————-Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институты және М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесі 1944 жылдың сәуір айында СОКП Орталық Комитеті бюросының қабылдаған «Қазақ жастарынан жоғары дәрежелі педагог-мамандар дайындау» туралы қаулысы негізінде ҚазКСР Халық Комиссарлар кеңесінің №457 қаулысымен Алматы қаласында ашылды.

————-Қабырғасы жаңа қаланған институттың құрамындағы физика-математика, тарих, тіл және әдебиет факультеттерінің әрқайсысына 30-дан студент қабылдауға және 2 жылдық дайындық курсын ашу, оған 60 талапкер қабылдау және олардың тамағы, киімі, кітап т.б. керек-жарағын мемлекет тарапынан қаржыландыру туралы шешім шығарылды. Институтқа Гоголь көшесіндегі 119 үйді оқу ғимараты, Лесная көшесіндегі 86 үй жатақхана ретінде пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Алматы құрылыс тресіне оқу орнын қажетті құралдармен қамтамасыз ету, ал ҚазКСР Мемлекеттік жоспарлау комитетіне 300 адамды жиһаз, төсек-орынмен жабдықтау тапсырылды.


Институт ашылуын Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Омаров бастаған еліміздің күллі зиялы қауымы, өнер-білім саласындағы қайраткерлері қызу қолдап, ақжолтай тілектерін білдірді.
————-Оқу жылының бірінші жартысында 9 кафедрадан тұратын 3 факультетте 20 ұстаз, оның ішінде 5 ғылым кандидаты, 8 аға оқытушы, 7 оқытушы дәріс берді. Институттың директоры болып Құрманғали Оспанов тағайындалды.


————-Ал 1945 жылдың 11 қыркүйегінде институттың алғашқы ректоры болып Тұрсын Мырзабекова тағайындалды. Соғыстан кейінгі кезеңнің ауыртпашылығына қарамай, ұйымдастыру, қалыптастыру сияқты қыруар жұмыстарға көп күш салған алғашқы ректордың ерен еңбегін ерекше атаған жөн.
————Білім алуға келген қыздарға М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ғ.Құрманғалиев, Т.Тәжібаев, К.П.Персидский, А.Жұбанов, Ш.Батталова, О.А.Жәутіков, Н.Сауранбаев, Ә.С.Тұрсынбаев, В.А.Есенғалиева, Х.Х.Махмутов, С.Т.Толыбеков, Х.Жұманов, К.Қармысов, К.Айманов, М.Балақаев, Е.Косюхин, Ө.Байділдаев, К.Барманқұлов, И.Маманов, А.А.Федулова, Д.Т.Тұрсынов, З.Ахметов сынды көптеген көрнекті ғалымдар дәріс берді.
————-Жылдар өткен сайын институтта оқытушылар құрамы ғылыми атақтары бар ұлағатты ұстаздармен толығып, материалдық-техникалық және оқыту-әдістемелік мүмкіндіктері арта түсті, осылайша білім ордасының бұғанасы бекіп, ауқымы кеңейе бастады.
————-Соғыс біткен соң республикада оқу орындары, мәдени орталықтар, кітапханалар санының өсуіне байланысты жоғары білімді мамандар керек болды да, институтта педагогикалық мамандықтарға қоса кітапханатану, ән-музыка кафедралары ашылып, кейін олар жеке факультетке айналды.

————-Музыка факультетінің аяқтан тік тұруына белгілі композитор Б.Байқадамовтың атқарған еңбегі зор болды. Кафедра құрамында пианист-концертмейстер В.С.Пирогова, музыка теориясының мамандары Б.М.Жүсіпалиев, Ә.Әбдікәрімов, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Ө.Бәйділдаев, Д.Б.Ботпаев, И.К.Кереев, А.Ф.Славопицкая, Ә.Бапи, З.А.Попова т.б. жұмыс істеді.
————-1968 жылы Е.Хасанғалиевтың ұйымдастыруымен құрылған “Айгүл” квартеті Марат Балтабаевтың басқаруымен вокальды-аспаптық ансамбль жетпісінші, сексенінші жылдары Бүкілодақтық жастар сыйлығының лауреаты, Халықаралық, Республикалық байқаулардың жүлдегері атанды. Оның құрамында – Г.Қарамолдаева, А.Исағұлова, Д.Ерғалиева, М.Жүнісова, С.Ұзақбаева, А.Арықова, Қ.Омарова, Р.Әлисова, М.Ысқақова, З.Әлібековалар өнерімен қалың жұртшылыққа ертеден-ақ танымал болды.


