Кафедра жайлы

Информатика және қолданбалы математика кафедрасы – бұл заманауи ақпараттық технологиялар мен педагогикалық технологиялардың әдіс-тәсілдерін, ғылыми жетістіктерін білім беруде пайдалана алатын, нарық экономикасы сұранысына сай, ізденімпаз  жоғары білімді информатика мұғалімдері мен оқытушыларын, сонымен қатар информатика бағытындағы магистрлерді даярлайтын кафедра.

Кафедра 1992 жылы “Информатика және есептеу техникасы” деген атпен құрылған. Алғашқы кафедраны 1992-1998 жылдар аралығында тех.ғ.д., профессор Баймахан Рысбек Баймаханұлы басқарған. Кафедраларды ірілендіруге байланысты 1996-2000 жылдары аралығында ол “Математика және информатика”, ал 2000-2007 жылдары “Информатика” кафедрасы деп аталған. Кафедраны 1998-2001 жылдары тех.ғ.д., профессор Есқалиев Мұрат Есқалиұлы, 2001-2002 жылдары тех.ғ.к., доцент Бөрібаев Бақыт Бөрібайұлы, 2002-2005 жылдары п.ғ.д., профессор Кеңесбаев Серік Мұқтарұлы басқарды. 2005 жылдан қазіргі уақытқа дейін кафедра меңгерушісі қызметін тех.ғ.к., профессор Салғараева Гүлназ Ибрагимқызы атқаруда. 2007 жылы ҚазМемҚызПИ құрылымына өзгеріс енгізу туралы бұйрығына сәйкес (№109, 24.08.2007ж.) кафедраның аты “Информатика және қолданбалы математика” кафедрасы болып өзгертілді.

 

 

 


 

Жетістіктер мен марапаттар

Информатика және қолданбалы математика кафедрасы 2011, 2012, 2013, 2014, 2015, 2016 жылдары университеттік рейтинг нәтижесі бойынша 1-орын алып, университеттің «ҮЗДІК КАФЕДРАСЫ» атағына ие болған.

2014 жылы кафедра Ресей жаратылыстану академиясының төралқасы шешімімен «Ресейдің алтын кафедрасы» дипломымен марапатталды.

Сонымен қатар кафедраға қарасты 5В011100-Информатика мамандығы Республика көлеміндегі жоғары оқу орындары арасында Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі жасаған нәтижесі бойынша 2015 жылы 2-орын, 2016, 2017 жылдары 1-орынды иеленген.

Бүгінде кафедрада Р.Б.Баймахан, С.Ә.Исаев, К.З.Халықова, Г.И.Салғараева, А.Е.Сағымбаева, Э.А.Бакирова, Н.Құрманбекқызы сынды «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» республикалық байқауының жүлдегерлері жұмыс істейді.

Кафедра профессоры С.Ә.Исаев Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» медалімен, профессор  Р.Б.Баймахан ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ғылымға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен,  профессорлар М.Е.Есқалиев пен Г.И.СалғараеваҚР Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған, С.Ә.Исаев және Г.И.Салғараева Қыздар университетінің «Ұлағат» алтын белгісінің иегерлері.


 

Ғылыми-шығармашылық жұмыстар

Профессор-оқытушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстары

Информатика және қолданбалы математика кафедрасының профессор-оқытушылар құрамының ғылыми зерттеу жұмыстары бірнеше салаға бағытталған. Атап айтсақ қолданбалы математика, механикалық үдерістерді модельдеу, ақпараттық технологияларды оқу үдерісінде пайдалану.

Кафедра профессорлары Республикалық, Халықаралық, StartUp ғылыми жобаларына қатысып, жоба жеңімпаздары ретінде жоғарыда аталған салалар бойынша бірқатар күрделі мәселелерді шешуге үлес қосып келеді.  Соның ішіндегі соңғы жылдары кафедра ғалымдарының жетекшілігімен ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Ғылым комитетінің 2018-2020 жылдарға арнап жариялаған Гранттық конкурсы бойынша жеңіп алған ғылыми жобалар:

  1. Профессор Г.И.Салғараеваның ғылыми жетекшілігімен «Латын графикасына өтуге байланысты интерактивті үйретуші бағдарламалар жасаудың лингвистикалық негіздері мен мультимедиялық технологиялары»
  2. Профессор Р.Б.Баймаханның ғылыми жетекшілігімен ««Алматы төңірегіндегі «Шымбұлақ», «Көктөбе» бөктері мен «Аққайың» сияқты зілзалалық көшкіндерді топырақтарының бұзылу механизмін болжау»
  3. Профессор Э.А.Бакированың ғылыми жетекшілігімен «Дифференциалдық және интегралдық-дифференциалдық теңдеулермен сипатталатын процестерді басқару есептерін шешудің сандық әдістері».

