Факультет тарихы

         Университеттің 74 жылдық даму тарихына көз жүгіртер болсақ, осы білім қара шаңырағында «Педагогика және психология» факультетінің алар орны ерекше екенін көруге болады. Арғы тарихты қазбалайтын болсақ, 1970 жылы тарих-педагогика факультетінің жанынан мектепке дейінгі бөлім ашылып, оның құрамына енді. Бұл факультетті бірінші болып тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Б.И.Искакова басқарды.

           Осы жылы факультетте мектепке дейінгі педагогика кафедрасы құрылып, кафедра меңгерушісі болып Б.И.Жаришева қызмет жасады. Осы тұста факультеттің алғашқы кезеңі жөнінде әңгімелей кеткен артық болмайды. ҚазКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1944 жылғы 15 тамыздағы Қазақ Мемлекеттік Қыздар институтын құру жөніндегі қаулысына сәйкес, тарих факультеті құрамында «Педагогика» кафедрасы құрылды. Кафедраның алғашқы меңгерушісі болып Ш.Қоқымбаев тағайындалды.

         Соның ішінде «Дене тәрбиесі» кафедрасы 1949 жылы жеке кафедра ретінде ашылып, оның алғашқы меңгеруші қызметін Мұзафар Рахымұлы Рахымқұлов атқарды.  Ал, психология кафедрасы дербес кафедра ретінде 1973 жылы құрылған. Алғашқы кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Е.С.Суфиев 1972-1976 жж. аралығында кафедра ұжымына басшылық жасады.  

        Факультет 1984 жылы мектепке дейінгі тәрбие факультеті болып қайта құрылып, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қ.А.Аймағамбетова оны 2000 жылға дейін жетекшілік етті.

        1984 жылы факультетте жаңадан мектепке дейінгі педагогика және мектепке дейінгі тәрбие әдістемесі кафедралары құрылды (мектепке дейінгі педагогика меңгерушісі қызметін профессор А.К.Меңжанова, мектепке дейінгі тәрбие әдістемесі кафедрасын биология ғылымдарының кандидаты Ж.И.Идрисова басқарған). 1994 жылы факультет құрамында алғаш рет «Педагогика және бастауыш білім әдістемесі» мамандығы ашылып, 2000 жылы факультет құрамындағы екі кафедра біріктіріліп, «Мектепке дейінгі және бастауыш білім» болып аталды.

          Заман талабына сай, 2001 оқу жылы факультет «Жаратылыстану және бастауыш білім», 2002 оқу жылы «Бастауыш және музыкалық білім» факультеті болып құрылды. 2003-2004 оқу жылынан бастап, болашақ тәрбиешілер мен мұғалімдерді даярлауды жетілдіру және педагогикалық-психологиялық ғылыми зерттеу жұмыстарының деңгейін көтеру мақсатында «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі», «Психология», «Педагогика және психология», «Дефектология», «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандықтары біріктіріліп, Педагогика және психология факультеті болып құрылды. 2005 жылдан факультет құрамына «Дене шынықтыру» және «Валеология» кафедрасы қосылды.

         Университеттің ұлағатты ұстаздар ұясы болып келген факультетте қазақтың майталман ғалымдары академик Т.Тәжібаев, А.Асылбеков, Е.Дайрабаев, Б.Искакова, А.Жұмаханов, Б.Жаришева, Е.Суфиев, И.Мадин, Д.Сейдуалиев, Қ.Рақымбеков, А.Темірбеков, С.Мусин, А.Меңжанова, К.Құнантаева, Қ.Аймағамбетова, И.Патапов, Ә.Алдамұратов, С.Аханова, Д.Иргалиева, Л.Керимов, Б.Юсупов, С.Ұзақбаева, А.Құсаинов, К.Қожахметова, С.Қалиев, Қ.Мендаяхова И.Исламкулова, Х.Шерьязданова, Ш.Таубаева, А.Рысбаева, Ш.Майғаранова, Т.Левченко, Т.Машенбаев, А.Ергалиева, Д.Бейсенов, Ж.Идрисова, С.Сартбаева, Ж.Исмаилова, И.Халитова, А.Манкеш, С.Тәжібаева, А.Акажанова, С.Жиенбаева, Д.Абдыкадырова, Ф.Жұмабекова т.б. сияқты шығармашылық әлеуеті зор, ерекше тұлғалар қызмет етті және қызмет етуде.

          Қазіргі кезде Педагогика және психология факультеті ТМД елдерінде жоғары бағаланып, толықтай мойындалатын оқытудың кредиттік жүйесі бойынша бакалаврлар мен магистранттар дайындайды. Факультетте мамандықтар бойынша күндізгі және сырттай бөлім студенттеріне қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде дәрістер жүргізеді. 

