АЛМАТЫ. 7 қыркүйек. Qyzdar_Ýnıversıteti – Белгілі ғалым, география ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған Әнуар Бірмағамбетовтың «Географиялық хикаяттар» атты оқулығы жарық көрді.

Мектеп оқушыларына арналған кітап жер шарын географиялық тұрғыдан танып білудегі кейбір қызықты фактілермен таныстыратын жеке әңгімелерден тұрады. Саяхатшылар мен географ ғалымдардың бастарынан кешірген оқиғаларды кеңінен таныстыру оқушылардың география пәніне деген қызығушылығын арттыра түсуді көздейді. Оқулықтағы 16 дерек пен хикаят географиялық ашылулар мен зерттеулер тарихын арқау еткен.

Кітапта географиялық әдебиетпен байланысты екі әңгіме де беріліп отыр. Атап айтқанда, әлем әдебиетінің алтын қазынасына кіретін «Робинзон Крузо» романының қалай жазылғандығы жайындағы әңгімеде келтірілген деректер оқырман қызығушылығын арттыра түседі. Ал «Картада туған роман» әңгімесінде көркем шығармалардың жазылуында картаның атқаратын рөлі жете баяндалған.

Сонымен қатар, кітапта қазақ өлкесіне қатысты бірқатар мәліметтер де қамтылған. «Соңғы жолбарыс» әңгімесінде халықаралық «Қызыл кітапқа» енген жолбарыстың Қазақстанның таулы аймақтарын мекендегені жайында географ ғалымдар мен саяхатшылардың қызықты деректері топтастырылған.

– Кітап оқушының жас ерекшеліктеріне лайықты жеңіл тілмен жазылған. Жеке әңгімелерге байланысты түрлі оқиғалар оқырманды қызықтырып, өзіне тартып отырады. Кітаптың «Географиялық хикаяттар» деп аталуының өзі оның мазмұнының тартымды  екендігін аңғартады. Кітап мектеп оқушылары үшін ғана емес, география ғылымына қызығушылық танытатын жалпы оқырмандарға да пайдалы, – дейді Қыздар Университетінің География және туризм кафедрасының меңгерушісі Күләш Мамырова.

Айта кетейік, Әлім Бірмағамбетов ұзақ жылдар бойы  Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Жаратылыстану-география факультетін және География кафедрасын басқарды. Ол ҚазССР көп томдық энциклопедиясының және Қазақстанның Ұлттық энциклопедиясының «География» бөлімінің тұрақты авторы болды.

BASPASÓZ  JÁNE QOǴAMMEN BAILANYS BÓLIMI

Tel.: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.