Профессор-оқытушылары жыл сайын Қазақстанда және шетелде өтетін халықаралық конференциялар мен симпозиумдарға қатысады. Атап айтсақ,  Жапония, Туркия, Португалия, Сингапур, Ресей, Польша, Қырғызстан және Түркменстанда өткен конференцияларға қатысып, баяндама жасаған. Кафедра профессор-оқытушылары Р.Баймахан, К.З.Халыкова, Г.И.Салғараева, Э.А.Бакирова, Н.Қатаев, Н.Құрманбекқызы, Ө.Әуеблеков және т.б. Хирш индекстері бар сала бойынша білікті мамандарының қатарында саналады. 


 

Кафедраның халықаралық байланыстары

 Кафедра әлемдік білім беру кеңістігіне кірігу мақсатында халықаралық байланыстарды белсенді түрде дамытуда. Қазіргі уақытта кафедра ғылыми педагогикалық құрамы Канаданың Альберта университеті, Ұлыбританиядағы Лондон менеджмент және ғылым академиясы, Түркияның Нигде университеті, Польшаның Силез университеті, АҚШ-тың Миссисипи университеті ғалымдарымен бірлесіп жұмыс жасауда.

Шетелдік әріптес жоғары оқу орындарымен жұмыс жасаудағы негізгі бағыттар – бұл кафедраның ғылыми-педагогикалық құрамының біліктілігін көтеру, академиялық алмасу бағдарламасы бойынша студент және оқытушы алмасу, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және ортақ халықаралық конференциялар ұйымдастыру болып табылады.

Жыл сайын кафедраға тәжірибе алмасу мақсатында академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелден дәріс оқуға және ғылыми семинарларға қатысуға белгілі ғалымдар шақыртылып отырады. Мысалы, 2012 жылдың сәуір айында Польшаның Краков педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Клякля Мачей;

2012 жылдың қазан айындаКанаданың Альберто университетінің профессоры Дэйв Чан;

2014 жылы Түркияның Нигде университетінің профессоры Мұрат Алп академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша студенттерге дәріс оқуға арнайы шақыртумен университетімізге келіп қайтты.

Лондонның менеджмент және ғылымдар академиясымен жасасқан келісімшарт негізінде 2013-2014 оқу жылында 5В011100-Информатика мамандығының 5 студенті академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Лондонда білім алып келді, ал 2014-2015 оқу жылында олардың 4-і аталған оқу орнында қос дипломды бағдарлама бойынша білім алып, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің және Лондон менеджмент және ғылымдар академиясының дипломдарына ие болды.

Катовицадағы Силез университетімен жасасқан келісімшарт негізінде 2015-2016 оқу жылының бірінші семестрінде 5В011100-Информатика мамандығының 6 студенті және 5В060200-Информатика мамандығының 1 студенті Польшада білім алды.

Миссисипи университетімен жасасқан келісімшарт негізінде 6М011100-Информатика мамандығының магистранты Сәбит Ботагөз 2014-2015 оқу жылында академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша АҚШ-та білім алып келді және 2015-2016 оқу жылында қос дипломды бағдарлама бойынша аталмыш жоғары оқу орнында білімін жалғастырып, қос диплом иегері болды.

6М011100-Информатика және 6М060200-Информатика мамандығының магистранттары Ұлыбританиядағы Лондонның менеджмент және ғылым академиясында, Польшаның Силез университетінде, АҚШ-тың Миссисипи университетінде, Жапонияның Хоккайдо университетінде, Кореяның Пусан қаласында орналасқан Шетел тілдер университетінде, Кипрде орналасқан Фамагуста Шығыс Жерорта университетінде және Малайзияның астанасы Куала-Лумпурде орналасқан Менеждмент және ғылымдар университетінде тағылымнамадан өтуде.

