АЛМАТЫ. 1 тамыз. Qyzdar_Ýnıversıteti Жуырда Астанада «Global Silk Road – 2018» атты Халықаралық форум өтті. Елорданың 20 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған алқалы жиын «Бір белдеу, бір жол» жобасын ғылыми-сараптамалық тұрғыдан ілгерілетуге арналды.

Басқосуға әлемдік қаржылық және бизнес институттарының көшбасшылары, белгілі ғалымдар, беделді халықаралық ұйымдардың жетекшілері және Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан 60-қа жуық мемлекеттің бұқаралық ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

Форум қарсаңында «Бір белдеу, бір жол» жобасын ғылыми-сараптамалық тұрғыдан ілгерілету» панельдік сессиясы ұйымдастырылып, кеңесте Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің География және туризм кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Күләш Мамырова «Орталық Азия мен Қытайдағы туризмнің дамуы» тақырыбында баяндама жасады.  Ол өз баяндамасында Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту бағытында туындап отырған маңызды мәселелер жайын қаузап, жаңа мүмкіндіктер мен ғалымдардың алдында тұрған тың міндеттерді саралады.

Күләш Мамырованың айтуынша, Ұлы Жібек жолының қайта жаңғыртылуы Қазақстан экономикасы үшін үлкен маңызға ие. Әсіресе, жаһандық жоба отандық туризм мен қонақ үй бизнесін дамытуға тың серпін бермек.

Ресми деректерге сүйенер болсақ,  жыл сайын Қытайға орташа есеппен 20 мың отандасымыз барады екен. Ал, «аспан асты елінен» Қазақстанға саяхаттағандардың үлес салмағы мыңға жуық. Көрсеткіш көлемі көңіл көншітпейді. Десе де өсім бар. Бірақ баяу. Ал, жылына 120 миллион Қытай азаматы шетелде демалуды жөн көреді. Жұмсалған қаржы көлемі қомақты. 170 млрд. АҚШ доллары.

– Өз баяндамамда отандық туризмді «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында дамытудың бірнеше басым бағыттарын атап өттім. Атап айтқанда, ұсыныстар қатарында туризм әлеуетін көтеру үшін оған қазақстандық шағын және орта бизнес өкілдері мен шетелдік инвесторларды тарту, шет тілдерін меңгерген гидтер тобын даярлау, Орталық Азия елдерімен бірлесіп бірегей туристік бағыт құру, Қазақстанның табиғи-рекреационды ресурстарының бәсекеге қабілеттілігін бағалайтын экономикалық әдістемесін дайындау және отандық туризмді басқаруға арналған экономикалық-географиялық әдістемені құру сынды бастамалар бар, – деп атап өтті К. Мамырова.

Сонымен қатар, сессия жұмысында Нобель сыйлығының иегерлері, Экологиялық қауымдастық ұйымының Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Рае Квон Чунг пен Энергетика және ресурстар институтының жетекшісі Раджендра Пачаури тақырып төңірегінде өзіндік ойларымен бөлісіп, тың пікірлерін жеткізді.

– Аталған жиын жаңа идеялар мен бастамалардың тууына септігін тигізді. Өз кезегінде бұл «Бір белдеу – бір жол» жобасына қолдау көрсетуге және оған инвестиция тартуға мүмкіндік бермек. Сессия барысында жасалған баяндамалардың ішіндегі ең таңдаулылары engineerkz.com электронды журналы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясының Хабаршысында жарияланды, – дейді іс-шара ұйымдастырушылары.

BASPASÓZ JÁNE QOǴAMMEN BAILANYS BÓLIMI

Tel.: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

 

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.