АЛМАТЫ. 8 тамыз. Qyzdar_Ýnıversıteti – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне биыл бакалавриаттың 43 мамандығы бойынша 593 білім беру гранты бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 48 грантқа көп. Мемлекеттік тапсырыстың басым бөлігі педагогикалық мамандықтарды құрайды .

Қабылдау комиссиясының ақпаратына сүйенер болсақ, 2018-2019 оқу жылына арналған студенттер контингентін қалыптастыру бірнеше кезеңді қамтиды. Атап айтқанда, біріншіден талапкерлер кешенді тест тапсырады. Университет ағымдағы және өткен жылдары жалпы орта мектепті, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының бітірушілері үшін кешенді тестілеуге қатысуға өтініштерді қабылдауды 1-20 маусым аралығында жүзеге асырды.

Екіншіден, шығармашылық дайындықты талап ететін «Музыкалық білім беру», «Хореография», «Мәдени-тынығу жұмысы», «Бейнелеу өнері және сызу», «Дәстүрлі музыкалық өнер», «Дене шынықтыру және спорт» мамандықтарына құжаттар қабылдау 20 маусым мен 7 шілде аралығында жүргізіліп, емтихандар 8-13 шілде күндері өткізілді.

Үшіншіден, педагогикалық мамандықтардың арнаулы емтихандары мен құжат қабылдау рәсімі 20 маусым мен 18 тамыз аралығында жүргізілді. Аталған сынақтың мақсаты – оқуға түсушілердің педагогикалық қызметке бейімділігін айқындау. Бұл емтиханнан өтпеген талапкер педагогикалық жоғары оқу орындарына қабылданбайды, бірақ таңдау пәні бойынша басқа мамандыққа тапсыруға құқығы шектелмейді.

Төртіншіден, университеттің Қабылдау комиссиясы 16-26 шілде аралығында мемлекеттік білім беру грантын беру конкурсына қатысу үшін өтініштерді қабылдауды жүзеге асырды. Талапкерлер өз өтініштерінде 4 мамандықты және 4 жоғары оқу орнын көрсетуге құқығы бар.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында биыл мемлекеттік тапсырыстың көлемі 20 мың грантқа арттырылды. Соның 11 мыңы техникалық бағыттарға, соның ішінде ақпараттық технологиялар, робот техникасы және нанотехнологиялар салаларына, 5 мыңы еңбек нарығында қажеттілік байқалып отырған басқа мамандықтарға 3 мыңы магистрлерді даярлауға, 1 мыңы PhD докторларын даярлауға бағытталды. Сонымен, жоғары білім гранттарының саны 53 594-ке жетті. Соның 5 944-і күндізгі оқытудың 1-курсына, 2 650-і жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдеріне қабылдауға бөлінген.

Көрсетілген басымдықтарды ескере отырып, 24 737 грантты техникалық және технологиялық мамандықтарға, 9 499 грантты педагогикалық, 2 785 грантты ауыл шаруашылығы және ветеринария, 2 700 грантты медициналық, 1 450 грантты гуманитарлық, 100 грантты құқық, 300 грантты өнер, 1 780 грантты әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес, 3 246 грантты табиғи ғылымдар, 2 330 грантты қызмет көрсету, 500 грантты әскери іс және қауіпсіздік мамандықтарына бөлу қарастырылған.

BASPASÓZ JÁNE QOǴAMMEN BAILANYS BÓLIMI

Tel.: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.