АЛМАТЫ. 10 қыркүйек. Qyzdar_Ýnıversıteti – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттеріне Қазақстандағы «БҰҰ-Әйелдер» ұйымының өкілі Гүлнар Смайлова «Қазақстандағы гендерлік бағдарланған бюджеттеу» тақырыбында дәріс оқыды.

Оқу орны жанындағы Әлеуметтік және гендерлік институттың ұйымдастыруымен өткен іс-шараға Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің 2, 4 курс студенттері қатысты.

Г. Смайлова дәріс барысында гендерлік бағдарланған бюджеттеуді мемлекеттік бағдарламаларға, жоспарлар мен бюджет жүйесіне енгізу туралы, қазақстандық қоғамның әр мүшесінің мүддесін, мүмкіндігі мен құқығын ескере отырып, олардың ашықтығы мен тиімділігін арттыру жолдары туралы сөз қозғады. Ерлер мен әйелдердің еңбек төлемақысындағы кездесетін айырмашылықтар туралы да айтылды. Осы мәселеге байланысты «БҰҰ-Әйелдер» ұйымында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.

Лектор жиын аясында тақырыпқа сәйкес дайындалған бейнебаян мен презентацияны қатысушылар назарына ұсынды. Дәріс соңында гендерлік мәселелер бойынша өз ойын білдіріп, пікір айтқан студенттер арнайы сыйлықпен марапатталды.

Айта кетейік, аталған шара Қыздар Университеті мен «БҰҰ-Әйелдер» ұйымының арасындағы өзара әріптестік келісім аясында өтіп отыр.

– Бүгінде Қазақстандағы «БҰҰ-Әйелдер» ұйымы нәзікжандылардың экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктер аясын кеңейту, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою, көшбасшылық және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне қатысу және гендерлік бюджеттендіруді енгізу бағыттарында қызмет атқарады. Біз өз бағдарламаларымыз арқылы ауылдық елдімекендерде тұратын әйелдерге қолдау көрсетіп, олардың белсенділігін арттырмақпыз. Ол үшін біз нәзікжандылардың қаржы жағынан өзгелерден тәуелсіз болуына, бизнес қызметтер мен қаржы құралдарының қолжетімді болуына көңіл бөлеміз. Сондай-ақ, әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға жағдай жасаудамыз, – деп атап өтті Гүлнар Смайлова.

Оның пікірінше, Қазақстандағы әйелдердің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу кешенді түрде жүргізілуде және мемлекеттік басқару процесіне, барлық шешім қабылдайтын деңгейге гендерлік тәсілді енгізу қажеттігін атап өтті. 

BASPASÓZ  JÁNE QOǴAMMEN BAILANYS BÓLIMI

Tel.: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.