имиджін қалыптастыру бағытында нендей ақпараттық жұмыстар жасалды?

 

        

 

«Qyzdar Ýnıversıteti» газеті мен «Қыз-ғұмыр» журналы жаңа дизайнда жарық көрді

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ресми бұқаралық ақпарат құралдарына кең ауқымды модернизация жүргізілді. «Qyzdar Ýnıversıteti» газетіне ребрендинг жасалып, басылым қаңтар айынан бастап мазмұндық, дизайндық өзгерістермен жарық көрді. Заманауи қоғамда қандай да бір белгінің яки брендтің имиджін көтеру мақсатында ребрендинг әдісі қолданылады. Осыған орай оқу орнының «көзі, құлағы һәм тілі» болып отырған газетке деген көпшіліктің жаңа көзқарасын қалыптастыру үшін арнайы логотипі де жасалды. Басты ұстанымымыз – оқу орнының арнайы брендін қалыптастыру, ортақ ісіне өз үлесімізді қосу, жаңалықтарды беру барысында жылдамдық пен шынайылық таныту. Басылымның жаңа үлгісі А минус 2 немесе көптеген шетелдік жетекші газеттердің пішіміне сай D 2 деп аталады. Бұл осы уақытқа дейін шығып келген «Qyzdar Ýnıversıteti» форматынан үлкендеу. Оқуға ыңғайлы. Кәсіби мамандар арасында «еуроформат» аталған бұл үлгіде Ұлыбританияның «Financial Times», «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері шығады. Күні бүгінге дейін газет бетінде 200-ден астам материал жарық көрді. Сонымен қатар, бұған дейін «Алашшыл жас» атауымен жарық көріп келген журнал наурыз айынан бастап «Қыз-ғұмыр» атауымен шықты.

* * *

Университеттің ресми сайты жаңарды

«Kazmkpu.kz» ресми интернет-ресурсы жаңарды. Мақсат – сайттың тиімділігін, азаматтарға қажетті ақпараттың қолжетімділік деңгейін арттыру және ресурсты заман талабына сай дамыту. Жаңа дизайндағы сайт мәзір бөлімдерінің анық құрылымдылығымен, сапалы ақпараттық толықтырылуымен, көрсетілген ақпараттың өзектілігімен, құрылым бойынша деректерді реттеуімен және толық байланыс деректерін ұсынуымен ерекшеленбек. Интернет-ресурс 3 тілде қызмет етеді. Ақпаратты Қыздар Университетінің әлеуметтік желідегі 5 ресми парақшасынан бөлісуге болады. Сайттың алдында тұрған негізгі міндет – жоғары оқу орнының ресми интернет-ресурсы болумен қатар, ақпарат портал дәрежесіне көтеру. Ақпараттық контентке басымдық берген портал бүгінде күнделікті қазақ және ағылшын тілінде хабар таратады. Соңғы 7 ай көлемінде сайт лентасына 439 ақпарат жарияланды. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2 есе көп. Сондай-ақ, интернет-ресурста 3 D тур бағаны орнатылды.

* * *

«Qyzdar University TV» интернет телеарнасы ашылды

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Qyzdar University TV» интернет телеарнасы ашылды. Қанатқақты жобаның алғашқы ақпараты YouTube бейнехостингі арқылы таратылды. Алдағы уақытта апталық сараптамалық бағдарлама мен білім, ғылым және өзге тақырыптардағы бірнеше телевизиялық өнімді көрермен назарына ұсыну жоспарда бар. Бөлімнің бейне студиясы университет оқытушыларының 120-дан астам онлайн-лекциясы мен 20-дан астам имидждік бейнебаян түсірді. Өнімдердің барлығы арнаның YouTube арнасына орналастырылды. Болашақта дайындалған жаңалықтар мен бағдарламалар университеттің оқу ғимараттары мен жатақханаларында орналасқан мониторлар арқылы тарату көзделіп отыр.

* * *

Әлеуметтік желілерде ресми парақшалар ашылды

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Twitter, Instagram, Facebook, Google+ және Вконтакте желілерінде ресми парақшалары ашылды. Желілерде университет жаңалықтары, хабарландырулар мен өзге де қызықты деректер күнделікті қазақ, ағылшын тілінде сапалы фотолармен жарияланып тұрады. Бүгінде бұқаралық коммуникация құралдары қарқынды дамуда. Осы үрдістің нәтижесінде журналистиканың һәм масс-медианың өзіне тән тың формасы дүниеге келді. Ол – интернет журналистика. Қазіргі күнде хабарламаларды, жаңалықтарды кең ауқымда тарату мақсатында әлеуметтік желілер кеңінен қолданылады. Сондай-ақ, ол интернет ұсынатын мүмкіндіктердің ең танымалы болып отыр. Бұл – әлеуметтік желіні қолданушылардың саны күн санап артып келеді деген сөз. Күні бүгінге дейін аталған желілерге 900-ден астам ақпарат орналастырылды. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіліп отырады. Бұл – оқу орны туралы нақты әрі дұрыс ақпарат алуға септігін тигізбек.