————-Ең бастысы, қыздар институты 50 мыңнан аса педагог кадрлар дайындады. Олар еліміздің білім саласында еңбек етуде. Институт түлектерінің арасында елімізге танымал тұлғалар жетерлік. Аты аңызға айналған Социалистік Еңбек Ерлері Рафиқа Нұртазина, Рыскүл Мақатова, ҰҒА академигі осы оқу орнын 16 жыл басқарған Күләш Құнантаева, “Даңқ белгісі” орденімен, “Қажырлы еңбегі үшін” медалінің иегері, институттың үшінші ректоры болған Ажар Ыбраева, Жоғарғы Кеңестің депутаты Ж.Күленова, қоғам қайраткерлері – Халықты әлеуметтік қорғау министрі болған, Парламент Мәжілісінің үш шақырылымының депутаты З.Қадырова, “Мемлекеттік тілге құрмет” бірлестігінің төрайымы, филология ғылымдарының кандидаты А.Османова, белгілі қоғам қайраткерлері Ж.Әмірханова, О.Асангазиева, ғалымдар Ү.Сұбханбердина, С.Ұзақбаева, З.Жәкішева, көрнекті ақындар Ә.Беркенова, А.Бақтыгереева, белгілі әдебиет сыншысы Ә.Бөпежанова, әншілер М.Ералиева, Ұ.Айнақұлова, Д.Хамзина, Т.Асар, Г.Өмірбаева, Ұ.Белғозиевалар – университет мақтанышы, халықтың алдында шоқтығы биік аяулы қыздары.
————-Институт ашыларда заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтің “Тәңір жазса, бұл институт қазіргі және болашақтағы қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі ешқашан сөнбесін дейік” деген ақ тілегі қабыл болып, бүгінде бұл оқу орнының қоғамдағы мәртебесі биікке көтерілді.
————-Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 қыркүйектегі № 847 қаулысымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты» РМҚК Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті» РМҚК дәрежесі берілді.
————-Университеттің профессор-оқытушылар құрамы жоғары педагогикалық оқу орындарының студенттеріне арналған “Педагогика тарихы” оқулығын, «Педагогика» терминологиялық сөздігін, “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы аясында 10 томдық “Адамзат ақыл – ойының қазынасы” және “Қазақтың тәлімдік ойлар Антологиясын” құрастырды.


Білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2004-2005 оқу жылында институт әлемдік тәжірибеде қабылданған кредиттік оқыту жүйесіне көшті, оның басты артықшылығы – оқу процесін басқарудың жоғары деңгейде автоматтандырудан тұрады.
————-Сол кезде кадрларды даярлаудың халықаралық талаптарын енгізуге және ғылыми-инновациялық инфрақұрылымды құруға алғашқы принципті қадамдар жасалды – «бакалавриат-магистратура» екі сатылы дайындық жүйесіне көшті.
————-Білім беру сапасын жоғарылату мақсатында “Сапа менеджменті” жүйесі 2004 жылдан бері университетте ресми мақұлданып, халықаралық, отандық стандарт талаптарына сәйкес білім беру нәтижелері мен білім беру сапасын жоспарлау, басқару, бағалау рәсімдерін іске асыруға қатысты ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылды. Білім сапасы менеджментін енгізудегі басты мақсат – педагогикалық білім беру саласындағы озық технологияларды басшылыққа ала отырып, университеттің тиімді қызмет етуін үнемі жетілдіру арқылы студенттердің білім сапасын жоғарылату мен білім берудегі алдыңғы қатарлы отандық және шетелдік ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнату болып табылады.
————-Білім, ғылыммен қатар рухани-мәдени тәрбиеге аса мән беретін арулардың ақ ордасында “Қазақ аруы” атты жаңа инновациялық оқу бағдарламасы енгізілген. Халықаралық “Бөбек” балалар қорының Президенті, қыздарымыздың жанашыр анасы, “Өзін-өзі тану” адамгершілік-рухани білім инновациялық жобасының авторы Сара Назарбаеваның эксперименттік бағдарламасы да біздің университет қабырғасында бастау алған.
————-Барлық мүдделі тараптардың сұраныстарын қанағаттандыру, университет миссиясын іске асыру және стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу мақсатында  2017 жылы университеттің сапа менеджменті жүйесі 2019 жылдың 25 қарашасына дейін ISО 9001: 2015 халықаралық стандартының талаптарына сәйкес сертификатталды.
————-Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.А.Назарбаевтың 2018 жылғы 25 желтоқсандағы №805  Жарлығымен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне Ерекше мәртебе берілді.
————-Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында 2018 жылдың қаңтар айында  120 орындық Тест орталығы ашылды.
————-Инклюзивті білім беру жүйесін дамыту мақсатында, 2018 жылдың маусым айында университет базасында Психологиялық-педагогикалық түзету орталығы ашылды. Орталық “Дара” қайырымдылық қорының және Алматы қаласы білім басқармасының қолдауымен ашылды. Салтанатты ашылу рәсімі ҚР Мемлекеттік қайраткері Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен өтті. Бүгінгі таңда орталықта жеке және де топтық сабақтарға арналған 10 кабинет, Монтессори бөлмесі, емдік дене шынықтыру және музыкалық-ырғақтық сабақтар залдары бар. Университет студенттері кәсіби дәрігерлермен қатар балалар мен олардың отбасыларына дефектологтардың, логопедтердің, психологтардың кәсіби қызметтерін көрсетеді және әлеуметтік-тұрмыстық дағдыларға, оңалтуға, әлеуметтендіруге үйретеді.


