АЛМАТЫ. 12 қыркүйек. Qyzdar_Ýnıversıteti – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне Ресейдің Томск Ұлттық зерттеу политехникалық университетінің өкілдері арнайы іс-сапармен келді.

Басқосуда екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастық жайы сөз болып, болашақта жүзеге асырылатын іс-шаралар жайы талқыланды.  Өз кезегінде Қыздар Университетінің Стратегиялық даму және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры Ләззат Бөлебаева қос оқу орнының ортақ ұқсастығы мен әлеуеті турасында әңгіме қозғап, академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында мұғалімдер мен студенттер алмасу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, кездесуде тараптар ғылыми-мәдени қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған өзара тиімді екіжақты дамыту мәселелеріне назар аударды.

Томск Ұлттық зерттеу политехникалық университетінің Физикалық және аналитикалық химия кафедрасының меңгерушісі, «ТПУ-Р-ФАРМ» орталығының ғылыми жетекшісі Абдигали Бакибиев және аталған университеттің Халықаралық байланыстар бөлімінің жетекші сарапшысы, Ресей инженерлік білім Қауымдастығының сарапшысы Владимир Замятин ресейлік жоғары оқу орны туралы кеңінен әңгімелеп, әріптестік орнатуға ниетті екендігін жеткізді.

– Қыздар Университетінің ғалымы, химия ғылымдарының докторы, профессор Мұхаметкали Мұсағалиұлы Матаевтың бастамасымен Томск Ұлттық зерттеу политехникалық университетінің Физикалық және аналитикалық химия кафедрасында бірқатар ғылыми жұмыстар атқарылып жатыр. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің гранттық қаржыландыруы бойынша «Мультиферроиктер классындағы жаңа кристаллдық жүйелерді әзірлеу және физикалық негіздері» тақырыбындағы іргелі ғылыми-зерттеу жобасы сәтті жүзеге асуда. Сонымен қатар, университет ғалымдары Химия мамандығы бойынша білім алып жатқан Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің PhD докторанттарының ғылыми жетекшісі болып табылады, – деп атап өтті Абдигали Бакибиев.

Кездесу барысында тараптар Қыздар Университетінің 75 жылдығы қарсаңында химиялық технология бойынша ІІІ Қазақстан-Ресей бірлескен форумын өткізуге уағдаласты. Сондай-ақ, Абдигали Бакибиевты биылғы жылдың қазан айында университеттің бакалавриат, магистратура, докторантура студенттеріне дәрістер курсын оқуға шақырды.

Басқосуға Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор, А. Бектұров атындағы химиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Н. Бектенов, «Казатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясының Жоғары технологиялар институтының  жерасты сілтілеу зертханасының басшысы Ж. Кенжетаев, Қыздар Университетінің Ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі департамент директоры С. Шакирова және Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің жетекшісі Р. Амиржанова қатысты.

BASPASÓZ  JÁNE QOǴAMMEN BAILANYS BÓLIMI

Tel.: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.