  

* * *

Миссия мен стратегия 

            Факультет миссиясы- педагогика және психология саласында жаңа тұрпатты мамандарды дайындау және ғылыми-әдістемелік, кәсіби іс-әрекетте көшбасшы болу.

 

* * *

Профессор-оқытушылар құрамы

         Профессор-оқытушылар құрамының жалпы саны 136, оның ішінде штаттық профессор-оқытушылар құрамының саны – 120, ол профессор-оқытушылар құрамының жалпы санының 82.2% құрайды. Факультетте ғылыми атақ-дәрежелері бар 54 штаттық оқытушы жұмыс істейді, оның ішінде 8 ғылым докторы, 44 ғылым кандидаты, доценттері, 2 РhD  докторлар мен 41 аға оқытушылар қызмет етеді. 2008 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласын бақылау комитетінің бұйрығымен құрылған университеттегі Д 146109 докторлық кеңесте факультетімізден бірқатар профессор-оқытушылар кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғады. «ҚР  еңбек сіңірген қайраткері» төсбелгісімен және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған профессорларымыз бар. Атын атап, түсін түстей кетер болсақ, олар – Қ.А.Аймағамбетова, Х.Т.Шерьязданова, С.Н.Жиенбаева, И.Ә.Абеуова, Г.А.Мұратбаева, С.С.Қоңырбаева, Бапаева М.Қ, Байназарова Т.Б  және т.б.

 

 

* * *

Халықаралық байланыс 

         Халықаралық стандарттар деңгейіне сай білім беру және кәсіби түлектерді дайындаумен қамтамасыз етуге үлкен үлес қосып келе жатқан бірден-бір факультет осы десек, мүлдем қателеспейміз.

         70 жыл тарихында факультет мамандықтары 5В010100 «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын және типтік бағдарламаларын, оқу құралдарын дайындауда жетекші жоғары оқу орыны ретінде танылды.

         Халықаралық байланыстың дамуы алыс-жақын шетелдегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Бүгінде Нигде университеті (Түркия), Мисисипи университеті (АҚШ), Мәскеу қалалық педагогикалық университеті, Санкт-Петербургтің психология және әлеуметтік жұмыстар университеті, А.И.Герцен атындағы Ресей мемлекеттік педагогикалық университетінің балалық шақ институтымен тығыз қарм-қатынас орнаған.

           «Болашақ» бағдарламасы бойынша А.И.Герцен атындағы Ресей мемлекеттік педагогикалық университетінің Балалық шақ институтынан К.Г. Ельшибаева, Э.В.Исхакова тәжірибеден өтіп келді. Соңғы жылдары алыс және жақын шетелдерде «Өрлеу» біліктілік арттыру ұлттық орталығы арқылы М.Бапаева, Л.Агеева, Г.Дербисалова, Ф.Асылбаева, Б.Қылышбай, М.Мырзатаева, Н.Бегалиева, Р.Исмаилова, Р.Алибаева, Ж.Бейсенбаева және т.б. мамандар біліктілігін арттырды.

          Факультет оқытушылары әдістемелік, ғылыми, тәрбие жұмыстарын белсенді түрде жүзеге асыруда. Оқу үдерісінде жаңа технологияны, оқытудың жаңа түрлері мен әдістерін енгізу, технологияны пайдалану, және республикалық олимпиадаларға, зияткерлік ойындарға қатысатын студенттерге мүмкіндік жасалып,   дұрыс жолға қойылған.  Профессор-оқытушылар мен студенттердің ғылыми жобалары халықаралық, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялардың жинақтарында жүйелі түрде жарық көріп отырады. 2013 жылы факультет жанынан университет студенттеріне арналған «Жан нұры» атты психологиялық орталық ашылды.

          Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚР Спорт және туризм министрлігінің гранттарымен, дипломдарымен және мақтау-мадақтау қағаздарымен марапатталып жүрген студентерімізде көп. Мәселен, Педагогика және психология факультетінде Дене шынықтыру және спорт мамандығының спорт шебері атанып, халықаралық турнирлерде (теннис, баскетбол, волейбол, еркін күрес) әлем, Азия ойындарының чемпиондары атанып жүрген студенттерімізбен мақтана аламыз.

            Біраз белсенді студенттеріміз Президент шәкіртақысы, Ы.Алтынсарин және Д.Қонаев атындағы шәкіртақылардың, Ректор грантының, облыс әкімі гранттарының, «Бөбек», «Бота» қорларының, республикалық, дүниежүзілік чемпиондар атағының иегерлері. Сонымен қатар, студенттердің республикамыздың жетекші оқу орындарында және шетелдерде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алуға мүмкіндіктері бар.

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.