————-Сонымен қатар, 2018 жылы студенттердің шығармашылық бастамаларын қолдап қолөнер туындыларын көпшілікке көрсету мақсатында “ART-Дара” галереясы ашылды. 2018-2019 оқу жылының соңында галереяда 20-дан астам студенттік жұмыстар қойылды. Галерея жыл сайын үздік жұмыстармен толықтырылып тұрады. Галереяны көрген сенат депутаттары Б.Т. Жұмағұлов пен Д.Ж. Нукетаева студенттердің шығармашылығын жоғары бағалады.


————-Университеттің маңызды ғылыми жетістіктерінің бірі 6D011700 Қазақ тілі мен әдебиеті, 6D020500 Филология мамандықтары бойынша диссертациялық кеңестің ашылуы болып табылады. (ҚР БжҒМ 2018 жылғы 14 наурыздағы № 456 бұйрығы). Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жаңа диссертациялық кеңестің ашылуы университеттің аталған бағыттар бойынша көшбасшылық позициясын айқындайды. Диссертациялық кеңестің төрағасы болып педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сүлейменова Жарқынбике Науайқызы тағайындалды.
————-Сонымен қатар, университеттің ғылыми әлеуетін дамыту және күшейту мақсатында 2018 жылдың сәуір айында университет базасында Қазақстанның жас ғалым-педагогтары қауымдастығы құрылды. Қауымдастықтың мақсаты – Қазақстанның жас ғалымдары мен оқытушылары үшін диалог алаңын құру.


«Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Хабаршысы» журналы 2006 жылы құрылды. 2018 жылдың мамыр айында журнал Қазақстан Республикасының білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті тарапынан ғылыми зерттеулердің негізгі нәтижелерін жариялау үшін ұсынылған ғылыми басылымдар тізіміне енгізілді (ҚР БжҒМ журналының № 768 бұйрығы (ISSN 2306-5079), «Педагогикалық ғылымдар» бөлімі).
————-Мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасын жүзеге асыру аясында университет базасында 2018 жылдың сәуір айында Латын графикасы орталығы ашылды. Орталықта латын графикасын оқыту әдістемесі бойынша семинарлар мен мастер-кластар өткізіледі. Сонымен қатар, орталық базасында ҚР БжҒМ қаржыландыратын «Латын графикасына көшуге байланысты интерактивті оқу бағдарламаларын құрудың лингвистикалық негіздері мен мультимедиялық технологиялар» жобасы бойынша жұмыс жүргізілуде (жоба жетекшісі Г.Салғараева).
————-Университеттің соңғы онжылдықтағы басты қағидаттары – ашықтық және жоғары моральдық-этикалық мәдениет. Университеттің барлық қызметі осы қағидаларды қатаң сақтауға негізделген, бұл 75 жыл ішінде жоғары білікті және ізденуші мамандарды даярлауға, жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.
————-Бүгінгі таңда 6000 – ға жуық студент, магистранттар мен докторанттар оқитын Қыздар университетінің студенттер контингенті – орасан күш, бұл алдыңғы қатарлы, талантты жастар және еліміздің болашағы.
————-Бүгінгі таңда университетте 555 оқытушы жұмыс атқаруда. Оның ішінде 57 ғылым докторы, 215 ғылым кандидаты, 184 магистр. Университет бойынша оқытушылардың ғылыми дәрежесі 53,8 пайызды құрайды. 66 оқытушы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегерлері.
————-Университеттегі ғылыми зерттеу жұмысын 27 кафедра, әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеу институты, іргелі ғылыми-зерттеу орталығы, 3 ғылыми-зерттеу зертханалары жүргізуде.
————-Университет мамандандырылған (қараша, 2018), сондай-ақ Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінде (АРТА) институционалдық аккредитациядан (сәуір, 2019) өтті. Аккредиттеу қорытындысы бойынша 56 білім беру бағдарламасы аккредиттелді.

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.