* * *

Отандық бұқаралық ақпарат құралдарына 1000-ға жуық имидждік материал шықты

Отандық ақпараттық кеңістікте оқу орнында атқарылып жатқан жұмыстар, білім-ғылым саласындағы тың жаңалықтар, жас ғалымдардың инновациялық жобалары мен рухани-танымдық тұрғыдағы маңызды ақпараттарды үздіксіз тарату үрдісі қолға алынды. Телеарналар эфирінде педагогикалық білім беру ұйымы жайында іс-шаралар туралы сюжеттер көрсетілімі жұмыс жоспарына сәйкес ұйымдастырылуда. Республикалық интернет-кеңістіктегі рейтингі жоғары ақпараттық сайттармен өзара әріптестік аясында жүйелі жұмыстар іске асырылуда. Соңғы 7 айдан бері оқу орнында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар туралы халықаралық, республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарында 1000-ға жуық материал жарық көрді. Білім ордасында атқарылып жатқан жұмыстарды ақпараттық тұрғыда насихаттауды басты назарда ұстау бағытында 3 республикалық телеарна, 2 радио, 12 газет пен 25 интернет-порталмен өзара әріптестік орнатылды.

* * *

Медиа жобалар жүзеге асырылады

Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің қызметін және ондағы іс-шараларды ақпараттық қамтамасыз ету, ректордың қызметін және оның қатысуымен өтетін іс-шараларды ақпараттық қамтамасыз етуді имидждік қолдау және оқу орнының қызметін және ондағы іс-шараларды ақпараттық қамтамасыз етуді коммуникативті қолдау тұрғысында қызмет атқарады. Алдағы уақытта отандық бұқаралық ақпарат құралдарында оқу орны туралы циклды материалдарды жариялау жоспарланып отыр. Бөлім оқу орнындағы іс-шараларды ақпараттық-имидждік ілгерілету тұрғысында жекелеген хабарламалар немесе ресми мәліметтер жариялауды түрлі әдіс-тәсілдер арқылы жүзеге асыруды қолға алды.

* * *

Қоғаммен байланыс – маңызды іс

Қоғаммен байланыс – бүгінгі масс-медианың басты трендтерінің бірі. Осы орайда еліміздің жоғары оқу орындарының арасында алғаш рет Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті WhatsApp желісін іске қосты. Қызметтің басты артықшылығы – педагогикалық жоғары оқу орны туралы сапалы әрі дұрыс мәлімет беру және мейлінше жылдам қызмет көрсету. Мессенджер арқылы университет ұжымы мен студенттері өздерін мазалап жүрген сұрақтары мен ұсыныстарын жолдай алады. Күні бүгінге дейін желіге 150-ден астам сұрақ пен ұсыныс келіп түскен. Бұл қадам оқу орнына қатысты көпшілік тарапынан туындаған мәселелердің шешімін табуға, қоғаммен байланыста барынша ашық әрі мобильді болуға, туындап жатқан проблемаларды жылдам реттеуге аса қажет қадам деп есептеймін. WhatsApp желісінің нөмірін есте сақтау оңай. Азаматтар хабарламалар, суреттер мен видеоны +7 701 080 19 90 нөміріне жібере алады. Сонымен қатар, жұртшылық тарапынан туындаған сұрақтар мен шұғыл мәселелерді дер кезінде оңтайлы шешу үшін тәулік бойы БАҚ пен әлеуметтік желіде мониторинг жүргізілетін болады. Ұсыныстар мен хабарламаларды #Қыздарунивер #УниверЖенПУ арнайы хэштегтері арқылы жолдауға болады. Сондай-ақ, Қыздар Университетінің Facebook, Instagram, Google+, Вконтакте және You Tube әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында да сұрақтар мен ұсыныстар жазуға мүмкіндік бар.

 

Қымбатты әріптестер! Өздеріңіз көргендей атқарылған іс аз емес. Десе де алдағы уақытта түрлі медиа жобалар мен идеяларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Кең ауқымды қоғамдық диалог, ашықтық, қолжетімділік сияқты қағидалар негізінде біз алға қойған межелерді орындайтынымызға кәміл сенімдіміз. Сіздер арқылы Қыздар Университетінің беделі мен абыройын арттырып, оқу орнының оң имиджін қалыптастыра аламыз. Бірлік пен ынтымақ ұйысқан жерде ғана берекелі істер жүзеге аспақ!

Жандар АСАН,

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы

   

BASPASÓZ JÁNE QOǴAMMEN BAILANYS BÓLIMI

Tel.: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

вконтакте: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.