 

Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары

Жыл сайын студенттер кафедра профессор-оқытушыларының жетекшілігімен университеттің студенттік ғылыми конференциясына, республикалық конференцияларға, олимпиадаларға, конкурстарға қатысып отырады. Мысалы, республикалық деңгейде өткен олимпиадалар туралы айтар болсақ, 2009 жылы 5В050111-информатика мамандығының студенттері Жеңесбаева Қымбат және Махашева Индира 8-9 ақпан аралығында Түркістан қаласында информатика пәнінен өткен республикалық пәндік олимпиадаға қатысып, жүлделі ІІІ орын иегерлері болып қайтты. Ал 2010 жылы Талдықорған қаласында 29-30 наурыз аралығында ұйымдастырылған ІІ республикалық пәндік олимпиадада аталған мамандық студенттері ІІ орын иеленді. 5В011100-Информатика мамандықтары бойынша жүргізілетін олимпиададан 2014, 2015, 2017 жылдары жүлделі орын иегерлері болып келеді.

5В011100-Информатика мамандығының 3 курс студенттері А.Оңласынова, А.Тұрғанбек және Ж.Оразаева 2010 жылдың 16-17 сәуір күндері Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінде педагогикалық мамандық студенттері арасында Абай атындағы республикалық байқауында 1-орынға ие болып, жоғары дәрежелі грамоталармен марапатталды.

2017 жылғы Республикалық студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауында 4-курс студенті Халық Айгерім 1-орын иегері атанды. 2018 жылғы Республикалық студенттер мен магистранттардың ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауында 4-курс студенті Көпжасарова Тәттігүл 1-орын иегері, ал 1-курс магистранты Сарыбаева Клара 3-орын иегері болды.

Ғылыми конференцияларға келер болсақ, информатика мамандығының студенттері А.С.Көжебаева университеттің 56-шы студенттік ғылыми конференциясында, ал А.С.Маханова университеттің 61-ші студенттік ғылыми конференциясында «Бас жүлдені»  иегерленді. 2011 жылы 1 курс студенті А.Ерланқызы 64-ші студенттік ғылыми конференцияда І-орынға ие болды және 2011 жылы 4 курс студенттері М.М.Тулембаева мен А.Е.Бегасиловалар Т.Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетінде ұйымдастырылған “Ғылым мен білімнің инновациялық иллюстрациясы” атты халықаралық ғылыми практикалық конференцияға қатысып, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

Сонымен қатар, кафедраның студенттері мемлекет, халықаралық ұйымдар тарапынан ұйымдастырылатын әртүрлі конкурстарға да қатысып грант жеңіп алуда. Атап айтсақ, 2008 жылы информатика мамандығының 4-курс студенті Маханова Айгүл ғылыми жетекшісі Р.Б.Баймаханмен Канаданың Альберта университеті жариялаған халықаралық білім гранты конкурсына қатынасып, «FSIDA» грантын жеңіп алып, аталған университетке 2 айға тағылымдамаға барып қайтты.


 

Кафедраға қарасты мамандықтар 

Информатика және қолданбалы математика кафедрасы 5В011100-Информатика және 5В060200-Информатика мамандықтары бойынша бакалаврларды, 6М011100-Информатика және 6М060200-Информатика мамандықтары бойынша магистрлерді дайындайды.

 

 5В011100-Информатика және 5В060200-Информатика мамандықтары бойынша
Күндізгі оқу бөлімі
4 жылдық (оқу мерзімі – 4 жыл)
Сырттай оқу бөлімі (қашықтықтан оқыту бөлімі)
3 жылдық (оқу мерзімі – 3 жыл)
2 жылдық (оқу мерзімі – 2 жыл)

Жоғарыда аталған мамандықтарды бітірген түлектер мемлекеттік және жеке меншік орта білім беру орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында, сонымен қатар ІТ саласының мамандары болып қызмет жасай алады.

 

6М011100-Информатика мамандығы бойынша бітіруші түлектер педагогика ғылымдарының (оқу мерзімі – 2 жыл) және білім (оқу мерзімі – 1,5 жыл) магистрі академиялық дәрежелеріне ие болады.

6М060200-Информатика мамандығы бойынша бітіруші түлектер  жаратылыстану ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесіне ие болады.

6М011100, 6М060200-Информатика мамандықтарын тәмәмдаған түлектер жоғары және орта білім беру орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінде, ІТ саласында жетекшілік қызметтер атқара алады.


Байланыс  ақпараттары

 Мекен-жайы:
050000 Алматы қаласы,
Әйтеке би көшесі 99, бас ғимарат
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті
Информатика және қолданбалы математика  кафедрасы
4-қабат, 417-бөлме
Байланыс телефоны: +7 (727) 233-18-41

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.